– Ермек Тасболатұлы, ҚМДБ-ның Өскемен аймағы бойынша өкіл имамдық қызметіңіз 4 жылға жуықтапты. Жалпы Өскемен өңірі туралы не айтар едіңіз?
– Өскемен өңірі – еліміздің ең қиыр шығысы, кермиық Өр-Алтай мен Барқытбелдің бөктерінде, Бұқтырма мен Ертістің сағасында, Катон-Қарағайы мен Марқакөлі орын тепкен, қойнауы кенге толы, жазира даласы төрт түлік малға толы, табиғаты әсем, таңғажайып өлке!
Арыдан тартып айтар болсам, айбарлы Сақ пен Ғұнның есігі, Ер-Түріктің алтын бесігі болған, Төныкөк абыздың тасқа қашаулы сөздері қалған, Білге қаған мен Күлтегіннің іздері қалған, өздерін Көк-бөрінің ұрпағы санаған, Қарлұқ пен Қыпшақ тараған, Шыңғыс қаған орда тіккен, күллі Түркі жұрты қоныс еткен – киелі өңір бұл.
Беріден тартып айтар болсам, Алаш баласы өз алдына ел болғанда, Асан ата түйесін шөктіріп, Тарбағатай мен Сауырды жерұйыққа балаған, Жағасы алтын, жеңі жез атақты Ақтамберді жыр арнаған, Қу дауысты Құттыбай, Боранбай, Ақтайлақ билер үкім кескен, толғамалы төрт қаруын асынған Қаптағай, Шақантай, Қаракерей Қабанбай, Ер-Жәнібек, Баймұрат, Дәулетбай батырлар күн кешкен – өңір бұл.
Алаштың ардақтылары Райымжан Мәрсеков пен Отыншы Әлжановтың, Кеңес дәуірінің қаһармандары Төлеген Тоқтаров пен Қасым Қайсеновтың кіндік қаны тамған, Қазақ әдебиетінің кербұғысы Оралхан Бөкей мен қара сөздің қас зергері Қалихан Ысқақ, Әзілхан Нұршайықов, Қалихан Алтынбаев, Дидахмет Әшімхан, Баламер Сахариев т.б. да иір-бұтақты тұлғаларды дүниеге әкелген – өңір бұл.
Иә, осындай ұлыларға тұғыр болған Өр-Алтай өңірі сонау Алтын Орда мен Моғолстан дәуірінен бері мұсылман топырағы болып есептелінеді. Бұқтырма мен қарт Ертістің жағасын жайлаған Қазақ рулары шежіре тарқатқанда ежелден өздерін мұсылман халық деп санайды.
– Кешіресіз, сөзіңіз аузыңызда. Мұсылманшылық туралы айтып қалдыңызғой. Өңірдің тарихында медреселер болған ба?
– Әрине, патшалық Ресей дәуіріндегі Өскеменде салынған мешіт-медреселерді былай қойғанда, бір Зайсанның өзінде «Қазақия» және «Ғизатия» атты медреселер жұмыс істеген.
Түбі Түркістандық Сарықожа мен Бес қожа ұрпақтары Қатон мен Марқакөл, Жарма мен Тарбағатайдың ауыл-ауылдарында медресе ашып, бала оқытқан. Сол дәуірде ары-бері өткен орыс саяхатшылары осындағы Қазақ елін «Мұхаммедтің дінін ұстанатын суннит мұсылмандар» деп жазып қалдырған.
Кеңес үкіметіне дейін бір Семейдің өзінде 8 медресе болған. Оның ішінде танымалы Хакім Абай оқыған «Ахмет Риза» медресесі еді. Ал, Абай ауданында атақты Құнанбай қажы салдырған «Ескітам» медресесі жұмыс істеген.
Жалпы, Кеңес үкіметіне дейін бұл өңірден жүздеген адам Мекке-Мәдинаға сапар шегіп, қажы атанған.
Кеңес үкіметі тұсында Орталық Азияда САДУМ құрылғанда, оның Қазақстандағы қазиятын басқарған алғашқы төраға Ә.Шамсутдинов осы Өскеменнің тумасы саналады. Ол кісі 1943-1952 жылға дейін Қазақстан қазиятын басқарған. 1952 жылы төрағалықты С.Ғылманиге беріп, қайтыс болғанға дейін (1956) өзі осында Өскемендегі орталық мешіттің бас имамы қызметін атқарған.
