Ұлт тарихындағы қаралы кезең – өткен ғасырдың 30-жылдарындағы жаппай қуғын-сүргінде оқыған-тоқығаны бар, көзі ашық ұлт қаймақтарымен бірге елді имандылыққа ұйытқан дін өкілдері де солақай саясаттың құрбаны болды. Зұлмат науқанның ақиқаты әлі де толық ашылған жоқ. Осыған орай біз Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрамындағы жұмыс тобының жетекшісі болған философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай КЕНЖЕТАЙДЫ әңгімеге тартқан едік.
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
– Досай Тұрсынбайұлы, сіз мемлекеттік комиссия аясында дәстүрлі дін өкілдерін ақтау үшін зерттеу, қорытындылар мен ұсыныстар әзірлейтін жұмыс тобына жетекшілік еттіңіз. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілді?
– Ең алдымен айтарым, бұл мемлекеттік комиссия 3 жылдың ішінде көптен күткен өте маңызды әрі ауқымды істерді атқарды. Коммунистік-тоталитарлық жүйе үстемдік құрған жылдары халқымыздың дінін сақтап қалу жолында еңбек етіп, сол үшін қуғынға ұшыраған қайраткерлерімізді зерттеуде жаңа әдіснамамен жұмыстар жүргізілді.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесі бүгінгі «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын негіздеу тұрғысынан да өте маңызды. Себебі егемен еліміздің кешегі тоталитарлық жүйеден қалған саяси-идеологиялық нормалардан айығып, құқықтық мемлекет тұғырнамасын бекітуде бұл шара өте өзекті. Кеңестік режім кезінде билік жүргізген коммунистік партия миллиондаған адамды жазықсыз қырды, итжеккенге айдады. Оларды саяси, діни көзқарастары, әлеуметтік тегі, ұлттық-мәдени ерекшеліктеріне бола қуғын-сүргінге ұшыратып, зардап шеккізді. Бірақ бұл жұмыста тұтастай да, жекелей де фактілерді саясиландырмауға, жау іздемеуге, басқа ұлттар мен мемлекеттерді кінәламауға, тек Мемлекет басшысы алға қойған міндет – саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарына, соның ішінде халқымыздың дініне қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге, дәлірек айтқанда, құрбандар мен зардап шеккендерді толық ақтауға назар аударылды.
1920–1950 жылдар аралығындағы қазақ қасіреті – адамзат тарихындағы орны толмас трагедиялық құбылыс. Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, ұрпақтар сабақтастығын жалғау мақсатында осындай адамзаттық, ұлттық, діни, өркениеттік қасіретті зерттеп-зерделеп, өткенге баға беру міндет. Ол – тағылған жалған айыптардан арашалау және ақтау арқылы жүзеге аспақшы. Сондықтан кеңестік қуғын-сүргін құбылысына лайықты құқықтық, саяси баға беру – ең алдымен мемлекеттің әрі қоғамның жауапкершілігіндегі мәселе.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бастамалары бұрын да болған. Мысалы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1989 жылғы 16 қаңтардағы «1930–1950 жылдар арасындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты қосымша шаралар», сондай-ақ 1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды. Ал бүгінгі кезекті қуғын-сүргін құрбандарын ақтау науқанының мақсаты осы құрбандар феномені туралы тарихи әділеттілікті толығымен орнатуды көздейді.
– Сталиндік саясат дінге және діндарларды не себепті жаппай қуғындады?
– Мұның бірнеше себебі мен алғышарты бар. Оны пролетариат диктатурасын орнатқан большевизм көсемдерінің атеистік тұжырымдары мен тарихи материалистік диалектика ұстанымынан байқауға болады. Большевиктер билікті қолына ала сала дінді «рухани қанаушылық» деп қарастырып, арнайы «жауыққан атеистік» идеология машинасын ойлап тапты. Дінді мемлекеттен ажырату, діни бірлестіктерді жабу және олардың мүлкін тәркілеу, атрибут-құндылықтарын жою жөнінде заң қабылдады. Өйткені діннің бәсекелестік саяси ықпалы күшті еді.
Сондықтан әртүрлі заңдар, қаулылар, бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарды. «Құдайсыздар қоғамы», «Қосшы», «Қызыл отау» орталықтары, «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі», басқа да ұйымдар мен басылымдар арқылы жүргізген үгіт-насихат салдарынан дінге қарсы жаппай науқан басталды. Жұма намазына бару, Айт мейрамын өткізу, балаларды сүндетке отырғызу, ораза ұстау, тағы басқа құлшылық амалдары мен діни әдет-ғұрыпқа тыйым салынды, діни білім тоқтатылды. Барлық ғибадатхана мемлекет меншігіне өтіп, мәдени-ағарту орындарына берілді, тіпті кей жерде оларды қойма немесе мал қораға айналдырды. Білім саласында «Ғылыми атеизм» міндетті пәнге айналды. Дін қызметкерлері, молдалар мен ишандар, олардың отбасы мүшелері толық сайлау құқығынан айырылып, әртүрлі қуғын-сүргінге ұшырады.
