Бір күні он жасар бала дзюдомен айналысуға бел буып кіріседі. Бірақ ол ауыр жол апаты салдарынан сол қолын білегінен жоғалтқан еді.
Бақытына орай, ерекше тәжірибелі бапкерге жолықты. Егде жастағы бапкер баланың көзіндегі отты байқайды. Біраз уақыт тұла бойына қарап тұрып, жаттықтырамын деп келісімін береді. Жас спортшы жаттығуға ыждаһатпен кірісті. Үш ай өтті. Бірақ, бір жайтты түсіне алмады. Неге осыншама уақыт тек бір әдісті ғана жасап жүр? Ақыры бала бапкерден себебін сұрамақ боп:
-Сэнсей! Басқа әдістерді үйретесіз бе?,-деді. Бапкер:
-Бұл сен үшін бір ғана әдіс. Қара да тұр, сені жеңіске жетелейтін жалғыз әдіс осы болады, – деді. Бала бапкердің сөзін аса түсінген жоқ. Бірақ, бапкеріне бар ынтасымен сенетін.
Бірнеше ай артта қалды. Бапкер баланы сынамақ боп, алғашқы жарысқа алып барды. Алғашқы екі жекпе-жегінде бала қарсыластарын атып ұрды. Жеңгеніне өзі де сенер емес. Аң-таң. Үшінші жекпе-жек біршама ауыр өтті. Бірақ белдесуде қарсыласы ашуға бой алдырып, ақыры жеңіліп қалды.
Барлық күресінде сол баяғы жалғыз әдіспен жеңіп келеді. Шешуші белдесуге де келіп жетті. Бұл – бірінші орын үшін белдесу. Бұл жолы қиналды. Күші де сарқылып қалды. Төреші бала жарақат алып қалуынан қорқып, белдесуді тоқтатпақ болды. Бірақ, бапкері:
-Тиіспе, соңына дейін күрессін,-деді. Қарсыласы қанша әдіс қолданса да, баланы жыға алмады. Бала дұрыс қорғана білді. Бір кезде қарсыласы баланың әдісіне түсіп қалды. Тырп еткізбей тастады. Таза жеңіс. Бала – жеңімпаз!
Бүгін – бала үшін ең бақытты күндердің бірі. Ұзақ және табанды жаттығуының жемісін көрді. Өзіне деген сенімі күшейді.
Жол үстінде бала мен бапкері әрбір жекпе-жекті талдап келе жатыр. Кенет бала:
-Сэнсей! Мен жалғыз әдіспен барлығын қалай жеңідім? – деп сұрады. Бапкері балаға ризашылықпен бір қарады да:
-Дзюдо оңай күрес емес. Сенің жеңуіңе екі жайт себеп болды. Сен әдісті жетік меңгердің. Осы жалғыз әдіс үшін ұзақ айлар бойы тер төктің. Бірақ бұл – дзюдодағы ең қиын әдіс. Екінші себеп: Сенің әдісіңнен қорғанудың бір-ақ жолы бар. Ол – қарсыласың сол білегіңнен ұстап, жібермеуі керек, – деді.
Демек, баланың осал тұсы оның ең мықты жағы боп шыға келді. Баланы күшті еткен де – осы.
Кейде өзіміздің әлсіз жақтарымызды байқаймыз. Соның салдарынан, тағдырымызға налимыз. Өз-өзімізді жегідей жейміз. Не жаздым деп Құдайға да шағымданамыз. Бірақ, әлсіздік деп білгеніміз біздің күшіміз боп шығуынан бейхабармыз. Сондықтан, ешуақытта жеңілме.
Өміріңді мейлінше кемел түрде өткіз. Қолыңнан келген барлық қам-қарекетті жасауға тырысып бақ!
Руслан ҚАМБАР