Төрт жыл бұрын Алла нәсіп етіп, осындай бай тарихы бар өңірге діни қызмет жасауға келдім. Келе салысымен «ұрыста тұрыс жоқ» демекші жергілікті ақсақалдармен, азаматтармен, діни кадрлармен қоян-қолтық араласып, көптеген игі істерге мұрындық болдық.
– Өзіңіз айтқан игі істеріңізді атап өтсеңіз?
– Өскеменде қатарынан бірнеше рет (2016, 2017, 2019 жж.) еліміздегі тұңғыш «Ақасақалдар форумын» өткіздік. Тұңғыш рет қатарынан екі жыл (2017-2018 жж) өңір имамдарына үш айлық діни білім беру курсын аштық.
ШҚО әкімі Д.Кенжетайұлының қолдауымен облыстық педагогикалық колледжінен «Исламтану» мамандығын ашып, онда өзіміздің дін қызметкерлеріміз дәріс беруде.
Тұңғыш рет биыл жаз мезгілінде табиғат аясында киіз үйлер тігіп, алдымен өңір діни қызметкерлеріне, кейін республикалық діни қызметкерлерге арнап «Дала семинарын» өткіздік.
Мінеки, кеше ғана ШҚО «Халифа Алтай» мешітінен еліміздегі тұңғыш ислам мұражайын аштық.
– Ашылған ислам мұражайын елімізде тұңғыш рет ашылды деп ақпарат тараттыңыздар. Біздің білуімізше, Ақтөбеде «Нұр-Ғасыр» мешітінде, Нұр-Сұлтандағы «Ғылмани» мешітінің жанынан мұражай ашылған еді. Олардан ерекшелігі неде?
– Нұр-Сұлтандағы «Сәдуақас Ғылмани» мұражайы негізінен тұлғатану бағытында ашылған. Онда Сәдуақас атамыздың өмірбаяны, шығармашылығы, тұрмыс-тіршілігін әспеттейтін экспонаттар қойылған. Ақтөбеде «Нұр-Ғасырдағы» мұражай білуімше мешіттің меншігінде емес, облыстық мәдениет басқармасына қарайды. Және бұл ислам мұражайы емес, облыстық өлкетану мұражайы болып есептелінеді екен. Әрине, мешітпен жапсарлас (жертөле) орналасқандықтан, онда көбірек діни экспонаттар қойылған. Бүгінде бұл мұражай жабылып қалған дейді.
Ал, «Халифа Алтай» мешітінен біз ашып отырған мұражайдың орны бөлек.
Біріншіден, бұл мұражай – елімізде ашылған тұңғыш ислам мұражайы болып табылады.
Екіншіден, бұл мұражайдағы экспонаттар мен тарихи деректер кейбіреулер айтып жүрген «Қазаққа ислам 90-шы жылдары келді» деген әңгіменің сандырақ екенін әйгілеп береді.
Үшіншіден, мешіт тек құлшылық орны ғана емес. Ол мәдени ошақ болуға тиісті. Мешіттеріміз шын мәнінде исламның келбеті болуы үшін біз ислам мұражайын ашып, Хақ діннің бай тарихын, бұл дінмен халқымыз қалай қауышқанын айшықтап беруді жөн санадық.
Төртіншіден, ислам мұражайын ашу деген экспонаттарды жинап, көрмеге қоюдан ғана тұрмайды. Ислам мұражайын ашу үшін ғылыми әлеует керек. Біз осы мұражайды ашу үшін шамамен бір жылдай уақыт дайындалдық. Елімізден, алыс-жақын шетелдерден экспонат іздедік. Ташкент, Қазан, Кембридж университеті, Сүлеймания кітапханасынан қолжазбалар алдырдық. Сыр бойындағы көне шаһарлардан қыш құмыралар мен фарфорлар әкелдік. Алып келген жәдігерлерді өз мамандарымыз сұрыптап, оған ғылыми талдау жасады. Яғни, мешіт жанынан мұражай ашу, дін қызметкерлерінің ғылыми-интелектуальдық деңгейін өсіреді.
– Ислам мұражайын ашудағы мақсатыңыз?
