Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысы бойынша оңалту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың барысы туралы Шығыс Қазақстан облысының дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Ернат Қыдырмоллаұлы «Kazislam» порталына сұхбат берді.
– Ернат Қыдырмоллаұлы, өзіңізге белгілі, «Жусан» операциясы аясында Сириядан Қазақстан азаматтары оралды. Қазіргі таңда террористік аумақтардан оралған адамдармен, оның ішінде балалармен де жүйелі түрде оңалту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы оларды қоғамға толыққанды қайта бейімдеу мүмкін бе?
– Қоғамға толыққанды қайта бейімдеу мүмкін болмаса, мемлекет «Жусан» операциясын жүзеге асырмас еді. Сириядағы соғыс ошақтарынан оралғандардың көпшілігі терактілерге қатысы жоқ әйелдер мен балалар. Қыл аяғы олар өз азаматтарымыз ғой. Мемлекет Ата Заң бойынша өз азаматтарын қорғауға тиісті. Азғырушыларға еріп, Шамға аттанған азаматтардың қылмысына, қазақы менталитет тұрғысынан қарайтын болсақ, әйелдері мен балаларының тікелей қатысы жоқ деп ойлаймын.
Әрине, оларды күнәсіз, қылмыстарға түк қатысы жоқ деуден аулақпын. Оны арнайы органдар тексере жатар. Дегенмен, Сирия сергелдеріңінде әйел азаматтардың күйеулері немесе көк өрім жас балалардың әкелері оққа ұшып, қайтыс болғаннан кейін олар панасыз һәм қараусыз қалды.
ДАЙШ-тың қанқұйлы жүйесінде қараусыз әйелдер мен балалар құл саудасының негізгі тауары. Оларды осы пәлекеттен құтқару үшін мемлекет тәуекелге бел буып, ондағы әйелдер мен жас балалаларды арнайы құтқару операциясын жүргізіп, елге алып келді.
Оңалту арқылы оларды қоғамға қайта бейімдеуден үміттіміз. Оған біршама уақыт керек деп ойлаймын. Бұл іске теологтар мен психологтар, әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар тартылуда. Бұйырса, бейімделеді деп ойлаймын.
– Жалпы, азаматтардың жылдам радикалдануына не себеп?
– Діни радикалданған ұстаздар өз ұстанымдарымен сәйкеспейтін мемлекет саясаты мен дәстүрлі үрдістерді ашықтан ашық сын тезіне алады. Зайырлы құндылықтарды діни тұрғыда терістеп, оны алмастырушы балама бақыт жолы ретінде – өз ілімдерін насихаттайды. Олар көбіне-көп заңды ұйым емес, сауда орындарында, спортшылар мен журналистер және өзгеде әртүрлі ортада топ болып құрылады.
Сол себепті, қауіпсіздік органдары олардан келетін қатерді қаперге ала бермейді. Бірақ, діни радикалдар дәстүрлі қоғамды сынай отырып, өз жақтастарын оқшаулаға тырысады. Осылайша, дәстүрді құндылықтардан бөлінген, ой-санасы тұмшаланған жақтастарының қарасын көбейтеді.
Діни радикалдар өз идеологиясын насихаттау барысында әлеуметтік мәселелерді құрал етіп пайдаланады. Қоғамда орын алып жатқан теңсіздік пен сұрықсыз көріністерді һәм діни дүмшелікті өткір түрде айыптаудың арқасында таяз ойлы адамдардың сүйіспеншілігіне бөленеді.
Оларға ерушілер үшін радикалды діни ілім әділеттілікті қалпына келтіретінтей болып көрінеді. Әлеуметтік-психологиялық күйзеліске түскен азаматтар өздерін турашыл етіп көрсеткен діни радикалдарға алданып қалады.
Діни радикалдардың өз жақтастарының санын арттырудағы әдістері көп қырлы болып келеді. Әрбір кеңістіктің діни танымы мен әлеуметтік ахуалының әртүрлі болуына байланысты олар өтімді әдіс-айлаларға жүгінеді. Жалпы, олар өз ілімдерін алдын-ала жасалған кешенді жоспар негізінде насихаттайды.
Діни радикалдардың айла-әдісінен халықты БАҚ арқылы хабарлап, сақтандырып отырсақ, бұл мәселенің алдын алуға болады.
– Радикалдарды райынан қайтарудағы мақсат оларды қоғамға қайта бейімдеу ме, әлде дәстүрлі исламға өткізу ме?
– Діни ұстанымы теріс азаматтар дәстүрлі исламға өтсе, олардың қоғамға қайта бейімделген болып есептеледі. Бірақ, біздегі оңалту орталықтары діни миссионерлік ұстанымнан ада. Олар діни мәселеде бейтараптық танытады.
Десе де, оңалату орталықтарының теологтары теріс діни ұстанымдағы азаматтарды райынан қайтару барысында оларды дінсіз болуға шақырмайды. Егер, дінді ұстанғысы келсе, балама діни ұстаным ретінде – дәстүрлі ислам бағытын нұсқай алады. Сол себепті, дәстүрлі ислам мен қоғамға қайта бейімделуді бір-бірінен бөліп қарамаған жөн.
– Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеушілерге қатысты дерадикализация жұмыстары мен қоғамда жүрген шетін көзқарастағыларды өз ұстанымдарынан қайтарудың қаншалықты айырмашылығы бар?
– Мазмұн тұрғысынан алғанда, түзету мекемелерінде жазасын өтеуші діни радикалдар мен қоғамдағы шетін діни көзқарасты ұстанушыларды райынан қайтаруда үлкендей айырмашылық жоқ. Айырмашылық оларды райынан қайтаруда қолданатын әдістерде.
