Сұрақ: Досымның несиесін жабуға көмектесуіме бола ма?
Жауап: Ислам діні экономикалық жағынан адамдардың қиыншылыққа ұшырауына қарсы. Сондықтан да, пайыз мәселесінде қатаң тыйым бар. Дегенмен, қазіргі өмір шарттары мен қоғамдық құрылымдардың ерекшеліктеріне байланысты банктен тыс жеке адамдардың өмір сүрулері қиын. Яғни, қоғамдағы басым адамдардың қандай жағдаймен болса да банкпен байланысы бар.
Ислам шариғатында несие алу мәселесінде де, егер пайыз араласатын болса, (қазір пайызсыз жоқтың қасы) тыйымдар бар. Дегенмен, қажеттілік үшін несие алуға рұқсат ететін жағдайлар да жоқ емес. Бұл жерде досыңыздың алған несиесі қарыз болғандықтан, оны қайтару шариғат бойынша міндет саналады. Қарыз беру, қарызды қайтару мәселесінде мұқияттылық талап етіледі. Егер өзінің қайтару қабілеті болса, өзінің қайтаруы – міндет. Ал егер өзінің шамасы жоқ болған жағдайда оған қол ұшын беруде тұрған еш әбестік жоқ. Себебі, қайтарылмаған жағдайда одан бетер қарызға кіру қаупі туындайды.
Сондықтан пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық жасамайды, оны сатпайды. Кімде-кім бір мұсылман бауырының қажетін өтейтін болса, Алла да оның бір қажетін өтейді. Кімде-кім бір мұсылманды қиыншылықтан құтқаратын болса, сол себепті Алла да оны қиямет күні бір қиыншылықтан құтқарады. Кімде-кім бір мұсылманның кемшілігін жасыратын болса, Алла да қиямет күні оның кемшілігін жасырады» (Бұхари, Мәзалим, 3; Мүслим, Бирр 58) дейді.
Сондықтан көмек қолын созған абзал. Бірақ бұл оның қайта пайызға кіруіне жол ашпауы керек.
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы
Осы сұрақтың жауабын бір имамнан сұрағанымда қиналған адамның жағдайына қарамай көмектесе бер, яғни, ол досың кредит алған болса да қиналып тұрғандықтан оған көмектессең күнәлі болмайсың деген еді.
Заман талабына сай қойылған сұрақ екен. Жауабы да толық берілген. Біліп жүретін болдым.