– Рухани келісім, өзара түсіністік деген ұстанымдар негізі бүгінгі жаһандық үдерісте бірінші орынға шықты. Себебі рухани келісімнің негізгі көзі діннен бастау алады. Ал дін құбылысы бүгінгі таңда саясаттың басты құралына айналып кетті. Христиандық болсын, ол ислам болсын, жаһандық саясаттың орталығы болып тұр. Дінаралық қақтығыстан еселеп қаржылық пайда тапқысы келетін саяси одақ күштер де іріктеліп сомдалып көрініс табуда. Соның ең нақты көрінісі Сирияда содырлар мемлекеті ылаң салуда. Диалектикалық жікшілдік пен өркениеттік базалар аралық бәсекеде дін және діни танымдар идеологиялық лагерлерге айналып шыға келді. Жалпы христиандық пен ислам арасындағы жарыс өз алдына, ислам әлемінде іштей іріткі ылаң идеологиясы уахабилік болса, әлемдік саясатта қаржылық қолдау тауып, модаға айналды. Ашық діни буквалистік хуруфилік, харижилік платформасын жарнамалап, жариялап жатыр. Оған сеп болып отырған да бүгінгі ақпараттық қоғам мүмкіндігі екендігі жасырын емес. Қазір Қазақстанда мұсылмандар арасында рухани келісім платформасы қамтамасыз етілді деуге негіз бар. Олардың арасындағы бұрынғы жамағатшылық, жаттанушылық сынды керітартпа әдеттердің орнына, бүгінде өзара диалог жағдайы қалыптасып келеді. Бұл істің басында діни қызметті реттеу мәселесімен айналысатын Мәдениет және спорт министрлігінің еңбегі зор екендігін атап өтуіміз керек. Рас әу баста, ислам діні шеңберіндегі әртүрлі танымдық мектеп өкілдері арасында, мемлекет пен қоғамдық институттар арасында мұндай диалог платформасы болмады. Бұл құбылыс еліміздегі дін саясатының жолға қойыла бастағандығының көрінісі дер едім. Мәселе дін мен мәдениет арасындағы қатынастың ғылыми негіздері мен қабаттарын жете сезіну мен түсінуден келіп шығады. Сонда ғана мемлекет пен дін арасындағы зайырлылық ұстанымы өз функциясын жүзеге асыра бастайды. Қоғамның демократиялық, зайырлы, ғылыми потенциалы терең қолданысқа енген сайын рухани келісім мен өзара түсіністік ұстанымы да үстемдік ететін болады деп сенем. Оған бүгінгі Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың дін құбылысына қатысты жаһандық саясаты мен тұлғалығы кепіл бола алады.
– Елімізде дінге қатысты маңызды бетбұрыстар жасалып жатқанын тілге тиек еттіңіз. Осы ретте өзге ұлт өкілдерінің ұлттық менталитет, ұлттық руханиятымызбен біте қайнасып, тыныш өмір сүруі үшін ғалым ретінде қандай тұжырымдама немесе жоба керек деп ойлайсыз?
