Сұрақ: Дұха намазы қандай намаз?
Жауап: «Дұха» араб тілінде «күннің түсуі», «терлеу», «сәске уақыты» мағыналарын білдіреді. Құран Кәрімде «дұха» сөзі бірнеше жерде өтеді. «Ағраф» сүресінің, 98-аятында:
«Және де ол кенттердің елі, күн көтеріле бере (дұха) ойнап жүрген сәтте, азабымыздың келуінен қаперсіз бола ала ма?» – делінген.
«(Мұса ғ.с.): Табысатын уақытымыз мереке күнгі ел жиналатын сәске (дұха) болсын» деді» («Таһа» сүресі, 59-аят).
Ал «Назират» сүресінің, 46-аятында: «Олар қияметті көрген күні, дүниеде бір кеш немесе бір сәске (дұха) тұрғандай ойлайды».
Фиқһ кітаптары бойынша «дұха» уақыты деп күн шыққаннан соң екі сағаттан кейінгі уақыт айтылады. Қазақ халқы бұл уақытты «сәске мезгілі» деп атайды. Сондай-ақ, «Дұха» сүресінің 1-аятында: «Сәске (дұха) уақытына» делінген.
Ғибадат бабында сәске уақытында оқылатын нәпіл намазды «дұха намазы» дейміз. Дұха намазы туралы Құран Кәрімде айтылмағанмен, Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадистерінде дұха намазының фазилеті туралы былай деп өсиет етеді:
«Кімде-кім екі рәкағат дұха намазын оқыса, ғапылдардан емес. Кімде-кім төрт рәкағат дұха намазын оқыса, Аллаға ғибадат жасаушылардан саналады. Кімде-кім бұл намазды алты рәкағат оқыса, ол күні (ақыретте) оған дұха намазы жеткілікті болады. Кімде-кім бұл намазды сегіз рәкағат оқыса, Алла тағала ол адамды өзіне мойынсұнған құлы ретінде қабылдайды. Сондай-ақ, кімде-кім бұл намазды он екі рәкағат оқыса, Алла тағала оған жұмақтан орын дайындайды» (әт-Таһтауи, 321).
Сонымен қатар, Алла Елшісінің Мекке фатх етілген күні сегіз рәкағат дұха намазын оқығандығы туралы Умми Ханиден жеткен риуаят бар. Айша анамыз (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дұха намазын төрт рәкағат оқып, қаласа ары қарай тағы да оқитынын жеткізген. Және Әбу Хурайраның: «Алла Елшісі маған үш нәрсені жасауымды ескертті. Оны жәнтәсілім еткенге дейін тәрк етпеймін. Олар: Әр айда үш күн ораза ұстау, дұха намазын оқу, үтір намазын оқып болған соң ұйықтау» (Тәжрид-и Сарих, IV, 151) деген риуаяты хадис кітаптарында баяндалады.
Фиқһ кітаптарында дұха намазының уақыты күндіздің төрттен бірі кірген кезден күн екінтіге ауғанға дейінгі аралықта оқуға болатындығы айтылады. Ал, дұха намазын төрт рәкағат оқудың үкімі – мәндуп. Бірақ, дұха намазын екі рәкағат оқуға да болады. Яғни, шариғатта екі рәкағаттан он екі рәкағатқа дейін оқуға рұқсат етілген.
Дұха – нәпіл намаз болғандықтан, оны тұрақты оқу шарт емес. Алайда, кімде-кім тұрақты түрде оқыса, мол сауапқа кенелетіні сөзсіз.
Мұхан ИСАХАН
Оқыған намаздарымыз қабыл болсын Пайдалы әрі керек ақпаратқа рахмет.