Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 2022 жылдың 8 мамыр күні әйел жамағаты арасында «Діннің қоғамға әсер етуші факторлары» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, «Отпан» Ақпараттық-түсіндіру және оңалту орталығының директоры Азамат Нұғманұлы Төлепов жүргізді.
Дін – қоғамда әлеуметтік организм өмірінің бір көрінісі ретінде өмір сүреді. Дін мен қоғам арасындағы байланыс үздіксіз дамып отырады. Дін — одан оқшаулана алмайтын қоғамдық өмірдің бір бөлігі, ол қоғам өміріне соншалықты сіңісіп кеткен. Солай бола тұра, қоғам мен діннің мұндай байланысының сипаты мен дәрежесі оның дамуының әр түрлі кезеңінде біркелкі болмайды.
Соңғы уақыттарда елімізде дінді толыққанды түсінбеген, теріс ағымның жетегінде жүрген кейбір азаматтар қазақ қоғамында ежелден қалыптасып келе жатқан мәдениетке, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге ислам дініндегі «Ширк», «Бидғат», «Куфр» деген терминдерін орынсыз, білімсіз пайдаланып, қарсы жығып жатады.
Негізінде қазақ халқының қайсы бір мәдениеті болсын, салт-дәстүрі болсын астары ислам дінімен ұштасып жатады. Дінді кең ұғыммен, терең біліммен, байсалдылықпен ұғынбаса, діннің қасиетін, құндылығын жоғалтып, діннің қоғамдағы асыл қызметтерін жоққа шығарады.
Дәстүрлі діндердің қоғамдағы әлеуметтік функциялары — қоғамның рухани бірігуі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың бір-біріне деген мейірімді болуы, адамгершілік нормаларының сақталуымен жүзеге асырылуын қамтамасыз ету болып саналады. Діннің осы бір құндылықтарын ұстана отырып, әрбір халық өз елінде тыныштық пен татулықты сақтау тіис.