Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалайық» деген тақырыптағы кезекті Жолдауы көпшілік тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстан Президентінің Жолдауында қоғам дамуының негізгі бағыттары қорытындыланып, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда негізгі құндылықтар – еркіндік, бірлік, тұрақтылық және өркендеу қалыптасты деп ерекше атап өтілді.
Нағима БАЙТЕНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым философиясы және дінтану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор.
Бағдат БЕЙСЕНОВ, философия ғылымының кандидаты, доцент.
Қазақстан Президентінің қазіргі Жолдауының негізгі ерекшелігі оның әлеуметтік бағыттылығы: біздің қоғамымыздың болашақ дамуы жеделдетілген экономикалық жаңғыртудың жалғасы болып табылатын – Үдемелі инновациялық индустрияландыру бағдарламасын іске асырумен бірге әлеуметтік модернизация, яғни білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді дамыту бағдарламаларымен қатар жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдау тапсырылды.
Тәуелсіздік алғанына биыл жиырма жыл толатын Қазақстан осы қысқа мерзім ішінде ішкі және сыртқы саясатында әлемнің дамыған елдері қызығарлық көптеген табыстарға қол жеткізді. Қазақстан Президентінің Жолдауында ерекше атап өткендей, «сыртқы саясатта біз бүкіл әлемдегі инвесторларға, бизнес-қауымдастықтарға міндеттемелеріміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететіндігімізді мәлімдеймін. Біздің саясатымыз барлық әріптестеріміздің үміттері мен күткендеріне сәйкесетін болады».
2010 жылы Қазақстан ТМД мемлекеттері, мұсылман дүниесі, түркі тілдес мемлекеттері және Азия құрлығы арасынан бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына сайланып, мәртебелі әрі жауапты төрағалық қызметті абыроймен атқарды. Әлемнің белгілі саясаткерлері мен қоғам, мемлекет қайраткерлері қазақ елінің ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметі міндетін ойдағыдай атқарды деп оң баға берді. Президент өзінің Жолдауында тағы да «Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шеңберінде бастаған жанжалдарды реттеу жөніндегі жұмысын жалғастырады» деп ерекше басып айтты.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық қызметіне кірісуіне орай үндеуінде ұйымға мүше елдер басшылығының жоғары деңгейдегі кездесуді шақыру туралы бастама көтерген еді. 2010 жылы тамыздың 3-інде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 57 елдің басшылығы бас қосатын аса ірі халықаралық ұйымның саммитін өткізу жөнінде түпкілікті шешім қабылдады. Қазақстан ЕҚЫҰ аясында төрағалық әрі Саммит шақырушы ел мәртебесіне қатар қол жеткізген тұңғыш мемлекет ретінде әлемдік саясат тарихында көрініп отыр. Қазақстанның ұйымға төрағалық етуі Қазақ елінің мәртебесін биіктетіп, Қазақстан халқының патриоттық сезімін арттырады. Қазақстан өңірлік және әлемдік деңгейлердегі интеграция мен ынтымақтастықтың ұйытқысы әрі дамытушысы (ТМД, ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ) болып табылады. Президент Жолдауында атап өтілгендей «мұның барлығы Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосқан маңызды үлесі болады».
Біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатындағы келесі елеулі оқиға еліміздің ЕҚЫҰ-ның төрағалық етуімен қатар осы жылы Ислам Конференциясы Ұйымына да (ИКҰ) төрағалық етуімен ерекшеленеді. Қазіргі кезде кең ауқымдылығы және маңыздылығы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орынды иемденетін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы құрылған болатын. Алғашқы кезде бұл ұйым Бүкіләлемдік ислам конференциясы (1926 ж.) деген атпен құрылып, кейін Ислам конференциясы форумы және Әлемдік ислам конференциясы деген атауларды да иеленген.
