Сұрақ: Діннің қоғамдағы орны, қоғам үшін маңызы қандай?
Жауап: Діннің адамдарды біріктіру, қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу, саяси жағдайды тұрақтандыру сияқты әлеуметтік құбылыстардағы орны ерекше. Біз мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Біздің ұлтымызға өзіндік нақыш пен реңк беріп тұрған тарихи және мәдени қалыптасқан дәстүрлі Исламның да қоғам өміріндегі орны айрықша.
Әсіресе, полиэтносты Қазақстан халқы үшін исламның рухани әлеуеті мен құндылықтары ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор. БАҚ-да жарияланғандай зерттеу нәтижелері Қазақстанның ересек тұрғындарының 95%-ы белгілі бір дінді ұстанатынын айтады. Соның ішінде 92%-ы – ислам және проваславие діндерінің өкілі. Бұлардың барлығын діндар деп айта алмаймыз, бірақ дәстүрі мен мәдениетіне сәйкес кейбір діни рәміздерді орындайтындары ақиқат. Себебі дін кез келген халықтың тарихы және мәдениетімен біте қайнасқан. Сондықтан мемлекеттің ішкі және сыртқы рухани келісімге, дінаралық және этносаралық келісім мен бейбіт өмірге қол жеткізу үшін діннің рөлі маңызды.
Жоғарыда айтқанымыздай, 130-дан астам этнос өкілі өмір сүріп жатқан Қазақстан сияқты қоғам өмірінде діннің маңызы артып отыр. Дін қызметкерлері мен имамдардың жүріс-тұрысы, айтқан уағыздары мен насихаттары ел татулығы, бейбітшілік тұрақтылығы үшін өз үлестерін қосып отырады. Дінсіз қоғам болмайды. Тіпті, атеизм, коммунизм идеологиялары да сенімге, діннің бір түріне жатады. Дінсіз, сенімсіз деген қоғамда азғындық пен арсыздық етек алып, жер бетінен жойылып кетіп отырады, бұған тарих куә.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