– Ислам мұражайын ашудағы мақсатымыз – жергілікті халық мұндағы жәдігерлерді көре отырып, өзінің бай тарихымен таныссын, өзінің төл дінімен тыныстасын, келешегін ұлттық рухпен өрбітсін, «Қазаққа таухид 90-шы жылдары келді» деген сыңар-езу пікірлердің негізсіз екеніне көз жеткізсін, келімсек діни ағымдардың жетегінде кетпесін деген ой еді. Әрі Ислам мұражайын ашу біздің діни қызметкерлеріміздің де интеллектуал деңгейін өсіретіні сөзсіз. Мешіт – бұл тек құлшылық орны ғана емес, ол мұсылмандық мәдени ошақ. Мешітті әрлендіру, оның қызметін әртараптандыру – сіз бен біздің уәзипамыз.
Жоғарыда аталған игі істердің бәріне ШҚО әкімі – Даниал Кенжетайұлы әрдайым қолдау білдіріп келді. Ең қиын сәттерде мешіттерімізге көмек қолын созып, ағымдағы мәселелердің еңсерілуіне жол ашып берді. Мен ел руханиятының биікке көтерілуіне өлшеусіз еңбек сіңіріп келе жатқан Даниал Ахметовке зор алғыс айтамын!
– Облыс әкімі Даниал Ахметов ашылған мұражайдың үш бөлімнен тұратынын, тәңірге табынушылық, біздің жердегі исламның пайда болуы мен таралуы, қазіргі таңдағы ислам туралы өзінің facebook әлеуметтік желісінде жазған болатын. Тарқатып айтып берсеңіз?
– Қазақ халқының ислам дейінгі Сақ, Ғұн, Түркі кезеңдерде де діни сенімге ие болды. Тарихи деректерде қандай діни сенімде болғандығына қатысты түрлі болжамдар айтылады. Бірақ, біз осының негізгілеріне тоқталдық. Мысалы, Сақ дәуіріндегі бабаларымыздың ақырет сенімі болғанын айтып өттік. Ғұн дәуірінде прототүркілерге пайғамбар келген болуы ықтимал екенін көрсеттік. Өйткені, түркілер осы Ғұн дәуірінен бастап бір тәңірге табына бастаған. Түркілерге бір тәңірге табыну сенімін кім әкелді деген сауалға, әркім әртүрлі жауап беріп жүр. Мәшһүр Жүсіп бабамыз түркілерге Озған (Оғыз қаған) атты пайғамбардың келгенін жазып қалдырған. Ол туралы «Оғыз-наме» дастаны бар екені белгілі. Әдебиет тарихшылары Оғыз қағанның өмір сүру дәуірін осы Ғұн дәуірі деп болжайды. Сол себепті біз Ғұн дәуіріне де тоқталып, бұл кезеңнің ерекшеліктерін айшықтайтын экспонаттар қойдық.
Ал, Түркі дәуірінің жәдігері ретінде Күлтегін тас жазуының көшірмесін жасатып, оны мұражай төріне қойдық.
Сонымен қатар, ислам дінінің Орталық Азияға таралуына тоқталып өтіп, Самани, Қарақан, Ғазнауи, Алтын Орда, Қазақ хандығы, Патшалық Ресей, Кеңес үкіметі кезеңдеріне қатысты тарихи мәліметтер мен жәдігерлерді қойылды. Орталық Азия мен Дешті-Қыпшақтан шыққан ғұламалардың қолжазбаларын таптық. Олар біздің ислам мұражайының көркін ашып тұр.
Сондай-ақ, Тәуелсіз Қазақстан дәуіріне тоқталып, Елбасы Н.Назарбаевтың тұсындағы діни даму белестері сөз болады. ҚМДБ-ның тізгінін ұстаған Р.Нысанбайұлы, Ә.Дербісәлі, Е.Маямеров, С.Ораз мүфти-хазреттердің елеулі еңбектері тарқатылып айтылады.
– Мұражайға қандай экспонаттар қойылды?
– Сақ, Ғұн, Түркі кезеңдеріне қатысты айшықты жәдігерлердің көшірмесін жасаттырдық. Мысалы, Өр-Алтайдағы Берел тарихи қорығындағы Сақ патшалары қорымының көшермесін қойдық. Ғұн дәуірінің жәдігері ретінде «Оғыз-наме» қолжазбасының көшірмелерін Кембридж университетінен және Сүлеймания кітапханасынан алдырдық. Түркі дәуіріне тән Күлтегін ескерткішінің де тас жазу көшірмесі бар.
