Сосын жақын жанашырларына (мейлі туыстары болсын, мейлі достары болсын) үйлену жайлы ойын білдіріп, көмектеріне жүгінуі қажет. Жанашырлары оған лайық қыз/жігіт тапқанда, оны алдымен сыртынан көргені дұрыс. Егер өзінің ойындағыдай болса, сонда барып жанашырларының араға түсуімен сол кісімен танысып, тілдескені дұрыс. Кездескен кезінде өзінің болашақ жарының бойынан көргісі келетін қасиеттерін, отбасылық өмір жайлы ойларын бүкпесіз айтып, қасындағы кісінің де ойларын тыңдауы қажет. Егер бір-бірі жайлы жетерліктей дәрежеде мәлімет ала алмаса, онда тағы да сөйлесу үшін бірнеше мәрте кездесулеріне рұқсат етіледі. Сондай-ақ, жақындарымен ақылдасқаны да жөн. Соңында бір шешімге келгенде, үйлену үшін әрекет етуіне болады.
Сұрақтың ішінде «біреуді ұнатып қалсақ не істеуіміз керек?» деген сауал бар. Енді осы сұраққа жауап беретін болсақ, әрине, адам баласында сезім де бар. Кейде еріксіз түрде біреуге көңілі түсуі мүмкін. Бірақ, мұндай жағдайда әрдайым сезімді ақылға жеңдіре білу керек. Тек соқыр сезімге берілмей, ақылымен жақ-жақты ойлану керек. Шынымен сезімге беріліп, ұнатып отырған жан сізге болашақ жар ретінде лайық па? Себебі, отбасын құру деген өміріңіздің соңына дейін сол кісімен бірге болуға ниеттену деген сөз. Сондықтан ақылға салып, бұл мәселені жақ-жақты ойлану қажет. Әрі бұл мәселе тек қана сізге қатысты емес, сол отбасында дүниеге келетін балалардың да жағдайын ойлауыңыз қажет. Хз. Омар әкенің міндеттері жайлы баяндаған кезде бірінше орында: «Әке, ең алдымен, болашақ ұрпағына ары таза, мінез-құлқы жақсы ана таңдауы қажет (яғни сондай әйелді жар етуі қажет)», – дейді. Себебі, баланың тәрбиесімен көбінесе ана айналысады. Сондықтан бұл жағына да көңіл бөлген абзал. Сол секілді, бойжеткендер де жігітпен танысқанда тек сезімге берілмей, бұл кісі өзіне қаншалықты жақсы жар, болашақ балаларына қаншалықты жақсы әке бола алатынын ақылға салып саралағаны жөн. Жан-жақты саралап, оның болашақта жақсы жар болатынына көзіңізді жеткізгеннен кейін ұнатқан адамыңызға сөз салып, үйленуге Ислам діні қарсы емес.
Алау Әділбаев
Дінтанушы, доктор Ph.D