Отбасы – қоғамдағы ең маңызды институт саналады. Онда әркімнің ең жақын туыстары мен қымбатты жандары өмір сүреді. Жанұяның әрбір мүшесі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болады. Сәйкесінше ақпарат алмасу, құндылықтарды сіңіру үрдісі де жоғары деңгейде орын алады.
Алайда, бұл қатынастар қазіргі кезде кері көрініс тауып жатқан жайттар да бар. Қазіргі кездегі теріс діни ағым өкілдерінің ашық ақпараттық қоғамнан оқшаулануы осыны айғақтай түсуде. Өйткені, оқшаулану отбасылық және кіші топтар деңгейінде жүргізілуде.
Дәстүрлі жанұяның негізгі мүшелері әке, ана, баладан құралады. Мұндағы отбасылық қатынастың түзілуінде әрбір отбасы мүшесінің өз орны бар. Отбасы институтының бұл ерекшелігі ислам дінінде де ескерілген.
Барша мұсылмандардың үлгі тұтар тұлғасы Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) отбасы құрып, ұрпақ өрбіткен. Өзінің жұбайлары мен қыздарына, немерелеріне тәлім-тәрбиесін сіңдірген. Сондықтан ислам дінінің қасиетті мәтіні – Құран мен сүннетте және фиһқ кітаптарында отбасы мүшелерінің әрқайсының міндеттері белгіленген. Ал, осы міндеттер мұсылман жанұясының қоғамдағы ерекше функцияларын айшықтайды.
Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері зайырлы басқару формасына бет алғандықтан дін мен мемлекеттің бір-бірінен бөліну үрдісі жүруде. Зайырлы елдің бұл ерекшелігі елдегі барлық діннің теңдігі мен сенім бостандығын қамтамасыз етеді. Ешқандай дінге мемлекет тарапынан қолдау білдірілмейді. Қоғамдағы әрбір азамат өзінің қалауынша дін ұстануға немесе одан бас тартуға құқылы. Өз кезегінде бұл бұрыннан қалыптасқан діни құндылықтардың зайырлылық талаптарына сай даму қажеттілігін ортаға шығарады.
Сондықтан қазіргі кезде дін құндылықтары дамуында отбасының рөлі артуда. Отбасы мемлекет аумағында өмір сүре отырып өз құндылықтарын жанұяның әрбір мүшесі арасында сақтауға мүмкіндік беретін кішігірім мемлекет. Бұл ерекшелікті жат ағым өкілдері де өз идеяларын сақтауға, оны таратуға тиімді пайдаланып отыр. Отбасын микро деңгейде комфортты аумақ ретінде қалыптастырып, өз араларында ортақ діни сенім негізінде еркін әрі ашық сұхбат құруда.
Осы орайда отбасының діни иедеяларды сақтаудағы бірқатар қызметтеріне тоқтала кетсек.
Мұсылман отбасында нақты, сатылы түрде қатынастар белгіленген. Ал, қазіргі теріс ағым өкілдері өздерін «нағыз» мұсылман санайтындығын ескерсек, ислам дініндегі отбасы қатынастарының аталмыш ерекшеліктердің өздеріне тиімді жағын барынша қолдануға тырысып бағары сөзсіз.
Сатылы қатынастың біріншісі жұбайлар арасында белгіленген. Қарапайым мұсылман отбасында ер адам – отбасының ең ықпалды мүшесі, оның сөзіне әйелі құлақ асып, бойұсынуы тиіс. Қасиетті Құрандағы: «Еркектер – әйелдерді билеуші. Өйткені, Алла, бірін-бірінен артық қылды. Сондай-ақ олар; малдарынан да пайдаландырады. Ал енді жақсы әйелдер; бой ұсынушылар, Алла қоруға бұйырған көмескі нәрселерді (абыройын) қорғаушылар» деген аятты мысал етуге болады («Ниса» сүресі, 34-аят).
Мұндағы аят пен өзге де осы бағыттағы діни мәтіндерді қазіргі кезде жат ағым өкілдерінің ықпалына түскен әйелдер күйеуге сын-көзсіз бағыну деп қабылдауда. Көзсіз ерудің салдары әйелдердің шетел асып, Сирияға дейін кетуіне, лаңкестік әрекеттің қатысушысына айналуына алып баруда.
