Нағында, пайғамбарлар Ұлы Жаратушының адамзат баласына жіберген ең таңдаулы құлдары. Олар Алла-тағаланың мейірімі мен рақымдылығы ретінде жер бетіндегі қауымдарға елшілер және нәбилер болып келген. Сол себепті, пайғамбарлық – адамзат баласы үшін ең үлкен мәртебе саналады. Ешбір адам көркем-мінезімен және мінсіз құлшылығы арқылы мұндай биік мақамға қол жеткізе алмайды.
Алла Елшісінен (с.ғ.с) кейін ізгі буын ретінде сахабаларды алға тартамыз. Олар – Хақ Елшісінің (с.ғ.с) үзеңгілес серіктері һәм Хақ дінді алғаш болып қабылдаған алғадай мұсылмандар. Біздің сахабалар туралы теріс пікір айтуымызға болмайды. Олардың өз араларында болған талас-тартыстарда қайсысыныңкі жөн екеніне төрелік айтуға құқымыз жоқ. Бұл мәселеге тек мужтаһид ғұламалардың ғана пікір айтуына рұқсат етіледі. Өзгеміз мұндай мәселелерді Аллаға тапсырамыз.
Хақ-Тағала Құран-кәрімде сахабалардың мәртебесі туралы: «Мұһажир, әнсарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден Алла разы болды. Әрі олар да Алладан разы болды. Сондай-ақ Алла, олар үшін мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жаннаттер әзірледі. Осы ірі мұрат» (Тәубе, 100) деп бұйырған. Яғни, сахабаларға Алланың өзі разы болғандықтан, біз олар хақында теріс немесе жағымсыз пікір айта алмаймыз.
Ал, сахабалардың ішінде өзгелерден кімнің мәртебесі жоғары дегенге келер болсақ, атақты муткәллим Омар ән-Насафи өзінің «Ақайд-Насафи» атты рисаласында: «Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) кейінгі адамдардың ең ізгісі – Әбу Бәкір Сыддық (р.а.). Одан кейін әзіреті Омар Әл-Фаруқ (р.а.), одан кейін әзіреті Осман Зиннурайн (р.а.), сосын Әли Әл-Мұртаза (р.а.). Алла Тағала олардың бәріне разы болсын. Олардың халифалықтары да осы ретпен жүзеге асқан» – дейді.
Иә, Пайғамбарымыздан кейін үмбеттің ең ізгісі – Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а), Осман (р.а), Әли (р.а). Ал, олардан кейінгі мәртебесі жоғары мұсылман ретінде көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленген сахабаларды айтамыз. Жалпы, әһлі-сүннет ақидасы бойынша көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленген он сахабаны (ашара-й-мубашшара) растап, қабылдауымыз керек. Олардың бірде-бірін теріске шығаруымызға болмайды. Өйткені, олардың мәртебесі ешқашан төмендемейді.
Ислам тарихындағы жұмақпен сүйіншіленген он сахабаның есімдері: Әбу Бәкір (р.а), Омар (р.а), Осман (р.а), Әли (р.а), Талха (р.а), Зүбейр ибн Әууам (р.а), Саад Бин Әбу Уаққас (р.а), Саид Бин Зейд (р.а), Әбдуррахман Бин Ауф (р.а), Әбу Убайда Бин Жаррах (р.а). Алла-тағала оларға разы болғай!
Мұхан Исахан