Сұрақ: Достық қатынасты қалай күшейтуге болады? Оның қандай жолдары бар?
Жауап: Мұсылман ғалымдары достықты күшейтуге бағытталған бірнеше амалдарды айтады. Солардың кейбірі төмендегі амалдар:
– досыңа оны Алланың разылығы үшін жақсы көретініңді айтыңыз. Достықтан бір пайда немесе жеке мүдде көздейтініңізді емес, керісінше, онымен Алла үшін дос екеніңді білдір. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сізден біріңіз досын жақсы көрсе, досына мұны жеткізсін. Бұл сүннет, араларыңда бір-біріңе махаббат күшейеді», – деп айтқан.
– досыңды үнемі жылы жүзбен қарсы алуға әдеттен. Онымен жолыққан уақытта қабақ қатулы, жүзің түнерген кейіпте болмауы тиіс. Досқа күліп қарау – шын достықтың көрінісі және арадағы достық қатынасын күшейтеді. Қайс есімді сахаба Жарирдің былай деп айтқанын жеткізген:
«Мен Исламды қабылдағаннан кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) мені жайдарлы жүзбен қарсы алатын еді».
– мүмкін болса сыйлық жасап тұр, бұл достықты күшейтеді. Достардың бір-біріне сыйлық жасауы ізгі амалға жатады. Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, араларыңда сүйіспеншілік орнайды» – деген хадисін риуаят қылған (Нисай, Әбу Яғла)
– кездескен уақытта бірінші болып сәлем беруге тырысу. Бірінші сәлем бірген адамның сауабы да мол. Себебі, Әли ибн Әбу Талибтің: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с)! Мен сіздің: «Кім бауырына бірінші болып сәлем берсе, Алла оған жәннаттан бір қасыр көтереді» – деп айтқаныңызды естіген едім» деген риуаят бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