Кеше елордамыздағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығында БАҚ өкілдері мен блогерлерге діни тақырыптарды жариялау ерекшеліктерін оқыту семинары өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне діни мәселелерді дұрыс жариялауда көмек көрсету, сондай-ақ тақырыпты кәсіби түрде жариялау дағдыларын шыңдауға мүмкіндік беру. Семинарды ашқан Орталықтың Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дианна Есенова өз сөзінде материалдарды дайындау кезінде дұрыс діни терминдер мен ұғымдарды қолданудың маңыздылығын атап өтті.
– Дін – өте өзекті әрі нәзік тақырып. Бұл салада мақала жазуда немесе сюжет түсіруде сауысқандай сақтық пен ұқыптылық керек. Ешкімнің діни сенімін қорлауға, дінаралық наразылық туғызуға, зайырлы мемлекеттің ұстанымдарына қайшы ақпараттарды шығаруға жол бермеген ләзім. Әрбір журналистің және блогердің мақсаты – ел ішіне дүрбелең салу емес, қоғамның бірлігі мен тыныштығын сақтауға үлес қосу. Сол себепті діни ақпаратты жазуға үлкен жауапкершілікпен келген жөн, – деді ол.
Сонымен қатар, тренинг жұмысына қатысқан Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Діни экстремизмнің алдын алуды интернет-кеңістігінде үйлестіру басқармасының басшысы Жапал Долиев тақырыпты одан әрі қаузап, БАҚ-та діни материал жариялаудың нақты кейстеріне тоқталды.
Жиын барысында қатысушылар жетекші сарапшылардан діни тақырыптарды дұрыс жариялау мәселелеріне қатысты құнды ұсыныстар алып, өзекті мәселелер мен сын-қатерлерді талқылады. Этикалық аспектілерге, бейтараптық пен объективтілік қағидаттарына, сондай-ақ діни төзімділікті сақтау мен елдегі әртүрлі конфессияларды құрметтеу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Айта кетсек, соңғы жылдары дін тақырыбында жазу – салалық журналистика бағыты ретінде дамып келеді. Бұл уақыт талабынан туындаған маңызды үрдіс. Діни мақала немесе ақпаратты осы салада төселген, діни терминдерден хабары бар, әрбір діннің негізгі ерекшеліктері мен қағидаттарын білетін адамның жазғаны жөн. Бұл ел ішінде діни алауыздықтың туындамауына және сыни ойлау қабілеті төмен жандардың адаспауына себеп болмақ. Осы және өзге де маңызды ойлар айтылған семинардың соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.
Жасұлан БАҚЫТБЕК