Ислам Конференциясы Ұйымы бүгінде 1,5 миллиард тұрғылықты халқы бар 57 мемлекетті қамтиды және де жер бетіндегі барлық құрлықтарды, ең алдымен Азия, Африка, Еуропа және Оңтүстік Американы қамтиды. Бүгін әлемде жер бетіндегі барлық халықтардың бестен бір бөлегі исламды ұстанады және де ерекше атап өту қажет басқа дін өкілдеріне қарағанда исламда жыл сайынғы адам өсімі жоғары: мұсылмандар арасындағы жыл сайынғы адам өсімі 25 млн.адамды құрайды. Бұл дегеніміз мұсылман халықтарының жыл сайын 2,1% өсіп отырғандығын білдіреді, яғни жер бетіндегі жалпы халық өсімінің 0,4 пайызын құрайды деген сөз.
1969 жылдан бері қарай Ислам Конференциясы Ұйымы өзіне мүше елдердің саяси проблемаларымен қатар олардың әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени салаларына қатысты түйінді мәселелерді шешумен үнемі айналысып келеді. Ислам Конференциясы Ұйымы діни емес, халықаралық саяси ұйым ретінде әртүрлі халықаралық және мемлекетаралық саяси-әлеуметтік, рухани және мәдени мәселелерді шешуге бағытталған. Ұйымның ұстанған негізгі мақсаты – мұсылман елдерінің өзара қарым-қатынастарын тереңдете түсіп, олардың ортақ табиғи және адами байлықтарының сол елдердің өз мүдделеріне тиімді қызмет етуіне және тұрақты дамуына оң ықпал жасау және олардың әл-ауқаттарының артуын қамтамасыз ету.
Ұйымның бас хатшылығы Сауд Арабиясының Жидда қаласында орналасқан. Ұйымның жарғысы бойынша Бас хатшыны бес жылдық мерзімге Ұйымға мүше елдердің бірінен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі сайлайды. Қазіргі Бас хатшы Экмеледдин Ихсаноглу мырза бұл лауазымға 2005 жылдың бірінші қаңтарында бекітілген болатын. 2008 жылы өткен Ұйымның он бірінші саммиті Э. Ихсаноглудың бұл мандатын тағы бір кезеңге ұзартты. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары кезінде Президент Н.Ә.Назарбаевпен кездесіп, біздің елде “Орталық Азиядағы ислам өркениеті” деген тақырыптың аясында өткен халықаралық конференцияға қатысты. Э. Ихсаноглу Қазақстан мен Ислам Конференциясы Ұйымының арасындағы қарым-қатынастың кеңейе түсуіне үнемі атсалысып келеді. Ол Қазақстанның 2011 жылы аталмыш Ұйымға төрағалық етуіне байланысты көтерілген ұсынысты да бірден қолдады.
Зайырлы, демократиялық мемлекет ретінде Қазақстан бүгін ислам өркениетінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Халқының саны жағынан әлемде 62-орында тұрған Қазақстан мұсылман әлемінде 23-орынды иеленсе, жер көлемі жағынан олардың арасында бірінші орында.
Қазақ тарихының мұсылман әлемімен ғасырлар бойы сабақтас және халқымыздың рухани мәдениетінің ислам өркениетімен ежелден тамырлас екені ешбір дау туғызбайтын шындық. 1995 жылдан бері ИКҰ-ға мүше мемлекет ретінде Қазақстан әруақытта да бұл Ұйымның атқарып келе жатқан іс-шараларына белсене араласып, оның әлем қауымдастығы алдындағы беделінің өсуі мен ислам әлемінің абыройлы форумы ретінде бұдан былай да нығая беруіне атсалысып келеді. Олай болғанда, 2011 жылы осы беделді ұйымға басшылықтың Қазақстанға өтуінің жер жүзіндегі мұсылман қауымдастығы тарапынан біздің елге деген үлкен сенімі мен қолдауы деп қабылдаған жөн.