– Біздің діни танымымыз, қазақ мұсылмандығында адамды сүю басты тұғыр. Оны тарихымыздағы Иасауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. даналарымыздың қалдырған мұралардан көре аламыз. Еліміздегі кез келген ұлт өкілдері тегіне, түрі мен жынысына қарамастан тек конституциялық талаптар негізінде ғана емес қазақ болмысындағы толеранттылық пен кең пейілділікке сенім білдіре алады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өткен Қазақстан халықтар ассамблеясында сөйлеген сөзінде бұл елдің негізгі құрушы мәдениеті, ұлты, тірегі мен тұғыры қазақ халқы деп атап көрсетті. Бұл мемлекеттілік теориясы мен болмысына сай жасалған ғылыми тұжырым болатын. Ал шын мәнінде практикалық қырынан қарасаңыз, егемен елдің ең басты жауапкершілігі қазақ ұлтына түсіп тұр деген сөз. Бұл елдің тыныштығы мен дамуының, баяндылығының кепілі де, жауаптысы да қазақ халқы. Сондықтан ең алдымен бүгін қазақ халқынан рухани келісім мен түсіністік, терең тарихи санаға негізделген, таным мен ғибраттық болмыс талап етілуде. Мұны Елбасымыз әр сөзінде тілге тиек етуде. Қазір қазақ халқы ішіндегі бірлік пен тұтастық, бауырластық тікелей жалпы елдік тұрақтылық кепілі болады. Сондықтан қазаққа қайта игеруі тиіс тарихи, рухани қабаттар бар. Қазіргі діни сана, діни таным, діни тәжірибе мен діни сенім салалары арқылы түсіндіретін болсақ, қазақ мәдениетінің мәніндегі діни сананың мазмұны исламнан бастау алады. Діни сана исламға қатысты құндылықтар мен ақпараттық сұрыптау ролін атқарады. Діни сана ұлттың болмысы, табиғаты, ерекшелігі. Ұлттың мәдени қабаттарына үңіліп қарасаңыз бұған көзіңіз жетеді. Ең басты мәдениет қабаты тіл десек, осы тіл арқылы исламның құндылықтық, ақпараттық, дүниетанымдық, ділдік, психологиялық, эстетикалық, этикалық және т.б. ұғымдары, түсініктері, тұжырымдары, анықтамалары сөз арқылы орын тепкен. Одан кейін мәдениеттің ақыл ойы дүниетанымдық қабаттары, тарихы мен өнері, ахлақы мен әдет ғұрыптары, сәулеті мен құқығы, жазуы мен әдебиеті, сазы, жыры мен тұрмысы болып кете береді. Осы қабаттардың мәні мен мазмұнында діни сана ойып орын алғанда болмысы мен табиғаты ашылады. Діни сана өзін қоршап тұрған мәдени қабаттардағы құндылықтық өлшемдерді сақтап тұратын тұғырлық қызмет атқарады. Сол тұғыр кейде ұмытылып, кейде әлсіреп жатады. Оған әрдайым күш беріп тұратын діни таным. Діни таным діни сананың айтқанынан шықпайтын қалыптар мен ділдік, доктриналық, танымдық, тәжірибелік, сезімдік циклдардан тұратын ортақ рухани платформалар. Діни сана тарих пен мәнге сүйенеді. Тарих деп отырғанымыз діни тәжірибе, ал мән деп отырғанымыз діни таным мен сенім. Діни сенім біреу, ол ислам, біздің өркениеттік негізіміз, мысалы ислам дініндегі барлық халықтармен осы негізде бірліктеміз. Діни таным көп. Біздің діни танымымыздың тәжірибесі мен тарихында Ханафи, Матуриди мен Иасауи үштігінің орны ерекше. Қазақ болмысының мазмұнында ислам жатыр дегенде осы ақиқаттар ойға оралады. Қазақ дінді ардың көзі, рухты, қалыпты, адамдықты сақтаудың өлшемі ретінде қабылдаған. Негізі ислам дінінің мәні де соңғы пайғамбарымыздың міндеті де осы. Қазақ даласына ислам өз мәні мен табиғатында орын алуында Иасауи ілімінің орны, қызметі естен шықпауы тиіс. Кеше кеңестік қызыл режимнен діни санамыз өлімші болса да аман қалды. Себебі діни таным мен діни тәжірибеге тыйым салынды. Кейбір мәдени қабаттарымыздағы құндылықтар да діни мән ретінде қарастырылып, қысымға ұшырады. Бірақ қазіргі таңда қазақ мұсылмандығын ширкпен, діни санасын шаманизммен, діни танымы мен тәжірибесін жоққа шығарып, қазақты енді ғана ислам дінін қабылдап жатқандай таныту белең алып барады. Бүгін қазақтың діни санасы «екі діни таным» арасында қалды. Сондықтан қазаққа діни санасын, яғни ұлттық, мәдени қабаттарын сақтап қалу үшін, өзінің төл діни танымын жаңғыртып, оның білім беру жүйесінен ойып орын алуына өзін қазақпын деген әрбір жас аянбай еңбек жасау керек болып тұр. Себебі діни сана өзгерсе мәдени қабаттар да өзгеріске ұшырайды. Оны өзгертетін де, сақтап қалатындар да қазақтың бүгінгі жастары.
