Жақында елімізде тарихи мәні бар үлкен жоба жүзеге асты. Анығын айтқанда аяқталды. Жоба барысында әлемнің ең беделді оқу орындарында оқытылатын 100 кітап қазақ тіліне тәржімәланды. Солардың арасынан біреуі көзіме оттай басылды. Ол – Эдуард Саидтың «Ориентализм» атты еңбегі. Оттай басылатыны қазақшаға аударылмай тұрып та қызығып, парақтаған едік. Осы жерде оқырманның санасында «Авторы кім? Кітап несімен құнды?» деген сұрақ тууы заңды.
Ғасырлар бойы Батыс әлемінің ғылыми ортасы мен қарапайым халқының Шығысқа деген танымын, көзқарасын қалыптастырып келген тұлғалар ориенталистер еді. Бірақ ХХ ғасырдың екінші жартысында ориентализмді қалыптасқан анықтамадан өзгеше сипаттап, аталмыш салаға байланысты ерекше толқу тудырған АҚШ-тағы Колумбия университетінің профессоры Эдуард Саидтың «Ориентализм» атты еңбегі жарық көрді. Еңбек жарық көре салысымен-ақ қоғамда үлкен қызығушылық тудырып, қысқа уақыттың ішінде әлемнің көптеген тіліне аударылып, маңдайалды білім ордаларында ғалымдардың талқысына салынып, үлкен шу тудырды.
Эдуард Саид – әдебиет сыншысы, музыканың майталман маманы, полиглот, ғалым. Ғалымның ориенталистік көзқарастарының негізін тереңінен білу үшін де оның өміріне назар аударған жөн. Өйткені ол Батыс әлемінің Шығысқа деген ұстанымын, ғұмырының жартысынан көбін Америкада өткізуі арқылы «Шығыс адамы» ретінде басынан өткерді.
Эдуард Саид 1935 жылы Иерусалимде христиан отбасында дүниеге келген. Бастауыш және орта білімін Мысырда ағылшын тілінде білім беретін отарлаушылардың мектебінде алды. Кейін Принстон мен Гарвард университеттерінде жоғары білімге ие болды. Университетте білім алып жүргенде жазғы демалысын Ливанға қоныс аударған отбасының жанында өткізіп, онда әдебиет, музыка мен философияны үйренетін.
Жоғарыда айтқанымыздай, Саидтың отбасы саяси баспана ретінде тұрақтаған Мысыр елінде Ұлыбританиямен байланысы бар арабтар буынын жетілдіру мақсатында ашылған Виктория колледжінде оқыды. Виктория колледжінде оқу орнына тән ережелер жазылған кітапшасы болатын. Кітапшаның алғашқы бетінде ең басты қағиданы білдіретін мына сөздер жазылған: «Білім ағылшын тілінде беріледі. Басқа тілде сөйлеген шәкірттер жазаланады». Бір қызығы колледждегі ешбір оқушының ана тілі ағылшын тілі емес еді. Ал ұстаздардың барлығы ағылшын болатын.
Ақырында ой-пікір, таным сәйкессіздігінен Эдуард Саид Виктория колледжінен шығарылды. Өйткені оның ағылшын ұстаздарымен жүргізген талас-тартыстары, басқа шәкірттерге қарағанда ерекше назар аудартатын. Кейін әкесі оны Массачусетстегі бір мектепке орналастырады. Алайда америкалық өмір салтынан бейхабар бозбала үшін ішікі арпалыстар кезеңі басталады.
Виктория колледжінде жақсы білім алғандықтан Массачусетстегі мектеп-интернатта 160 оқушылық топтың ең үздігі болды. Алайда, осы білім ордасында жүрегінде өмір бойы жара болып қалатындай жағдайды басынан өткерді. Оған қатысты «Әлемдер арасында» атты кітабында «Олар мені этикалық тұрғыдан кем көріп, төмен қабылдайтын. Мәселен, мектеп бітіру кешінде салтанатты ашылу және қоштасу сөзін сөйлеу мәртебесіне лайық көрмей, тізімнен алып тастады», – деп мұңын шағады.