2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ететін Қазақ елі Ислам әлемінің халықаралық қауымдастық елдері және дүниежүзілік ұйымдарымен серіктестік пен ынтымақтастықты тереңдетіп, ұйымға мүше елдердің сауда-экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық салада өзара іс-қимыл деңгейін жақсартуға қол жеткізу, ИКҰ мүше елдерінің мәдени гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы аясында ИКҰ халықтары мәдениетінің жетістіктері және спорт ойындары жарыстарын, сондай-ақ дін және мәдениет қайраткерлерінің форумын ұйымдастыру, білім алуға еркін қолжетімділік, біріккен ғылыми жобаларды жасау, экономикалық салада мүше елдермен кадрлар алмасу, барлығы үшін тауарлардың, қызмет көрсетудің, қаржы, банк және сақтандыру, валюталық реттеу нормаларын үйлестіру, әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы іс-шараларды атқару, еларалық тауар айналымдарын біріздендіру мен ұлғайту, кедейшілікпен күрес, энергетикалық ресурстары мен шикізат көздерін тиімді пайдалану, бірлескен ғылыми-техникалық бағдарламалар және инновациялық жобаларды жасау, жоғары технологиялар мен ғылым жетістіктерін ортақтасып пайдалануға мүмкіндік жасау, саяси салада – жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ынтымақтастық пен серіктестікті нығайту мен дамыту, ИКҰ мүше елдердің ЕҚЫҰ, Еуропалық қауымдастық, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығы, Африкалық бірлестік ұйымы сынды басқа да беделді аймақтық халықаралық ұйымдармен тәжірибе алмасу ісін тереңдетуді көздейді.
Ұйым жауапкершілігіндегі аймақта туындауы мүмкін жаңа қауіп- қатерлердің алдын алатын шараларды іздестіру шиеленісті жағдайларда үнқатысу мен бітімге келу жолдарын іздестіру, дау-дамайларды бейбіт жолмен шешу жолында мүше елдердің күш-қайратын тиімді жұмсау, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайды реттеудің оңтайлы әдістері мен салиқалы шешімдерін табу.
Ауғанстан, Қырғызстан және аймақтағы басқа да әлжуаз елдерге гуманитарлық көмек көрсету және олармен сауда, экономикалық, гуманитарлық ынытмақтастықты дамыту жөнінде іс-шаралар ұйымдастыру бұдан былайғы кезде де біздің мемлекетіміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі болатындығын Президентіміз өзінің Жолдауында тағы да басып айтты.
ИКҰ төрағалығы еліміздің Шығыс пен Батыс арасындағы сұқбаттастықты дамытуда алатын орны мен рөлінің маңыздылығын көрсетеді. Қазақстан ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты байланыстырып отырған. Біз бұл дәстүрді жай ғана сақтап қалған жоқпыз, оны жаңа бір деңгейге көтере алдық. Оның жарқын бір айғағы болып мемлекетімізде біздің Президентіміздің тікелей басқаруымен жасалып жатқан іс-шаралар. Қазақстанның бір мезгілде өте беделді екі халықаралық ұйымда, белгілі бір мағынада Шығыс пен Батысты білдіретін ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төрағалық етуі шын мәнінде өркениеттер сұқбатын, әлемдік діндер сұқбатын дамытудағы тарихи миссиясын орындауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнде бұл орындалатын және өте жауапты іс-шара болып табылады, себебі, аталған екі халықаралық ұйымның алдында бір мақсат – қауіпсіздік және ынтымақтастық, әлеуметтік экологиялық мәселелерді шешу, жеке адам құқығын қорғау және әртүрлі ксенофобия мен исламофобия көріністерімен күресу, мұсылман халықтарының мұсылман емес елдерде бейімделу мәселелерін шешу.
Астанада алғаш рет 11 жыл үзілістен кейін жоғарғы деңгейде өткен ЕҚЫҰ саммитінің қорытындысы негізінде «Қауіпсіздік қауымдастығына бетбұрыс» Астаналық декларация қабылданған болатын. Аталған Декларация тағы да өзінің ЕҚЫҰ мен БҰҰның Жарғысының негізінде жатқан Хельсинки қорытынды актісінің нормалары мен принциптерін толық ұстанатынын тағы да дәлелдеді. Мүше мемлекеттердің қарым-қатынасын реттестіруде Астаналық декларация кезінде Хельсинки қортынды актісінде қарастырылған 10 қағидатқа негізделеді: тәуелсіздікке негізделген теңдік, суверенитетке тән құқықтарды сыйлау, күш көрсетпеу, шекараның бұзылмастығы, мемлекеттердің территориялық тұтастығы, дау-жанжал мәселелерін бейбіт жолмен шешу, ішкі іске араласпау, адам құқығын және еркіндігін, ой және ар-ождан еркіндігімен қоса діни сенім мен еркіндігін мойындау, халықтар теңдігі және өз тағдырын айқындаудағы құқылығы, мемлекет арасындағы байланыс, халықаралық құқық бойынша алынған міндеттемелерді ұқыпты орындау.
