Соңғы кездері елімізде діни белгілері бойынша «жамағаттарға» бөлінушілік үдерісі байқалады. Діни топтардың фрагментизациялануы діни плюрализмнің дамуының нышаны болғанымен, құқықтық базасы даму фазасындағы мемлекет үшін, бұл құбылыс белгілі бір саяси – әлеуметтік сегменттерде жаңа қауіп – қатерлердің қалыптасуының алғышарты болуы әбден мүмкін.
Біздің қазақ қоғамы үшін бұл жаңалық екені рас, себебі қазақ мемлекетшілдігінің тарихында діни бірегейлік тақырыбы әрқашан біртұтас болған. Шынын айту керек, мұндай әлеуметтік құбылыс тек қана тәуелсіздік жылдарынан бастау алып, діни ұйымдар мен бірлестіктердің қызметіне толық еркіндік беру уақытымен бастау алады.
Негізінен, бұл үрдіс қазақстандықтардың шет елдерге барып діни білім алуымен және де осы азаматтардың елге оралып дінге қызмет жасауымен тығыз байланысты. Алайда, әртүрлі діни топтарға бөлініп, жамағат құрау ислам дінінің канонында бар нәрсе, Мұхаммед Пайғамбар өз өлімінен кейін оның «үмметі» жетпіс үш тармаққа бөлінетін айтқан. (Имам әт-Тирмизи – «Әл-‘Иляль әл-кабир») тек біз бұл үдеріске тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ілестік.
Бүгінгі таңдағы еліміздегі кейбір діни жамағаттар толыққанды әлеуметтік институттарға айналып отыр. Бұл жамағаттар қоғамның әрбір сатысы мен саласында өздерінің өкілдері бар, жаңадан қабылданған мүшелеріне толыққанды әлеуметтік игіліктер мен өзін – өзі дамытуға деген жағдайларды ұсына алатын деңгейге жеткен. Былайша, айтқанда өз адамдарын өмірдің әрбір бөлігі мен кезеңінде қолдауға дайын ресурстарға ие.
діни топтар жеке инфроструктураларды дамытып, мысалы тұрғын үйлер, балабақшалар, спорт клубтары, мектептер салып қала ішіндегі қала, мемлекет ішіндегі мемлекетті қалыптастыруға дейін дайын екендіктерін көрсетуде.
Керек десеңіз соңғы кездері кейбір діни топтар жеке инфроструктураларды дамытып, мысалы тұрғын үйлер, балабақшалар, спорт клубтары, мектептер салып қала ішіндегі қала, мемлекет ішіндегі мемлекетті қалыптастыруға дейін дайын екендіктерін көрсетуде. Мұндай бірегейлену мен оқшаулану әдістері болашақта үлкен әлеуметтік – саяси мәселелерді тудыруы мүмкін.
Қоғамымыздағы әлеуметтік мәселелердің соңғы кездері ушығып, күннен – күнге өзекті тақырыпқа айналып тұрғанын ескеретін болсақ, жастарымыздың мансапқа жету мен өздерін қоғамның толық азаматы ретінде дәлелдеуіне кедергі болып жүрген, рушылдық, жемқорлық пен жершілдікке бөліну, қаржылық тәуелсіздік мәселелері қырынан, оларға діни жамағат тарапынан берілетін прозелитистік «әлеуметтік лифт» пен «игілік» кімді де болмасын қызықтыратыны, бей – жай қалдырмайтыны рас.
Жамағатттар елімізде кенже қалып тұрған «әлеуметтік лифт» құралын толыққанды алмастырып тұр. Азаматтар әртүрлі жамағаттар арқылы қоғамдық байланыстарда, жұмыста, бизнес пен мемлекеттік қызметте дамуға және жетістікке жету басымдығына ие болуда.
Ал кейбір жамағаттар салаланған десе де болады, мәселен тек қана рухани сала, діни орталықтар мен мұсылмандар басқарамасындағы басымдылық үшін күрес пен бәсекелестік алаңына айналдырған.
Діни топтардың осылайша мемлекеттің кей әлеуметтік функияларын өздеріне алып алуы, олардың лоббистік құрылымдар мен күштерге айналуы еліміздің ішкі тұрақтылығы мен тыныштығына болашықта өз зиянын тигізуі мүмкін деп ойлаймын.
Снадин Асылбек,
дінтанушы, тәуелсіз сарапшы