– Осы Жуырда ғана рухани келісімді дамыту туралы концепция қабылданғалы жатқанын естіп едік. Осы жөнінде не айтасыз?
– Рухани келісім тұжырымдамасы да жалпы кез келген мемлекеттік тұғырлар ол тарихпен үндестікке негізделеді. Сондықтан рухани келісім мен танымдық түсіністік, толеранттылық бастауы әрдайым біздің тарихи санамыз бен тәжірибемізде орын алған қабаттарға жетелейді. Сондай бастаудың бірегейі ол Иасауи ілімі, қазақ мұсылмандығының негізі. Ал Иасауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Иасауи біздің Конфуций» деген сөзінің артында да осы себептер жатыр. Бүгін Иасауи ілімі Қазақстандағы дінішілік қана емес діндераралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы. Бірақ өкінішке орай мемлекет те қоғамдық институттар да осы қазынаны өз кәдесіне жарата алмай келеді. Мысалы Қарахан мемлекетінде бүгінгі елдегі проблемалар, сол кездің өзінде өте құнды ұстаным ретінде танылды, қабылданды. Салық, оны жинау ұстанымдары, мұсылмандар мен мұсылман еместер хақ құқықтары, теңге оның салмақтық, құны, алым сатым қуаты, алтын, күміс, қола қатынастарының өлшемдері нақтыланды. Таразы тек қана физикалық өлшем емес, ақыреттік ұстаныммен жауапкершілікке негізделді. Ел мен билеуші және құқық арасында моральдық ұстаным негізінде құқықтық фәлсафа Ханафилік ұстаныммен дамып, реттелді. Саясат фәлсафасы басты тұғыр болды. Адам проблемасы басты орында тұрды. Адамды, тегіне емес, арына қарай таразылау тетіктері мен моральдық алғышарттары орнықты, соның негізінде Матуриди ақидасымен тасауу фиахлақи ұстаным исламдағы адами құндылықтарды басты тұғыр ретінде таныды. Құран Орта Азияда осындай тіршілік фәлсафасының дамуына ықпал етті. Сондықтан бүгінгі экзистенциялық қажеттіліктердің көтерген тақырыптары Иасауи дәуірінен бастау алады. Сол ғасырларда Қарахан кезеңінде фиқһ, тіл, мантық, дін, тасаууфқа қатысты бес жүзден астам ғұламалар шықты, олардан мирас қалған мұралар бүгінгі өркениеттік,тарихи, ғылыми, философиялық, саяси, мәдени, діни тәжірибемізге қызмет еткенімен бүгінгі ғылыми айналымға енген жоқ. Сондықтан елдің баяндылығына жасалатын концепция осы қабаттармен ғылыми танымдық талдаулар арқылы салыстырылып тарихи үндестік ұстанымы бойынша жасалса құба-құп.
– Досай аға, осы ретте дәстүрлі исламның рөлі қандай болмақ?
– Дін құбылысының мәдениет, адам, ұлт және өркениет қабаттарындағы алатын орны туралы ақиқат бүгін өте өзекті мәселе болып отыр. Қазақ мұсылмандығының негізіндегі діни таным арнасы Матуридия ақидасы мен Ханафи фиқхы, Иасауи ілімі арқылы қалыптасқан болатын. Мұны жаңа айтып кеттік. Дәстүрлі мұсылмандық дегеніміз осы қабаттар. Діни таным ұлттық болмысымыздың өзегі. Қазіргі таңда қоғамда діни танымы жат, бірақ ислам діні негіздеріне сүйенген діни тәжірибемізге мүлдем үйлеспейтін ағымдар белең алып барады. Бұл ағымдардың ең басты қауіп туғызып отырған қабаттары да діни танымға қатысты. Діни таным мәдениетіміздің де орталығы. Ал енді неосалафизм идеологиялық қысымы мен ақидасы біздің қазақ мұсылмандығының өзегіне шабуыл жасауда. Бірінші құдайлық теологиялық танымдары, нақли негіздегі адамдық ақылды жоққа шығаратын тенденциясы арқылы, дүниетанымымызда қалыптасқан болмыс туралы түсініктерімізді жоққа шығаруда.