Түзету мекемесіндегі азаматтардың еркіндігі шектелгеннен кейін олармен теологтардың әрдайым жүздесіп отыруына кедергі жоқ. Мекеменің ішкі ережесін сақтай отырып, оңалту орталықтарының қызметкерлері белгіленген уақытта олармен сұқбат жасай алады.
Қоғамда еркіндікте жүрген діни шетін көзқарасты ұстанушыларға келер болсақ, олармен кездесу ұйымдастыру – қиямет қайым десем асыра айтқандық емес. Теріс бағыттағы діни ұстаным иесін мәжбүрлеп теологтармен жолықтыра алмайсың.
Діни мәселелердің тиянақты жауабын білгісі келетін азаматтар теологтармен кездесуге құмбыл тұрады. Өкінішке орай ондайлардың қарасы аздау. Ал, санасы тұмшаланған радикалдар кездесуден тайсақтап жүреді. Сол үшін екі тарап үшін де ыңғайлы уақыт таба білу керек.
Қоғамда еркіндікте болған соң олар теологтардың діни уәждерін өз ұстаздарының айтқандарымен салыстырып, әуреге түседі. Бірақ, діни радикалдардың көпішілігі өз ұстанымдарын өзгертпес үшін біздің теологтардан дәріс алудан барынша қашқақтайды.
Бұл мәселені ұзын арқау, кең тұсауға салмас үшін жергілікті құқық қорғау органдарымен үйлесімде жұмыс істеу керек секілді. Сонда, оңалту жұмыстары дер кезінде жүзеге асады деп ойлаймын.
– Шығыста дерадикализация жұмысы қалай жүріп жатыр? Оңалту жұмыстары өз нәтижесін беріп жатыр ма?
– Әрбір өңірдің өзіндік локальді ерекшеліктері бар. Шығыстағы исламның қал-ахуалын түсіндіру үшін өткен ғасырларға назар салмай тұра алмаймыз. Патшалық Ресей дәуірінде Шығыста біршама діни мектептер болған. Атап айтар болсақ, бір Семей қаласының өзінде 7 бірдей медресе жұмыс істеген. Зайсанда атақты Қазақия және Ғизатия медреселері, Шыңғыстауда Ескітам медресесі, одан өзге Көкпектіде, Мақаншыда да ірілі-ұсақты діни оқу орындары, сондай-ақ, ірі елдімекендер мен ауыл-ауылдарда орналасқан мешіттер халыққа қызмет еткен.
Кеңес үкіметінің орнауымен Хақ діннің насиқатталуына тиым салынып, аталмыш мешіттер мен мектептердің жабылғандығы баршаға белгілі. Дегенмен, ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде мұсылмандардың күш-жігерін жеңіс үшін сәтті пайдаланғысы келген генсек Сталин 1943 жылы САДУМ-нің құрылуына жағдай жасап, оның төрағасы Ишан Бабахан Абдулмаджидхан сайланса, Қазақстан қазиятын басқаруға біздің жерлесіміз, Шығыстың тумасы Абд әл-Ғаффар Шамсудинов тағайындалған болатын.
Абд әл-Ғаффар Шамсудинов САДУМ құрылғанға дейін де Өскемендегі орталық мешіттің бас имамы қызметін атқарған еді. Ол Қазақстан қазияты басшылығын 1952 жылы Сәдуақас Ғылманиге тапсырып, қайтыс болған 1957 жылға дейін де Өскемен орталық мешітінің бас имам қызметін атқарған. Яғни, Шығыс бұрын келімсектер көп орналасқан аумақ саналғанмен, мұнда Хақ діннің жалаугерлері аз болмаған.
Қазаққа шариғат айтқан – Құнанбай, зар-заман дәуірінде халықтың иман шырақшысы болған – Дулат Бабатайұлы, ғақлият тәмсілдерін өнеге қылған – Хакім Абай, ар ілімін ұлықтаған – Шәкәрімнің Шығыстан шығуы, әлбетте біз үшін үлкен мәртебе. Осы ұлылар шыққан өңір болғандықтан шығар, тәуелсіздіктің таңы атысымен Шығыста халықтың ислам дінін ұстануға деген ынтасы арта түсті.
Бүгінгі таңда ҚМДБ-ның Өскемен және Семей өкілдіктеріне қарасты ШҚО-да 208 мешіт бар. Оған қоса Құран жаттау және сауат ашу курстары жұмыс істейді.
Дерадикализация бағытында жылына бірнеше рет республикалық, өңірлік конференциялар мен семинарлар өткіземіз. Елімізге белгілі М.Исахан, С.Тәжібаев, А.Томантаев және т.б. теологтар ШҚО-да діни оңалту жұмыстарына тартылған.
Өскемен мен Семей қалаларында халық тығыз орналасқандықтан, бұл жерлерде жат діни ағымның өкілдері баршылық. Бірақ, Қазақстанның өзге аймақтарымен салыстырғанда, ШҚО-да діни радикалдар саны әлдеқайда аз.
Бірақ, есесіне ШҚО түзету колониялары көп орналасқан аймақ. Бізге ауыр жүк болып отырған осы түзету колонияларындағы оңалту жұмыстары. Оны да жоғарыда аты аталған теолог-мамандардың біліктілігі арқылы біртіндеп шешіп жатырмыз.
– Сұхбатыңызға рахмет. Жұмыстарыңызда тек сәттілік болғай!