Сондай-ақ, балбал тастар, бақсылардың ыспасы мен қобызы, сопылардың қоржыны, шапаны, саятшылардың құрал-саймандары, тұрмыс-салтта қолданылған ат әбзелдері, қару-жарақтар, диірмен, келі-келсап, киіз үй жабдығымен, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сырқы көшірмесі және т.б. құнды экспонаттар қойылды.
Қолжазбалардан «Диуани хикметтің» Ташкент, Казань, Стамбул нұсқаларын, «Мәснауи» нұсқалары, «Бақырғани кітабының» Казан нұсқасын, фиқһ кітаптарынан «әл-Ниһоя», «әл-Һидоя», ақида кітабынан «Ақида-нәсафи», «Шыңғыснама», «Түрік-шежіресі», «Бабырнама», «Темірнама», «Жылнамалар тарихы», «Бәздауи тәпсірі», «Фатауа-хиндия» және т.б. көптеген қолжазбаларды әкелдік.
Мұражайда электронды Құран орнатылған. Онда Құран-кәрім төрт тілде жұмыс істеп тұрады.
Әрине, аз уақыттың ішінде бай мұражай ашу оңай емес. Әттең-ай деген тұстарымыз да баршылық. Қалмақпен соғысып, шейіт және ғази болған бабаларымыз – Қабанбай, Көкжал Барақ, Баймұрат, Дәулетбай, Қошқарбай, Мамай, Бердіқожа батырлардың ұрпақтарынан бірде-бір жәдігер ала алмадық. Бұйырса, осы олқылықтардың орнын толтырып, алдағы уақытта мұражайды тағы да экспонаттармен байыта түсеміз деп ойлаймын.
– Жуырда өзіңіздің facebook әлеуметтік желідегі парақшаңызда діннің төңіріегінде біраз жазбаларыңызды қалдырып жүрсіз. Соның ішінде «Қазіргі таңда, кім бұзақы – мұсылман, кім есірткіні өсіреді – мұсылман, кім содыр – мұсылман…» деген жазбаңыз көпті ойландырды деген ойдамын. Мұндай қортындыға келуіңізге не себеп?!
– Біз соңғы жылдары халыққа ақида мен фиқһ үйретуге басымдық бере бастадық. Оның себебі, қазіргі базбір жат ағымдар осы тақырыптар төңірегінде дау-дамай тудыруда. Жамағат ішінде ғұламалар арасында тартысатын мәселелерге дейін даулы тақырыптар көтеріліп қалып жатады. Әсілі, жамағат ақида мен фиқһты муқаллидтің (қарапайым мұсылман) деңгейінде білсе, сол жеткілікті. Одан әрісі ғұламалардың еншісіндегі дүние.
Біз қалың бұқараның назарын одан маңызды мәселелерге аудартуымыз керек. Ол не дейсіз ғой? Ол діни тәрбие деп ойлаймын. Себебі, қазіргі таңда жасалынып жатқан қылмыстардың иелерін сұрыптап көрсеңіз, мұсылман мен мұсылман еместің айырмашылығы қалмай бара жатыр. Әйел зорлау, педофилия, есірткі мен қару-жарақ саудасы, тіпті адам саудасы секілді ауыр қылмыстарды мұсылмандар да жасап жатыр. Осы көрсеткіш бізге лайық па? Әлбетте, жоқ деп кесіп айтамыз.
Бірақ, нақты тәжірибедегі көрсеткіште мұсылмандар да небір қаныпезер қылмыстарды жасап жатыр. Оның алдын алу үшін біз халыққа ихсан ілімін, яғни діни тәрбиені беруіміз керек. Діни тәрбие дұрыс жолға қойылмағандықтан, кейде елімізге белгілі уағызшылардың да пендешіліктері сахнаға шығып кетіп жатады. Бұл, әлбетте біздің күресіміздің немесе қызметіміздің әлсіздігі деп білемін. Сол себепті, біз діннің төл функциясынан ауытқымауымыз керек. Әлеуметтік желіде осыны айтпақ болған едім.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