Иман мен амал қабаттарын автономды құбылыс ретінде діни сана мен танымның тұтастығына негізделген қазақ мұсылмандығының толеранттылығының орнына діни фанатизм, күпірлікті егіп елді жікке бөлуде.
Еркіндік және тағдыр мәселесі де адамның ықпалынан тыс, құдайлық детерминизмге негізделіп түсіндірілуде. Бұл адамның еркі мен жігерін, тақлиди мұсылмандыққа, ойсыздыққа итермелеп жатқан негізгі идеялық фактор. Дін және мемлекет байланысында мұқият болуы тиіс нәрсе – әрбір ой, теория және практиканың артында құндылықтар жүйесі мен рационалды шындық базасының жатқандығы. Сондықтан мемлекетіміздің аксиологиялық негіздері де дәстүрлі мұсылмандық тұғырларымызбен тығыз байланысты.
Мемлекеттілігінің мақсаты, негізі, кеңістігі мен тарихилығы, себебі мен идеясы, шарты мен мәдениеті тұтастай ішкі және сыртқы саяси болмыстар тарапынан танылуына, өзара қарым қатынасының қажеттілігіне, мүдделеріне барып тіреліп жатады. Біздің бүгінгі діни танымға деген қызығушылығымыз, негізінен мұсылман халық ретінде, белгілі бір қалыпты, мәзһабты, ақиданы ұстануымызбен ғана өлшенбейді. Діни танымға деген ең басты өзектілік ол мемлекеттілігімізді, егемендігімізді сақтау үшін, жаһандық қысымға қарсы ұлт, саясат, қоғамдық, әлеуметтік қайғыдан туындап отырғанына назар аударғанымыз абзал.
Бүгін қоғамдағы барлық мәселе адам мәселесі. Мысалы біз көбіне әдет ғұрып туралы өткен шақта, болып өткен бір тәжірибе, алыс елес ретінде қарастырамыз да, онымен байланысымыз үзіліп қалған яки ұмыттық деп бәрін өткенге жаба саламыз. Осы тұжырымның өзі адамның интеллектуалдық қатынасының деңгейін көрсетеді. Ал енді дәстүр деген құбылыстың сырына үңіліп қарасақ, адам мен дәстүр арасындағы байланыс ол рухани ителлектуалдық сипатта екен. Ол деген сөз, адам мен дәстүр арасындағы эпистемиологиялық үзікті қайта сабақтауды мақсат ететін де онымен байланысуды қажет ететін де адамның ішкі рухани әлемі екен. Ол құндылық. Егер сен оны иеленсең, өз бойыңда тапсаң, сонда ғана ол дәстүр. Дәстүр материалды мирас емес. Оны әрбір ұрпақ өз бойында, санасында жаңғыртып, сүзіп, қайта қорытып игереді. Сонда дәстүр меңгеріледі. Ал енді өзің сол мәдениетің өкілі бола тұра, дәстүрді өткен шақпен шектеп, қол үзіп қалдық, ұмыттырды, ұмытып қалдық деп, өтірік жаны ашығансу ол ұлтқа сатқындықпен тең. Дәстүр сондықтан да жаңды құбылыс. Оны тек өткеннен емес, өзіңнен, санаңнан, ұлттық діліңнен іздеп тауып алуың керек. Жанды құбылыс себебі сенде бар ол сана деңгейінде. Сонымен қауыш, өзіңді өзгерт, жан тыныштығың үшін, ұлттық құндылықтарды құрметтеуіңе, ұрпақ алдындағы жауапкершілігіңе мін болмас үшін. Өзіңді өзің таны! Сонда сенде, дәстүр де, салт та, ұлт та, діл де, дін де болмысқа айналып шыға келеді. Міне сонда ғана сен қазақсың! Сен үшін біреу дәстүріңді сақтамайды, сен үшін біреу құндылықтарыңды қорғамайды…Сен өзің үшін осыларды өзіңмен бірге алып жүруің керек… Егер қазақ болып қаламын десең, басқа жол жоқ…Міне сол сияқты дәстүрлі мұсылмандық қабаттарымыз да Қазақ мәдениеті мен мемлекеттілігіндегі зерттеліп, танылуы тиіс аса қажетті қабаттардың басында келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!