«Дінмен күрес – социализм үшін күрес» деген ұран дінге қарсы қозғалыс тетігіне айналып, «құдайсыздар» қызметі белсендіріле түсті. Өндірісте, ұжымшарларда, мектептерде құдайсыздар ұйымының ошақтары арнайы құрылды. Осылайша, дінмен идеялық күрес, еңбекшілер санасында атеистік дүниетанымды қалыптастыру, діндар адамдарды құрықтау, атеистік әдебиеттерді шығару, т.б. ұстанымдар мен бағыттар саяси науқанға айналды.
ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап мұсылман дін иелері ғана емес, сондай-ақ басқа да діннің өкілдері жаппай қуғын-сүргіннің қармағына ілікті. 1937 жылы Қазақ өлкелік комитеті «Діннің таптық мәнін түсіндіре отырып, дінге қарсы үгіт-насихатты кең құлашпен жүргізу» туралы шешім қабылдады. Осы кезден бастап «еңбекшілердің таптық жауы» ретінде дін иелеріне қарсы қатаң жазалау шаралары жүргізілді. 1937–1938 жылдары қазақ ауылдарындағы имам-молдалардың барлығы дерлік ұсталып, түрмеге жабылды не ату жазасына кесілді.
Дін мен діндарларға қарсы саяси қуғын-сүргіннің түрлері, жүйесі мен тетіктері көп. Олар «тап жаулары», «халық жауы», «қауіпті антисоветтік элемент», «зиянкес», «салықтан бас тартушы», «банда», «шайка», «басмашы», «бүлікші», «ағылшын тыңшысы», «жансыз», «контра», «саботаж», «кеңестік билікке қарсы үгіт-насихатшы», «діни әдебиет таратушы», «пантүркист», «исламшыл» (панисламист), т.б. жалған айыптармен қараланды. Елімізде мұсылман қауымына қарсы «Сопы операциясы», «Ишандар ісі», «Құран тізбегі», «Еділ-Орал операциясы» тәрізді арнайы іс-шаралар ұйымдастырылғанын айта кету керек.
– Комиссия жұмысы аясында көп зерттеу жүргіздіңіздер. Жалпы саны қанша діндар қуғындалған?
– Бүгінде жаппай қуғын-сүргінге ұшырағандар, оның ішінде сотты болғандар, кейіннен ақталғандар, ақталмағандар саны туралы ақпарат бірізді емес. Себебі қазір 17 аймақ пен 3 қаладағы жұмыс топтарының зерттеулері әлі аяқталған жоқ. Бірақ әзірге белгілісі – тек сотты болып ақталғандардың саны болжаммен жеті мыңның шамасында.
Ал сотсыз атылған дін өкілдері әрі ақталмағандар саны нақты белгілі емес. Себебі архив материалдары толық сарапталған жоқ, олардың саны архивтермен ғана шектелмейді. Ешбір құжатсыз, тіркеусіз, есепсіз атылғандар қаншама, олардың ақталғаны не ақталмағаны беймәлім. Ешбір негізсіз «үштік», «бестік», «екілік» трибунал негізінде атылғандардың саны да толық сарапталмады.
Туған жерден босып, көшіп кеткен діндарлардың отбасылары, олардың ақталғаны не ақталмағаны туралы мәлімет те жеткіліксіз. Олардың ұрпақтарының тағдыры, моральдық, психологиялық және материалдық зәбір көргендер әлі анықталу үстінде.
Айта кетер мәселе, архивтендіру ісіндегі бір орталықтандырылған жүйенің болмауы да жұмысқа кедергі. Мысалы, облыстық архивтерде деректердің жүйеленбегені өз алдына, кейбір құжаттар ауылдық, аудандық, кәсіподақтық, шаруашылық базаларында іріктелмеген.
Қазіргі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, дінге байланысты құрбан болған, зардап шеккендердің жалпы саны шамамен 100 000 адам деп болжанып отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыс жалғасын тапса, басқа да тың деректер табылады деп үміттенеміз.
– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысы аяқталды ма? Әлде тағы жалғаса ма? Осыған орай айтар ұсыныстарыңыз бар ма?
– Дұрыс сұрақ. Мемлекеттік комиссияның жұмысы біткенімен, большевиктік-сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жалғаса беруі керек. Біз комиссия құрамында көп жұмыс істедік, алайда кезегін күткен іс әлі көп. Мысалы, құрбандардың санын толық анықтау, қуғын-сүргінге қатысты барлық архивтік құжаттарды құпиясыздандыру, құрбандар отбасындағы шежірелерде сақталған деректерді тереңнен зерттеу қажет. Көптеген тарихи дерек шетелдерде жатыр. Оның бәрін толық қамти алмадық.
