Діннің саясатқа араласуы қаншалықты орынды? Дін басқару құралына (манипуляция құралына) айналғаны емес пе?
Дін-рухани құндылық. Әрі тек рухани құндылыққа қызмет етеді. Ал саясат болса мүддеге негізделеді. Соңғы кездерде дінді саясатқа құрал қылу фактілері жиілеуде. Яғни дін адамдарын пайдаланып халықты басуға қадам жасалуда. Бұл біздің қоғам үшін уақытша жағдай деп білемін. Жалпы қай ғасырда болмасын билік иелері дінді өздерінің ыңғайына тартуға тырысқан. Көптеген ислам ғұламаларының өмір тарихына қарасақ қуғындалу, зыданға тасталу, айдалу себептері биліктің ығына жығылмауынан болған. Ханафи мәзхабының негізін қалаған Әбу Ханифаның да зыданда көз жұмғаны белгілі. Ал дін әділеттіліктің, әліздердің, білімнің, парасаттылықтың жанында болуы тиіс. Бірақ саясаткерлердің қамқорлығынан үміт еткен дін адамдарды да көп болған. Патшалық ресей кезінде указой молдалардың да болғандығы аян. Қазір де қоғамымызда жалтақой, жағымпаз діндарлар көп.
Бірақ, бұл қоғамда дүрбелең туғызу, елдің ішінде алауыздық жасау керек деген сөз емес. Діннің көздеген мақсаты адамның, қоғамың рухани жетілуі, адамгершілікке қызмет. Онда да діннің негіздері болып саналаты діни мәтіндерге, кітаптарға сүйене отырып. Сондықтан қолдан келгенінше тыныштықты сақтауға, бірақ бұл көзжұмбайлыққа айналып кетпеуі шартымен, әрбір азаматтың міндеті. Құран аятында: «Ей адамдар! Алла үшін әділдікті ту етуші болыңдар!» (Маидә, 8) делінеді. Пайғамбар хадисінде де: «Бір кемшілік көрсеңдер оны қолмен түзетіңдер. Оған шамаларын жетпесе ауызбен (сөзбен) ескертіңдер. Оған да шамаларың жетпесе іштең қарсы болыңдар!» (Мүслим, Иман 78; Әбу Дәуіт, Сала 232) делінеді.
Сондықтан да мұсылман адам жамандыққа, әділетсіздікке, өктемдікке ортақ болуы мүмкін емес. Әрдайым ізгілік жағында болуы керек. Ал саясат құбылып тұратындықтан дінді саясатқа айналдыру адамға абырой әкелмейді. Керісінше діндарлардың жағымпаздық қадамдары дінді жек көрінішті етеді. Сол себептен уақытша игіліктер үшін адамшылығымызды, дінімізді, иманымызды қауіпке тігу ақылдылықтың белгісі емес. Ал зайырлы мемлекет ретінде еліміз үшін дін мен мемлекеттің бөлектігі басты қағида болғандықтан діндарларға саясаттың сойылын соғу міндеті жүктелмейді.
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.
Дін саясатқа араласпайды. Дін адамның жеке ұстанымы. Дін адамды екі дүниеде бақытты болуды көздейді. Ал саясат құбылып тұратындықтан дінді саясатқа айналдыру адамға абырой әкелмейді.Мақала авторына мың алғыс. Қазақстан – зайырлы мемлекет.