Аталмыш еңбегінің басқа бір жерінде: «Шиеленістердің шешіміне байланысты палестиналықтар мен израильдіктерге қатысты семинарларда кездескен бостондық психолог ханым бір жолы телефон шалып, қалаға келіп менімен кездесуге рұқсат сұрады. Әлгі әйел табалдырықтан аттай бере өз көзіне өзі сенбеген кейіппен менің фортепианома қараған күйі «Демек шындығында да фортепианода ойнай алады екенсіз гой» деп артқа бұрылып, сыртқа шығуға бет алды. Осынша қысқа ғана кездесу үшін, сонша жерден келдіңіз бе деп таңырқап, ең құрығанда бір шыныаяқ кофе ішуді ұсынғанымда, уақыты жоқ екенін айтты. Оған қоса «Тек қана қалай өмір сүретініңізді көру үшін ғана келдім» деді.
Тағы бір жолы басқа бір қалада тұратын баспагер өзімен тамақтанбайынша кітабымды басу үшін келісім шартқа қол қоймайтынын айтты. Мен түкке түсінбей далмын. Көмекшісінен тамақтанудың не үшін сонша маңызды екенін сұрағанымда, бастығының дастархан басындағы әдебімнің қаншалықты деңгейде екенін көргісі келетінін айтты. Саид осылайша үнемі шеттетіліп, зиялы болғанына қарамастан «еркін ойлы» америкалық ғылым адамдарынан, ғылыми ортаның өзінде теперіш көріп өтті.
Христиан бола тұра, христиан Батыстан «шығыстық адам» ретінде шеттетіліп, ешқашан лайықты қатынас көрмегені жайлы тағы бірде былай деп ағынан жарылады: «Ағылшын мектебінің оқушысы ретінде ойлауға, сенуге тәрбиелене тұра, ағылшындар секілді болуға еліктесем де, бөтен екенімді біліп өстім. Бізді олардан тілдік, мәдени, ұлттық және нәсілдік ерекшеліктер бәрібір ажыратады. Дүниеге келе сала англикан шіркеуінде шоқындырылып, қауымға қабылданғаным ештеңені өзгерте алмады. Әңгіме талас-тартысты тақырыптарға келгенде «лас араб» әрі «англикан» болу – жан-дүниеңде үздіксіз ішкі соғыстың болуы деген сөз».
Ғалымның өмірінен келтірілген жоғарыдағы үзінділер Батыс пен Шығыс адамының арасындағы айырмашылықты, әсіресе Батыстың Шығысқа деген көзқарасын айқын көрсетеді. Діні бір бола тұра, Батыстан болмағаны үшін ғана қабылдамаған.
Эдуард Саидтың пікірінше, зиялы – қоғамда қалыптасқан белгілі бір жолға, ұранға, дәстүрлі партияның ұстанымына және қатаң қағидаттарға сай әрекет етуден жоғары тұратын тұлға. Сондай-ақ зиялы адам – біреу қандай партияға жақындық танытпасын, қандай өлкеден келмесін, негізін немен байланыстырса да әділдіктен қия баспаған адам. Алайда, Саидтың әріптестері бұл анықтамадағы тұлғалық қасиеттерге сай қатынас жасай алмады. Өйткені Саид «шығыстық» еді.
Ориентализм – Саид үшін бәрінен де бұрын Англия мен Францияның Шығысқа деген сезімі, қызығушылығы мен жауапкершілігі. Басқа елдердегі ориентализммен тікелей байланыстырмағаны үшін сынға да ұшыраса да ол – екі отарлаушы күшті XVIII ғасырдың бастарына таман үнді өлкесі мен Інжілде аты аталған Шығыстың жалғыз билеушілері ретінде көреді. Американың аталмыш өлкелерге жақын байланысы да, қалыптасқан көзқарастан өзгешеленбейді. Эдуард Саид Англия, Франция мен АҚШ-тан шыққан еңбектердің бәрін де ориенталистік еңбектер ретінде қарастырған.
