«Дұға еткенде уақытың аз болып, айтатын мұқтаждықтарың көп болса, дұғаңды Алладан кешірім сұрауға арна. Өйткені Алла сені кешірсе, мұқтаждықтарыңды сұрамай-ақ береді» дейді Ислам дінінің танымал ғұламаларының бір Ибн Қаюм Әл-Жәузи. Не деген жақсы айтылған сөз, солай емес пе? Ибн Қаюм Әл-Жәузи бұл сөзді еріккенінен не болмаса өз бетінше айтпаған. Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім Алланың кешіріміне берік болса, Алла Тағала оған барлық қиыншылықтардан шығу жолын, барлық қиындықтан жұбаныш береді және ойламаған жерден ризық береді» деген (Әбу Дәуіт, Салат, 359; Ибн Мажа, Әдеб, 57).
Бұл хадистен мынадай қорытынды шығаруға болады: адамның өз-өзімен санасуы және қателігін анықтауы, оны қабылдап, мойындауы, Алладан кешірім сұрап, өзін ретке келтіруі… – бір кілт сияқты. Жабық құлыпты кілтпен ашқанымыздай, барлық қиыншылықтар мен әурегершіліктер құлып тәрізді. Алладан кешірім сұрау бұл құлыптарды бір-бірлеп ашады. Пенденің тәубесі мен Алладан кешірім сұрауы, Мұса пайғамбардың таяғына ұқсайды. Білесіз бе, Мұса пайғамбардың «Аса таяғы» қалаған уақытында жыланға айналады, кейде мұғжиза көрсетеді, кейде ол тастан су шығуына себеп болады, кейде теңізді жарып, ортасынан жол ашады… Бұл тәубе мен кешірім сұраумен бірдей. Қажет болған жағдайда, қиналғандардың қиыншылықтарын жеңілдетеді. Кейде қаржылық қиындықтарға тап болғандардың мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Осы тұста ойымызға мынадай сұрақ келуі мүмкін: Құранда да, Пайғамбарымыздың хадистерінде де тарихта талай ізгі мүміндердің, әсіресе пайғамбарлардың қиналып, қиыншылық көргені айтылады. Тәубе мен кешірім әр дерттің емі және шешімі болса, олар неліктен мұндай қиыншылықтарға ұшырады? Әлде олардың кешірім сұрауы жеткіліксіз болды ма?
Құран Кәрімнің аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистердін тұтас оқып, мәселелерге бөлшектеп жақындамасақ, шатасып қалуымыз әбден мүмкін. Мәселеге қатысты барлық дәлелдер біріктірілгенде, біз келесідей жауап аламыз: Тәубе мен кешірім сұрауды тұрақты жалғастыру, ақыр соңында жеңілдік пен сәттілікке әкеледі. Шындығында, пайғамбарлар мен салихалар кешірім сұрай бергендіктен, өмірлеріндегі қиыншылықтар, уайымдар мен қайғылар күн келіп жойылып, бұлттар тарап, қараңғылықтан жарыққа шыққандай айығады. Түптеп келгенде, Алла Тағала ешбір пайғамбарын және діндар мүміндерді тәубе етіп, кешірім сұрауын жалғастырғандықтан көмексіз қалдырған емес.
Бұған қоса екінші бір жайт бар: Кейбір қиындықтар мен апаттардың себебі өзіміздің күнәларымыздың себебінен де болуы мүмкін. Бір пәлеге тап болған кезінде пенденің сабырлығын, пәледен кейін шүкіршілігін сынау, сол арқылы оның күнәсі болмаса да дәрежесін көтеру үшін кейбір апаттар болуы да мүмкін екенін ұмытпаған абзал. Алладан кешірім сұрау өз күнәларымыздан туындаған қиыншылықтарды жеңуге көмектеседі және сынақ ретінде кездесетін қиыншылықтар мен сәтсіздіктер, сабырсыздық пен шүкірсіздік көрсетуден сақтайды.
Қорытындылайтын болсақ, пенденің мәңгілік мекенге кіру үшін бұл өмірдегі сынақтан сәтті өтуіне байланысты. Раббымыз бізді дүние мен ақыретте қиыншылыққа ұшырататын барлық қиыншылықтар мен пәлекеттерден арылтсын. Бізді кешірім сұрайтын және оған лайықты пенделерінің қатарынан етсін.
Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқық ғылымдарының (PhD) докторы