Бүгінде «әминге» байланысты талас-тартыс күшейіп барады. Негізінде төрт мәзһабтың басында тұрған ғұламаларымыз, мужтаһидтар барлығы бір ауыздан намазда «Фатиха» сүресінен соң «әминді» айтуды сүннет деп келіскен. Ал, оны қалай айтуға байланысты екі жолды ұстанған.
Шафиғи мен Ханбали мәзһабының ғұламалары «әминді» дауыстап айтуды, Ханафи мен Мәлики ғұламалары «әминді» іштей айтуды абзал санаған. Себебі, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят етілген хадистерде екеуіне де дәлел бар. Кейін әрбір тарап өзінің не үшін мұны абзал санағанын түсіндіру мақсатында өз дәлелдерін келтірген және екінші жақтың дәлелдеріне де өз пікірлерін білдірген.
Тақырыпқа кіріспес бұрын айтып өткеніміз абзал болар, төрт мәзһабқа да өз құрметімізді білдіреміз. Олардың ешқайсыларына сәл болса да бір орынсыз пікір немесе соған ұқсас сөздердің орын алмауына мүдделіміз. Өткен ғұламаларымызға құрмет көрсету біздің борышымыз.
«Әминді» дауыстап айтуға келіскендердің дәлелдері
Бірінші дәлел:
Имам Бухари Әбу Һурайрадан (р.а) риуаят еткен хадисте:
Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Әмин деңдер. Өйткені, кімнің айтқаны періштелердің айтқанымен тура келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.
Имам Шафи мен имам Ханбали және олармен пікірлестер осы хадиске сүйеніп: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) имам «әмин» десе бізге де «әмин» деуімізге бұйыруда, ендеше біз де «әмин» деуіміз керек», –дейді.
Ал, «әминді» іштей айтуды құп көретіндер ханафилер мен мәликилер. Олар: «әмин» деп айту өте дұрыс, сол үшін бізде солай айтамыз. Бірақ, бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «әминді» дауыстап айтыңдар деп тұрған жоқ ғой. Сондықтан, бұл хадисті «әминді» дауыстап айтуға дәлел ете алмайсыздар»,– дейді. Расында бұл хадис екі жаққа бірдей дәлел.
Екінші дәлел:
Имам Мүсілім Әбу Мұса әл -Ашғаридан (р.а) риуаят еткен:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге хұтба оқып, сүннет жайлы баяндады да: Намаз оқығанда сапқа тұрыңдар, араларыңнан біреуің имам болсын, ол тәкбір айтқан кезде сендер де тәкбір айтыңдар. Қашан имам «ғойрил мағдуби алайһим уәләддолиин» десе, сендер «әмин» деңдер. Аллаһ тағала қабыл етеді»,– деген.
Негізінде «әминді» дауыстап айту жайында бекітілген үкім жоқ екендігін аңғарамыз. «Әминді» іштей айтуды абзал санайтындардың пікірлері дауыстап айтуға дәлірек үкім болмағандықтан «әминді» дауыстап айту абзалырақ дегендердің пікірлерінен жоғары. Және осыған ұқсас бір – екі риуаяттар келтіреді.
Үшінші дәлел:
Хафиз Әбу Бишр әд-Дауалиби келтірген риуаятта Уайл ибн Хужр әл-Хазрами (р.а) былай дейді:
«Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) намазда болғанын көрдім, тіпті ол жағынан да, бұл жағынан да көрдім. Ол кісі «ғойрил мағдуби ъалайһим уәләддоооооолиин» деп қырағат етіп, даусын созып «әәәмииин» деді. Мұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын» – деді.
Ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) имам болып тұрып, әминді айтқандығын алға тартады. Бірақ бұл имамның артына тұрып намаз оқығандарға қатысы жоқ, бұл оған дәлел бола алмайды. Сонымен бірге хадисте «даусын созып айтты» дейді, дауыстап айтылды делінген жоқ. Әдетте имамның бірінші сапта тұрған кісілер еститіндей дәрежеде дауыс шығаруы бір нәрсені дауыстап айтуға жатпайды. Себебі, көп сахих риуаяттарда бірінші қатардағылар еститіндей дәрежеде дауыс шығарып оқылғаны айтылған. Бесін намазында дауыс шығарып қырағат етілмейтіні баршаға мәлім.
Екіншіден, тап осы хадистің Имам Ахмад, Әбу Дәуіт ат-Таиулуси, Әбу Иало әл-Мүсілім, имам Дора Қутни және Имам әл-Хакимдер келтірілген басқа бір риуаятта ол кісі: «ғойрил мағдуби ъалайһим уәләддолиинге»жеткендедауысын бірінші қатардағылар еститіндей дәрежеде төмендетіп, «әмин» деді», дегенді келтіреді. Демек, сол намазды дауыс шығарып оқу қажет болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Фатиха» сүресін дауыстап оқып болған соң, бірінші қатардағылар еститіндей дәрежеде ғана «әмин» деген. Оның үстінде Уайл Ибн Хужрдың (р.а): «Мұны бізге тәлім ретінде жасаған болар деп ойлаймын.» деген сөздерін дәлел етіп: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әминді айтқан болса да тәлім ретінде айтқан болар» дейді. Себебі, Уайл Ибн Хужр әл- Хазрами (р.а) иемендік басшы кісілерден болған, Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) естіп Мәдина қаласына өзі арнайы барады. Ислам дінін қабылдап, бір аптадай ғана Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында тәлім алып, намаз оқуды үйреніп, еліне қайтқан. Демек, қасында небәрі бір аптадай ғана болған.
