Ағымдағы жылғы 3 ақпанда «Дінтанушылар конгресі» қоғамдық бірлестігі онлайн форматта сарапшылардың және Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары профессорларының қатысуымен «Қазақстандағы жас ұрпаққа діннің әсері: дінтану білімін жетілдіру жолдары мен шаралары» тақырыбында онлайн форматта дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының сарапшылары, ҚР ҰҚК академиясы, Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н. Гумилев ЕҰУ факультеттерінің, кафедраларының басшылары, профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Кездесуде еліміздегі діни тұрақтылықты қамтамасыз етудегі отандық дінтану білімінің орны, рөлі, міндеттері мен әдіснамалық тәсілдері, жалпы білім беретін және жоғары оқу орындарында зайырлылықты қамтамасыз ету жөніндегі негізгі шаралар, діни негізделген экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдағы дінтану білімінің рөлі талқыланды.