Сұрақ: Егер адам намазға жығылса атын өзгертуі шарт па?
Жауап: Адамның имандылыққа бет бұрып, намазға жығылуына орай атын өзгертуі шарт емес. Әдетте атын өзгертетін адамдар бұрын-соңды басқа дін өкілі болып, сол орысша есімін мұсылманша қоюды мақсат тұтқан азаматтар екенін көріп жүрміз. Мұның дінде зияны жоқ. Мысалы, марқұм Валерия Порохова ислам дінін қабылдаған соң өзін «Иман» деп атады және сол сияқты т.б. Ал енді өзіміздің қаракөзді бауырларымыз әжептеуір қазақи есімдерін өзгертіп жатса, бұл енді өзінің еркі. Әйтпесе дін ислам оған қазақша есімін өзгертуін талап етпейді.
Дегенмен, осында айта кететін бір ескертпе бар: көп жағдайда жат ағымның ықпалына түскен інілеріміз қазақша аттарын өзгертуге құмартып тұрады. Бұрын ата-анасы азан шақырып қойған атын өзгертіп, өзіне басқа лақап есім алады. Мұны дінде «куня» (лақап есім) деп айтады. Мысалы, егер оның бұрынғы есімі Батырбек, Жолдас немесе сол сияқты т.б. қазақша есім болса, оны Абдулла, Сейфулла, Хамза іспетті есімдерге ауыстырады. Мұның себебін сұрасаңыз, олар «ахи бұл сунна» (бауырым, бұл сүннетқой) дейді. Қош, бұл сүннет. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) барлық сахабаға осылай есім бере берген бе?-деп сұрасаң білмейді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) барлық сахабаларға бұлай жаңа есім бермеген. Тек белгілі себептерге ғана байланысты кейбір сахабаларға жаңа ат берген. Мысалы, егер ол сахабаның бұрынғы есімі мазмұны жағынан өлімді (Өлімкелсін, Өліпқал), қарғысты (Қарғысатқыр, Қарғыснеме), боғауыз сөзді (Лағынетболғыр) немесе басқалар табынатын құдайының атын білдерсе ғана оларға жаңа есім берген. Қалған сахабалар сол өздерінің дәстүрі бойынша қойылған бұрынғы есімдермен қалды. Өйткені Ислам әрбір халықтың өз дәстүрі бойынша мәні мен мазмұны терең есімдерді жоққа шығармайды. Бұл Құдайдын әрбір халыққа берген ерекшелігі. Адам атауының мазмұны жамандықты, қарғысты, өлімді білдірмесе болғаны.
Алайда теріс ағым өкілдері осы жағдайды сүннат деп жамылып, қатарларына қосылғандардың барлығына (Әбу Мұса, Әбу Мариям, Халид, Хамза т.б.) лақап ат бергенді ұнатады. Сөйтіп бұл «сүннат» дәстүрі ақырында жасырынудың (конспирация) жақсы әдетіне айналды. Құжат бойынша есімдерін жасырып, ешкім танып қоймасын дегендей тек лақап аттармен таныла бастады. Өйткені олар ақырындап түрлі заңсыз әрекеттерге көшті. Сондықтан экстремизм немесе терроризм баптары бойынша істі болған немесе жазасын өтеп жатқан теріс ағым өкілдерінің әрбірінде діни лақап аты бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