Асылында, ислам діні бұзақылыққа тыйым салған және мұсылмандар тек жақсылықта ғана бірігетіндігін насихаттайды. Исламда әйел кісі де, ер адам да шариғатқа қарсы келетін істі жасамауы тиіс. Ал, Сириядағы қақтығыс – қантөгіс пен зұлымдықтың көрінісі. Сондықтан шариғат құптамайтын мұндай «күйеуге бағыну» ұстанымын дінмен байланыстыру орынсыз.
Діни отбасылық қатынастың екінші сатысы – ата-ана мен баланың қатынасын қамтиды. Балалары ата-анасын сыйлауға міндетті. Мұны Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) «Кімде-кім ата анасын риза қылса – Алланы риза қылғаны, егер ата-анасын ашуландырса – Алланы ашуландырғаны» деген танымал хадисі айғақтайды.
Ал, ата-анасы балаларын бағып-қағуы және пайдалы білім мен тәжірибені үйретуі тиіс. Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) хадисінде балаларға дұрыс ат қоюды, оларға дұрыс тәрбие беруді және дін ілімін үйретіп, құлшылық жасауға дағдыландыруды міндеттейтін мәтіндер бар.
Өз кезегінде бұл ата-аналардың діни құндылықтарды балаларға үйретіп, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді. Ал, жат ағым өкілдері бұл функцияны өздерінің қоғамға зиянды ілімін жалғасытрушы буынды дайындауға пайдаланады.
Отандық дінтанушылар деструктивті көзқарасты отбасындағы әйелдер мен балалар жат идеологиямен өсетіндігін тұжырымдауда. «Жусан» операциясымен елге оралған әйелдермен тікелей жұмыс істеген сарапшы Т. Мұстафина:
«Әдетте, бұлар – көпбалалы отбасылар, кем дегенде бес-алты бала. Егер олардың өздері жасырын радикалды идеологияны ұстанатынын ескерсек және балаларын соған тәрбиелесе, 10-15 жылдан кейін жастар контингентінің және орта жастағы адамдардың үлкен пайызынан мемлекеттің дамуына қауіп төнетінін болжауға болады. Бұл қауіпті», – деп бағалайды.
Әлеуметтанушылардың зерттеулеріне сәйкес алғашқы әлеуметтану үрдісі адамның жеткіншек кезінен басталады. Яғни, баланың өмірге биімділігі мен бойына сіңіретін барлық құндылықтары отбасындағы тәрбие мен ондағы қатынасқа байланысты. Сондықтан деструктивті ағымды ұстанатын отбасында өмірге келген баланың жат ағымға бейімділігі жоғары болмақ.
Бала ата-анасының қатынасына қарай олардың іс-әрекеттерін өздеріне көшіріп алады. Сондықтан діни отбасында өмірге келген бала арнайы оқу бағдарламасын өтпесе де, діннің негізгі ерекшеліктерін танып өседі. Осындай отбасының мүшелері ата-анасының көзқарасы негізінде қоршаған ортаны таниды, қоғаммен және мемлекетпен сол көзқарас негізінде қарым-қатынас жасайды.
Мұның оң ықпалы қазіргі кездегі жаһандану үрдісіндегі әртүрлі адамгершілікке жат дүниелерден балаларды сақтауға және жастардың рухани дамуына үлес қосу қабілеті саналады. Ал, жағымсыз көріністері теріс діни топтардың зайырлы елдің ұстанымдары мен дәстүрлі діни құндылықтарға деген жек көру идеяларын балалардың санасына сіңіруге мүмкіндік беруі болып отыр. Өз кезегінде бұл мемлекет тарапынан жасалатын оңалту жұмыстарына кері әсерін тигізуде.
Жалпы жоғарыдағы діни отбасының ерекшеліктерін саралай келе зайырлы елде адамгершілік құндылықтарды сақтауда діни жанұяның маңызды рөлі анық байқалды. Дегенмен, кері бағыттағы діни ағымдардың осы тәсілмен өздерінің зарарлы идеяларын сақтауға деген әрекеттері бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі болып отыр.
Р. РАШИМБЕТОВ
Сәлеметсіз бе, балаға кандай китап или ертең или хадис жинақтары бар баланың жасы 3 тең рахмет