Сонымен қатар, ерекше назар аударатын мәселе, Астаналық саммит ЕҚЫҰ дамуының жаңа векторын: еуразиялық бағытын негіздеді. ЕҚЫҰ саммиті өткенен кейінгі баспасөз мәслихатында берілген Қазақстан Президентінің мәлімдемесі бойынша, еуропалық және азиялық қауіпсіздік мәселелерін бір-біріне байланыссыз шешу бүгінгі күнде мүмкін емес. Елбасының пікірінше, бұл форум тарихқа енеді, себебі осы Астаналық саммитте Еуропа мен Азияны бөліп, онсыз да құлайын деп тұрған бекіністі алып тастаудың тарихи үрдісі іске асты. Президенттің пікірі бойынша 1990 жылы жаңа Еуропа үшін қабылданған Париж хартиясына байланысты күрделі және қарама-қайшы кезеңге шек қойылды. Астаналық саммит Хельсинки мен Парижден кейінгі үшінші жаңа бір кезеңнің басталуына негіз болды. Президенттің айтуы бойынша Хельсинки рухы жаңа тарихи жағдайда Астана рухымен байытылды. Елбасы пікірі бойынша қайтадан жаңғырған өзара түсіністік және келісім рухы қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне төтеп беруге, біздің халықтарымыз үшін өмірлік маңызы бар мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік береді. Астаналық саммиттің келесі бір ерекшелігі ЕҚЫҰ қызметінің жаңа бағыты еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік мәселелерін шешу арқылы Еуропа мен Азияның арасындағы интеграциялық процестердің нығаюына негіз болады. Әрине, ешбір күмәнсіз, ЕҚЫҰ-да Қазақстанның төрағалық етуінің нәтижесі ұйымның дамуына негіз болған жаңа еуразиялық бағытты енгізе алуында, сол арқылы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа кеңістігі жасалды. Осы қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың жаңа кеңістігінде екі ең беделді халықаралық ұйымдарда Қазақстанның тікелей қатысуымен ЕҚЫҰ мен ИКҰ бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік жасалып отыр.
Қазақстан төрағалық қызметінің мақсаты – әлемдік және өңірлік деңгейде ИКҰ беделі мен әлеуетін арттыру, халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты сақтау мен дамытуда Ұйымның әлеуетті тетігін жақсарту мен нығайтуға жұмылдыру. Ұйым қызметін жаңа жағдайға сай жаңғырту дегеніміз – адам өмірін ардақтау құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, діни төзімділік пен адамзатқа ортақ құндылықтарды ұлықтау, экономикалық дағдарыстарды болдырмаудың жолдарын шешу, бейбітшілік пен тұрақтылық, қауіпсіздікке қол жеткізу.
Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық қызметінің басымдықтары мен көкжиектеріне бүгін әлем жұртшылығы үшін маңызды мәселелер кіріп отыр. Атап айтсақ, лаңкестік, сепаратизм, ксенофобия, исламофобия, есірткі саудасы, адам мен қару саудасы дүниежүзілік қауымдастық үшін ауқымды мәселелер болып отыр.
ИКҰ-на қазақ елінің төрағалығы осы өңірдегі демократиялық жаңғыруларға, гуманитарлық және экономикалық ынтымақтастыққа, өзара түсіністік пен әрекеттестікке жаңаша тың серпін беруі керек. Қазақстанның жаһандық және өңірлік ынтымақтастық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалуы Елбасымыздың салиқалы да көреген көшбасшылығының жемісі.