Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын енгізу қажеттігі атап өтілді. Комитет оны тиімді іске асыруға белсенді қатысты.
Аталған стратегиялық тапсырма Президенттің 2020 жылғы тамыздағы Жарлығымен бекітілген «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында» өз көрінісін тапты.
Тұжырымдаманың күтілетін нәтижесі ретінде «Халық үніне құлақ асатын Мемлекет» қағидаттарын – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасында кері байланысты қалыптастыру үшін азаматтардың сындарлы сұраныстарына жедел әрі тиімді ден қою моделін енгізу болып табылады.
Осы ретте, Комитет Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ел бойынша «е-Otinish» ақпараттық жүйесін іске қосты.
Бұл жүйе өтініш берудің рәсімін едәуір жеңілдетті.
Мысалы, бұрын азаматтар өтініш беру үшін мемлекеттік органға келіп, өтінішті қағазға тапсырып, өтініштерін қарау барысын кеңсеге қоңырау шалу арқылы қадағалап отыруы керек еді, енді кез келген адам үйден шықпай-ақ интернеттің көмегімен мемлекеттік органдарға (аудандық, облыстық, республикалық маңызы бар) жүгіне алады.
Өтінішті жеткізу уақыты 2-3 күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды. Бұрын мемлекеттік органға жүгіну үшін аудан орталықтарына немесе қалаларға баруға мәжбүр болған ауыл тұрғындары жолға немесе пошта қызметтеріне қомақты қаражат жұмсайтын, енді бұл жүйнің арқасында уақытты ғана емес, сонымен бірге қаражатты да үнемдейді.
Сондай-ақ, «e-Otinish» жүйесінің көмегімен өтініштерді қарау процесінің ақпараттылығын және жауаптардың сапасын бағалау сервисін атап өтуге болады.
Бұрын өтініш берушілер өз өтініштерін кеңседе және мемлекеттік органдардың Call-орталықтарында телефон арқалы өтініштердің қаралу барысын қадағалауға мәжбүр болды.
Енді жүйе немесе мобильді қосымша арқылы жолданатын өтініштердің мәртебесі туралы ақпарат пайдаланушының жеке кабинетіне, пошта операторлары арқылы жіберілетін өтініштер SMS-хабарламалар бойынша келіп түседі.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес 2023 жылғы сегіз айда мемлекеттік органдарға 1 млн. 822 мыңнан астам жолданым келіп түсті.
Көп жағдайда арызданушылар өтініш беру арқылы жүгінеді, олар 61%-дан астам (1 129 445), сұрау салулар – 11% (209 023) және 9%-дан астамы (161 118) хабарламалар.
Шағымдардың үлесі – 6% (103 663), ұсыныстар – 2,5% (43 837), үн қосулар – 0,4%-ды (7 061) құрайды.
Жолданымдардың негізгі бөлігі жер пайдалану мәселелеріне қатысты, олар – 122 мыңнан астам немесе 7%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы шамамен 101 мың немесе 5,5%, салықтық әкімшілендіру – 93 мыңнан астам немесе 5,2%, құрылыс – 58 мың немесе 3,2%, әлеуметтік қорғау – 51 мың немесе 2,8% және т.б. сұрақтарды қамтиды.
Келіп түскен жолданымдардың 70%-дан астамы мәні бойынша қаралып, олар бойынша келесі шешімдер қабылданды:
– 663 376 әкімшілік акт қабылданды, оның ішінде қолайлы – 589 952, ауыртпалық салатын акт – 73 424;
– 105 941 әкімшілік рәсім тоқтатылды;
– 382 809-на жауап берілді.
Комитет азаматтардың өтініштерін есепке алу саласындағы уәкілетті орган болып табылады және келіп түскен өтініштерді қарау тәртібінің сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
Бұдан басқа, қолда бар өкілеттіктер шеңберінде Комитет мемлекеттік органдарда өтініштерді тіркеу және қарау сатыларында азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді.
Мысалы, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде бақылау-қадағалау іс-шараларының 6 мыңнан астам түрі өткізілді, 770-ке жуық түрлі бұзушылықтар анықталды, олар Комитеттің араласуынан кейін жойылды.
Комитет Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес құқық қорғау органдарының күнделікті қызметіне озық цифрлық технологияларды енгізу, бизнесті қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік аппаратты дебюрократизациялау жөніндегі жұмысты жалғасуда.