Ең маңыздысы, әуелде айтып өткеніміздей Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әминді айтқан болса да имам болып тұрып айтқан. Сондықтан болса керек, қазіргі таңда: «Сүннет тұрғанда фикһтің не керегі бар?» дейтіндер «әминді» дауыстап айтуға жоғарыдағы риуаяттарды дәлел ретінде келтірмейді.
Сайд Сабиқ «Фиқһус-сүннә» кітабында:
«Намаз оқушы «Фатиханы» оқып болған соң әмин деуі сүннет. Дауыстап оқылатын намаздарда «әмин» дауыстап айтылып, дауысталмай оқылатын намаздарда іштей айтылады. Нуайм әл-Мужмирден риуаят етіледі: Әбу Һурайраның (р.а.) артында тұрып намаз оқыдым. Ол «Бисмилләһир рохмәнир рохим»деді, сосын «Фатиха» сүресін оқыды,уәләддолиинге жеткендеәмин деді. Адамдар да «Әмин» деді», – деген.
Сайд ас-Сабиқтың бұл сөздерін оның өзіне ұқсап амал ететін хадис ғалымдарының бірі Насриддин Албани бұл орынды емес екендігін айтып жауап қайтарады. Өйткені, бұл риуаятта дауыс шығарып айтылғаны дәлірек айтылмаған. «Риуаят етуші жақын тұрып, айтылған әминді есіткен болуы мүмкін» деген қорытынды шығарған.
Кейін Сайд Сабиқ:
«Ибн Зубайр және онымен бірге болғандар әминді айтқанда мешітте қатты дауыс шыққан»,– деген сөзді келтіреді.
Насриддин Албани бұған былайша жауап береді:
«Ілесушілер «әминді» дауыс шығарып айтулары жайында бұдан басқа дерек жоқ. Бұл толық дәлел бола алмайды. Өйткені, оны Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) дейін жеткізбеген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әминді дауыс шығарып айтқаны жайлы хадистер келсе де ол хадистердің біреуінде де сахабалар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) артында тұрып әминді дауыстап айтты деген сөз жоқ».
Шейх Насриддин Албани бұл мәселе жөніндегі берген түсініктемесінде имам Шафи де кейінірек әминді іштен айту абзал екендігін айтқаны жайлы және өзінің «Умм» атты кітабында: «Әминді дауыстап айтуды дұрыс санамаймын» деп жазғандығын келтіреді. Бұл басында әминді дауыстап айту абзал деген адамның кейінірек басқа дәлелдермен танысып шығып, өзінің алғашқы ойынан қайтқанын көрсетеді.
Бұл сөздер дәлелденгенімен алдыңғы ғұламалар басқа риуаяттарды да біртіндеп келтіріп, айқын түсіндіріп берген. Тіпті, мәтіндері бірдей болып қалған жағдайларда риуаят етушілердің қайсысы күштірек екендігі қарастырылған.
«Әминді» іштей айту абзал дейтіндердің дәлелдері
Ханафи ғұламалары әрбір үкімге Құран мен сүннеттен дәлел келтірген.
Бірінші дәлел:
«Әмин» сөзі – дұға болып саналады. Дұғаны қалай жасау керектігі жөнінде Құранда Аллаһ тағала былай дейді:
«Раббыларыңа жалбарынып, жасырын түрде тілеңдер. Күдіксіз ол шектен шығушыларды жақсы көрмейді» ( «Ағраф» сүресі, 55-аят) .
Осы аятқа байланысты әминді іштен айтуымыз керек.
Екінші дәлел:
«Әмин» сөзі Құран аяты емес екені барлығымызға аян. Оның үстіне арабша да емес. Ал «Әғузу билләһи минәш шайтонир рожим» – деген Құраннан және оны Құран оқығанда айту уәжіп. Сонда да «Әғузу билләһи минәш шайтонир рожимді» намазда ішімізден айтамыз. Олай болса не үшін әминді дауыстап айтуымыз керек?!
Үшінші дәлел:
Әбу Уайл (р.а.) риуаят етеді:
«Әли және Абдуллаһ «Бисмилләһир рохмәнир рохимді» да, «әғузуды да», «әминді» де дауыстап айтпайтын еді»деген.
Хазреті Әли мен Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) сияқты Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) әр уақыт бірге жүрген, өте ілімді сахабалардың әминді іштерінен айтулары да күшті дәлел саналады. Басқа бір риуаятта Омар да (р.а.) әминді ішінен айтып намаз оқығаны мәлімделеді.
Төртінші дәлел:
Намаз өте маңызды ғибадат . Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаз парыз болған күннен бастап әр күні жамағатпен оқыған. Егер сол кезде әминді дауыстап айту абзалырақ болғанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның ара жігін ажыратып беріп және еш күмән тумас еді. Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) өзі имам болып, кейде үйрету үшін бірінші саптағылар еститіндей етіп әмин дегенінен басқа ешбір дәлел жоқ.
Құрметті оқырман! Біз: «Әминді іштей айту абзал ма, әлде дауыстап айту абзалырақ па?», –деген мәселе бойынша бұрынғы ғұламаларымыздың сөздерін өте қысқаша түрде келтірдік. Екі жақтың да дәлелдерін сараладық. Ендігі санда мойынға мәсіх тарту мен рукуғ мәселесін қарастырамыз.
Талғат Сапанов,
Алматы Орталық мешітінің діни
сауат ашу курсының жетекшісі.