Мемлекеттік комиссия жұмысына қатысты өз ұсыныстарымды айтар болсам, біріншіден жетпіс жыл әміршіл-әкімшіл әдіске сүйеніп билік құрған тоталитарлық режімнің өз азаматтарына қарсы репрессиялық саясат ұстанғанын айқындайтын заңнамалық қана емес, дербес егемен мемлекеттің саяси шешімі болуы керек. Бұл ХХ ғасырдың 20–50-жылдарындағы большевиктік-сталиндік режіммен ғана шектелмейді. Әсіресе кеңестік биліктің дінге қатысты саясаты кейбір кезеңде жұмсарғанына қарамастан, кеңес өкіметі құлап, коммунистік партия тарағанша, адам мен азаматтың іргелі табиғи құқықтарының бірі болып саналатын дін ұстану бостандығы қуғынға ұшырап келді.
Екіншіден, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия 80-жылдардың соңындағы КОКП ОК Саяси бюросы мен КСРО Жоғары Кеңесі қаулыларының және тәуелсіз еліміздің құрбандарды ақтауға қатысты мемлекеттік актілерінің жалғасы саналады. Қазір біз дербес мемлекет ретінде халқымыздың дінін сақтау үшін күрескен, атылған, сотталған және қуғын-сүргіннің басқа түріне ұшыраған қаһармандарымызды саяси тұрғыдан ақтауымыз қажет.
Үшіншіден, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бір науқандық шарамен шектелмей, онымен мемлекеттік орган және арнайы ғылыми институт айналысуы керек. Мемлекеттік комиссия аясында жиналған тәжірибемізді жан-жақты дамытуымыз қажет.
Төртіншіден, облыстық полиция департаменттерінің арнаулы архивтерінде ақтауға жатпайтын тұлғаларға қатысты қылмыстық істердің құжаттары бар. Ол тізімдегі азаматтардың құжаттары сақталмағандықтан, ақтаудан тыс қалған. Кей жағдайда жергілікті тергеу органдарының қателігінен құрбандарды ақтауға жатпайтын бап тағылып кеткен. Мысалы, Қазақстан аумағында күші болған РСФСР ҚК 121-бабымен құпия мәліметті жария етті деген айып тағылады да, осы баптың 16-тармағындағы оның лауазымды тұлға еместігі естен шығарылады. Заңгерлердің араласуын, сараптамаларын қажет ететін осындай мәселелер баршылық.
Бесіншіден, «Қазақстандағы кіші қазан», «Алаш» автономиясын жою және басқа құбылыстармен қатар, «діни көтерілістер» мен «басмашылық қозғалыстар» ұлт-азаттық қырынан қарастырылып, өзінің саяси бағасын алуы керек. Ол әлі де толыққанды зерттелмей, шынайы бағасын алмай келеді.
Алтыншыдан, қуғынға ұшыраған дін қайраткерлерінің есімдері анықталып жатыр, енді олар мәдени өмірде, қоғамдық идеологиялық негізде ұлықталуы керек. Көрнекті ғалым Талас Омарбековтің айтуынша, халық көтерілістерінің ауқымды бөлігі олардың діни құқықтарының өрескел бұзылуы салдарынан орын алған.
Жетіншіден, Әділетті Қазақстанды құру барысында тарихтың тағылымы бүгінгі заманның сұранысына жауап беруі керек. Сонда ғана одан адам мен қоғамға қандай да бір пайда болады. Жаңа әрі әділетті қоғам орнату шынайы әрі табиғи ұлттық негіздерді заманауи жаңғыртқанда жүзеге асады. Зерде сауығып, тәуелсіз сана жаңарады.
Сегізіншіден, қуғын-сүргін құрбандарын, соның ішінде Отанымыздың азаттығы, халқымыздың дінін сақтап қалу үшін күресіп құрбан болған қаһармандарымызды тарихта да, ұрпақ жадында да сақтау мақсатында арнайы бағдарламалар, жобалар, танымдық, биографиялық томдықтар жасалып жатыр. Бірақ оны сараптау, талдау, ғылыми айналымға енгізу қолға алынуы керек. Өркениетті түрде насихаттап, бірізділікке салынуға тиіс.
Сөзімнің соңында айтарым, адамзат үш тарих тұғырын әрдайым тұтас қарайды. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Өткен шақ, осы шақ және келер шақ – адамзаттың тұтас уақыты. Бұл – атадан балаға, баладан немереге жалғасып жатқан сабақтастық деген сөз. Сабақтастық санасы болмаған жерде ұлттың мәдени, тарихи жады істен шығады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