Халқымыздың болашағын болжаған дала данасы Асан қайғы бабамыз Баянауыл тауларын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам бір жұма тоқтап қалады», – деген екен. Расында да, жері қасиет пен құдіретке тұнған бұл мекенге келіп, тәу етпеген қазақ жоқ шығар, сірә…
Көне түркі дәстүрі бойынша жасалған кесене жобасын дайындауға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мамандары мұрындық болған. Сол кезде қазіргі облыс басшысы Ерлан Арын басқарған университет ғалымдары қолға алған жоба ежелгі түркі тайпаларының сәулет ерекшелігі, ислам дінінің өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Кесене зиратхана және көрхана атты екі бөліктен тұрады. Көрханада әулие бабамыздың жатқан жері, сандықтасы, құлпытасы қойылып, шамшырағы орнатылған. Әрбір бөліктің көлемі – 8/8 шаршы метр, ал кесененің биіктігі 14 метр болады. Салмағы 9,5 тонна болатын құлпытасы мен сандықтасы мәрмәр тастан жасалған. Айшық темірлері әрленіп, алтынмен жалатылған. Кесененің кіреберісінде Құраннан аяттар жазылған.
http://www.alashainasy.kz/society/35723/
Мәшһүр Жүсіп Көпеев – ақын, қазақ ауыз әдебиетін жинауда зор еңбек еткен оқымысты, әдебиетші. Оны қазақтар, әсіресе, арқалық ағайындар белгілі дәрежеде әулие тұтады. Тұтса тұтқандай да. Көзінің тірісінде туған-туысқандарын, жақын-жұраттарын жинап алып, өзіне-өзі ас берген бірден-бір қазақ, меніңше, осы, Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Жасарын жасап, асарын асап тірлік дәмін біраз таттым ғой дегендей ақын атамыз жетпіс екіге келген соң көктемнің көрікті бір күндерінде елдің басын косып, сонда өзі сөйлейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынау: «Уа, халайық, мен бүгінде жетпістің екеуіндемін, қазір мен балталаса да өлмеймін. Ал келер жылы пайғамбардың өзі арнайы келіп қалқаласа да тірі қала алмаймын! Бұл менің асым. Амандық болса, бір жыл өткен соң дүние саламын!» – дейді. Жұрт не дерін білмей, тарап кетеді. Сонымен сол жазда Мәшһүр Жүсіп жарықтық кесенесін тұрғызады. Асты – кең көр, өзінің о дүниелік орны. Екінші қабатында, едені тақтайланған әп-әдемі бөлмеде жалған дүниеге лайық жиһаз-мүлік. Кітапханасын да сонда көшіріп әкелген. Бір жылың да өтеді. Кешегі асына шақырылған ағайындарға Мәшһүр Жүсіп қайтыс болды деген хабар да жетеді. Ел-жұрты жиналып, арулап көмеді. Көміп қана қоймайды, өзінің айтып кеткен ақыл-кеңестері бойынша бальзамдайды. Кейін бұл жер кішкене Меккеге айналады. Жұрт сонда келіп құран оқиды, мінәжат қылады, жаратқаннан перзент тілейді. Әсіресе ауру-сырқаулар, мүгедектер үлкен сеніммен барады. Ал Кеңес өкіметі ондай оғаш әрекетті ұната қоймайтын… Шыдамы таусылған облыстық партия комитетінің бір хатшысы аудандық партия комитетінің бір басшысына телефон соғып, Мәшһүр Жүсіптің кесенесін құрту жөнінде нұсқау береді. Аудан басшысы бұл шаруаны милицияға тапсырады. Бірақ бұйрықты беру бар да орындату бар ғой. Ал орындау әрқашанда қиындау. Карапайым халық әулие тұтқан аруағына қол көтеруші ме еді?! Көтермейді! Қазақ атаулы ат-тондарын ала қашады. Амалдары таусылған милиция жергілікті жұрттың тарихымен, әдеп-ғұрпымен мүлдем таныс емес бір келімсек тракторшыға ақшасы мен арағын қоса беріп өтініш жасайды. Басы ауырғанда Мәскеуді өртеп жіберуге дайын жүретін ағайын бірден көне кетеді. Ағаштан қиып тұрғызған шағын кесене трактордың тегеурінін қайдан көтерсін, қисайып барып құлайды. Жұрттың айтуы бойынша, содан кейін әлгі тәуекелшіл тракторшы жынданып ауырады. Оған тапсырыс берген милиция бастығының аузы қисайып кетеді.