Үлкен бір шайқастардың бірінде Хазіреті Әли (р.ғ.) дұшпан әскерлерінің бірін жығып, оны өтіргелі жатқан болатын. Тап осы кезде дұшпан әскері Хазіреті Әлидің бетіне түкіріп жіберді.
Сол кезде әлгі дұшпанның басын шауып тастау Хазіреті Әли үшін өте оңай болатын. Бірақ ол тек Алла разылығы үшін қатысқан шайқасқа нәпсісі араласып кете ме деген уайыммен кенет тоқтап қалды. Қолындағы қылышты ақырын жерге қойып, қынына салып, дұшпанын өлтіруден бас тартты.
Әлсіз халде өлімін күтіп жатқан әлгі әскер бұл жағдайға аң-таң болды. Өйткені ол істеген жиіркенішті ісіне Хазіреті Әлидің бұрынғысынан да артық ашуланып, оны тезірек өлтіреді деп ойлаған болатын. Бірақ бір шындыққа тап болды. Хазіреті Әлидің бұл ісіне ақылы жетпеген дұшпан өлуді-өлтіруді ұмытып, таң қала сұрады:
– Ей, Әли! Мені тап өлтіргелі жатқанда неге тоқтадың? Не болды, қатты ашудан түсініксіз тыныштыққа кенелдің!.. Найзағайдай жарқырап тұрғанда кенет еш жел соқпаған, тыныш ауа секілді бола қалдың?…
Хазіреті Әли (р.ғ.) былай деп үн қатты:
– Мен Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) сыйлаған бұл қылышты тек Алла Тағала жолында қолданамын. Алла дұшпандарының басын Оның разылығы үшін аламын. Бұл ісіме нәпсімді әсте араластырмаймын… Сен бетіме түкіріп, мені ашуландырып, қорлағың келді. Мен сол кезде ашулансам, сені нәпсісіне берілу сияқты мүминге әсте жараспайтын әрекетпен өлтіретін едім. Алайда, мен нәпсімді қанағаттандыру үшін емес, Алла үшін шайқасамын деді.
Ақыры, дұшпан әскерінің көңілі өлтіргелі келген адамының ұлық мінезі алдында бас иген. Хазіреті Әлидің нәпсісіне деген қарсылығы мен ықыласынан таң қалып, иман етумен ерекше абыройға бөленді.
Алла Тағала бұл туралы Құран Кәрімде «Фуссилат» сүресінің 34-аятында: «Жақсылық пен жамандық тең болмайды. Жамандықты жақсы ісіңмен жолға сал. Сонда ғана сенімен дұшпандығы бар қас адам, өзіңнің сырлас (өте жақын) досыңдай болып кетеді», деп баяндайды.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