ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы, филология ғылымдарының PhD докторы, РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров Маңғыстау обылыстық «Бекет Ата» орталық мешітінде жұма намазына келген жамағатқа «Дінде орта жолды ұстану» тақырыбында уағыз жүргізді.
– Діннің шеңберін білмей тым қатты ұстанам деп жүріп тура жолдан адасқан кей бауырларымыз түбінде өз қателігін түсініп дәстүрлі дінімізге, яғни қалыпты исламға бет бұруда, – деді ол уағыз барысында.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Әй, үмбетім. Орта жолды ұстаныңдар. Дінді тым ауыр етпеңдер әрі тым жеңілдетпеңдер. Шектен, шеттен шықсаңдар, діннен шығып кетесіңдер».
Кей азаматтар дінді өздеріне тым ауырлатып тастаған. Тіпті жұрттың барлығы өздері секілді, дінді ауыр етіп ұстануы керек деп санайды. Асылында, дінді қатты ұстап, фанаттыққа жол алу – білімсіздіктің кесірі.