Заң нормалары екі қырынан қатар талдануы тиіс: бірі – құқық, екіншісі – жауапкершілік. Біз әдетте құқықты қозғап, жауапкершілікті ұмыт қалдыруға бейім тұрамыз.
Бірден атап айту қажет: Зайырлы мемлекеттің қоғамдық қатынастарды реттеу саласы жекелеген топтардың немесе діни бірлестіктердің ұстанымдарына емес, жалпы қоғамның мүддесіне негізделеді. ҚР Конституциясының 22-бабына сәйкес әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар. Бірақ дәл осы бапта жазылғандай, ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс. Сол секілді ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 5-тармағына назар салсақ, ешкімнің өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ. Яғни кез келген бостандыққа қатысты құқықтық нормада оның шектелетін тұсы да айқын көрсетілетінін түсіну керек. «Ереже ескертусіз болмайды» деген қанатты қағида осы тұста орайлы.
Сонымен қатар ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабының 8-тармағында ата-аналардың балаларды өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне мемлекеттің араласпайтыны айтылған нормада да ескерту ретінде: «мұндай тәрбиелеу баланың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген, оның құқықтарына қысым жасаған және жауапкершілігін шектеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған жағдайларды қоспағанда» деген қағидаттың тұрғанын естен шығармау қажет. Бұл жерде де араласпау әрекетінің заңдық шектері айқын көрсетілген.
Сондықтан жоғарыда аталған конституциялық және өзге де заңнамалық нормаларға сүйене отырып құрастырылған ҚР «Білім туралы» заңының білім мекемесінің ішкі тәртібін сақтау (оның ішінде мектепте бірыңғай киім кию үлгісін кию, сабаққа қатысу тәртібі де бар) туралы талаптары азаматтардың ар-ождан және діни сенім бостандықтарын бұзбайды, керісінше сол бостандықтар шегінде жауапкершіліктер қоса көзделген тиісті заңнамалық нормаларды орындауын міндеттейді.
Сонымен қатар ата-аналар ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 70-бабына сәйкес баласының міндетті орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті екенін және ҚР «Білім туралы» Заңының 49-бабының нормалары бойынша білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға, балалардың оқу орнындағы сабаққа баруын қамтамасыз етуге міндетті екендіктерін ұмытпауға тиіс.
Қорыта айтқанда, заң қағидалары азаматтарға ар-ождан және діни сенім бостандығын берумен қатар мемлекет алдындағы міндеттер мен жауапкершіліктерді қоса жүктейтінін есте тұтқан абзал. Қарапайым құқықтық сауаттылықтың шарты осындай.