Саидтың пікірінше, ориентализм – мәдениет, білім мен құрылымдардың кірісуімен қалыптасқан қарапайым бір тақырып немесе саяси сала емес. Сонымен қатар, Шығыс әлеміне қатысты ауқымды еңбектер мен кең таралған коллекциядан тұратын құрылым да емес. Қысқаша айтқанда, ориентализм – эстетикалық, ғылыми, экономикалық, әлеуметтанулық, тарихи және филологиялық мәтіндердің дәнекерлігіментүсіндіруге» тырысқан гео-экономикалық көзқарастардың жиынтығы.
Интелектуалдық тұрғыдан аса абыройлы сала болмаған ориентализм – Саидтің көзінде «өзгеге» деген қорқыныш, бұрыс бағыт-бағдар беру, қауіп пен күмәндар шоғырланған құрылымды құрайды. Бұл жердегі «өзге» деп отырғанымыз – ислам, арабтар және бүкіл Шығыс әлемі. Саид Шығыс әлемінің романдарда, фильмдерде, деректі фильмдерде, тіпті университеттерде жағымсыз әрі жаман бейнеде көрсетілгенін жазады.
Эдуард Саидтің айтуынша, маңызды миссиясын жете түсінген ориенталист – Шығысқа қатысты жасырын және айқын барлық нәрселерді зерттейтін, анықтайтын және еліне таситын адам. Бұл алғышарттардан шығатын қорытындыға сай, оның пікірі мен көзқарастарын назарға алмай Шығыстың құпияларын зерттеу мен анықтау мүмкін емес. Ориенталисттің жол көрсетуінсіз – Шығыстың хикаяларын, ертегілерін, аңыздарын, тілдерін, фольклорін, сенімін, дінін, салт-дәстүрі мен тұлғасын тани алмайсыз.
Саид Шығыстың бірқатар өлкелері мен өмір сүру салтына қатысты зерттеу жүргізген кісілерді гуманитарлық салалардың маманы ретінде қабылдаудың дәстүрге айналғанын айтады. Оның пікірінше, Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін ориенталист – «үлкен ұстаз» ретінде құрметтелген. Бұл қадірлі мамандар Шығыс жайында әртүрлі анықтама бере алатын құқыққа ие болатын. «Ориенталист» деп аталған бұл ғалым аса күрделі салаларға кірместен, мәселен тек араб тілі грамматикасы немесе үнді діндері жайында тұжырым айтса да бұл әрекет Шығыс жайында, тіпті бұл елдердің барлығына қатысты жорамал айтуға мүмкіндік беретін.
Эдуард Саид ориентализмді – жасырын және ашық ориентализм деп екіге бөлді. Оның пікірінше белгісіз және тиісуге болмайтын ориентализм – жасырын, ал Шығыс қоғамын тілін, әдебиетін, тарихын, т.б. салаларды қамтығаны – ашық ориентализм.
Батыста өмір сүрген Эдуард Саид – алғашқы білімін, саналы ғұмырында танытуға, зерттеуге және түсінуге тырысқан отар елдердің білім ошақтарында алған. Бұл жағдай оған аталмыш елдерді жақын тануына мүмкіндік берді. Саид пен ориенталист ғалымдар бір-біріне қарсы тарапта болды. Ол ориентализмді тануға және сараптауға кіріскенде «өзгелер» де оны жақыннан тануға тырысты. Шығыстанушы болмаған интеллектуал өмірлік шарттардың нәтижесінде Шығыс әлеміне қатысты бұрын-соңды болмаған ерекше таныммен зерттеу жүргізді.
Заңғар ғалым отарланған өлке тұрғындарының тартқан азаптарын, қиыншылықтары мен нәубеттерін дәл сондай бейнеде отарлаушылардың елінде барлық қырынан басынан өткерді десек те болады. Сүргінде жүрген жат жұрттық болуды ешқашан қаламаса да, өмір сүрген, ортасы оған бұл «рөлді» пешенесіне жазылған тағдыры ретінде көрсетіп отырды.
Ернар ЕСІМҚҰЛОВ,
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Дінтану кафедрасының аға оқытушысы
keremet!