Қазақ халқы: «Бір дос – мұрныңнан қан шыққанша, бір дос – қораңнан мал шыққанша, бір дос – кеудеңнен жан шыққанша» – деп шынайы және амал досты ажыратып берген.
Ендеше, бауырластық пен достық жайлы Исламда не дейді?
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына һижрет етіп келгенде ең алғаш маңызды деп тапқан үш мәселені қолға алды.
Бірінші, Исламның рухани орталығы мешіт құрылысын бастау. Екінші, қалада арабтармен бірге өмір сүретін жергілікті яһудидің үш руымен арада ортақ келісім заңнамасын бекітті. Соңыра көшіп келген мұһажир мен ансар, яғни, жергілікті сахабаларды аға-іні етіп бауырластыру. Әрине, мұсылман бір-біріне бауыр. Бірақ, бұл бауырластықтың жөні бөлек болды. Мәдинадағы сахаба Меккеден келген бауырымен барлық дүниесін, қорасындағы малымен һәм баспанасымен теңдей бөлісуге даяр тұрды.
Мұндай достар хақында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Аршының айналасында нұрдан мұнаралар болады. Оның үстінде нұрдан киім кигендер тұрады. Олардың дидары да нұрлы келеді. Бірақ, олар пайғамбар да, шейіттер де емес. Алайда, оларға пайғамбарлар мен шейіттер қызыға қарайды,-дейді. Адамдар: Уа, Алла елшісі! Оларды бізге суреттеп берші, – деді. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алла жолында дос болғандар. Алла жолында сұхбаттас болғандар және Алла жолында бір-бірінің жағдайын сұрауға барғандар» – деген екен.
Дос бола білу үшін белгілі талаптар бар. Әнас (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Бір-біріңе ашуланбаңдар, бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер, бір-біріңе тұзақ құрмаңдар. Уа, Алланың құлдары, бауыр болыңдар! Мұсылманға өз бауырына үш күннен артық ренжуіне болмайды»,-делінген.
Демек, хадиске сүйене айтсақ, достық менмендік пен тәкаппарлықты жақтырмайды. Көреалмаушылық дерт.
Қазақта: «Дос емес досты сырттан жамандаса, Кісі емес бір қатені жаба алмаса»,-деген даналық сөз бар. Ең маңызды талабының бірі досыңды жанынан артық көру болса керек.
Абдулла бин Омар (р.а.) мына оқиғаны әңгімелеп берген: «Сахабалардың біріне қойдың басын береді. Ол: Менің пәленше деген бауырым және оның отбасы тамаққа менен әлде қайда мұқтаж,-деп беріп жібереді. Ол да тамаққа менен әлдеқайда мұқтаж пәленше бар деп келесі үйге жөнелтеді. Осылайша жеті үйді аралап ақыры бірінші үйге қайтып келеді. Міне, сонда «…Әрі өздерінде мұқтаждық болса да, оларды өздерінен артық көреді…» аят түскен екен». Бұл Хашыр сүресінің, 9-аят еді.
Жүсіп Баласағұни: «Дос табу – оңай, сақтауы – қиын, жауласу – оңай, тоқтауы – қиын» – деп ой толғаған екен. Расында, бір дос аздық етпейді, мың дос көптік етпейді.
Руслан ҚАМБАР