Астанада өтіп жатқан Жас діни лидерлер форумында Ұлыбританиядан келген қонақ, Англикан қауымдастығы бас хатшысының орынбасары, Англикан қауымдастығының епископтық қызметі мәселелері бойынша епископы Джо Бэйли Уэллс қатысушыларды осындай іргелі форумның өмірге келуімен құттықтады.
Ол соңғы жылдары әлемде болып жатқан оқиғалар армандар орындалуы үшін бейбітшілік керек екенін көрсетіп отырғанын жеткізді. «Қазақстанның осы алаңды ұсынғаны біздің арманға жетер жолымыздағы бастапқы қадам. Ал мақсатымызға жету үшін әлі көп жұмыс істеу керек» деді ол.
Джо Бэйли Уэллс ең алдымен ізгі ойларды жүзеге асыру үшін батыл болу керек екенін алға тартты. «Кейбір адамдар бүгінгі форумда көтеріліп отырған мәселелерді дін адамдары емес, саясаткерлер жасауы керек деп айтуы мүмкін. Шынымен солай ма? Менің ойымша, біз діннің шұғыласын адамзатқа шашу арқылы, қазіргі әлемдегі проблемаларды шешуге өз үлесімізді одан да көп қоса аламыз деп ойлаймын. Осында қатысқан әрбір адамның сенімі жалпыға ортақ сәуле шаша алады. Бұл біздің ынтымақтастығымызды арттырып, бейбітшілікті орнатуға септігін тигізеді деп үміттенемін» деді ол.