– Төлеби Дәділұлы, Ақтөбе облысына бас имам болғаныңызға 3 жылдан астам уақыт өтіпті. Яғни аз да, көп те уақыт емес. Атқарған қызметіңіз туралы жұртшылықпен таныстырып өтсеңіз жөн болар еді.
– Өткенге шегініс жасайтын болсақ, 2016 жылы Ақтөбеде орын алған лаңкестік оқиғадан соң ҚР Бас Прокуратурасының бастамасымен «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асты. Жоба аясында Республикалық деңгейдегі әр түрлі сала мамандары оңалту мен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дәстүрлі бағытқа бейімдеу шараларына қатысты ұсыныс-пікірлер мен нұсқаулықтар берді.
Осы жағдайдан кейін муфтият Ақтөбе өкілдігінің алдына нақты бірқатар тапсырмалар қойды. Солардың бірі – облысқа діни кадр тарту және жергілікті діни кадр даярлау ісі болды. Өйткені, сауатты түсіндіру шараларын жүргізу үшін ең әуелі сауатты діни маман қажет.
Сол себепті, арнайы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларына барып, білімді де білікті имамдармен келіссөздер жүргізіп, діни кадр қажет болған Ақтөбе қаласы мен Шалқар, Темір, Мұғалжар сынды аудандарға діни қызметке тарттық.
Мәселен, 2016 жылы облыстағы діни мамандардың 40 пайызы ғана жоғары және орта діни білімді болса, 2016-2019 жылдар аралығында ақтөбелік имамдардың саны – 117-ге жетіп, олардың 70 пайызы жоғары және орта діни білім иелерімен толықты. Оның үшеуі ғылым магистрі, екеуі магистрант.
Жергілікті діни кадр даярлау бойынша айтар болсақ, «Нұр Мүбәрак» университетінде ақтөбелік 49 студент, еліміздегі медресе-колледждерде 117 шәкірт оқып жатыр.
«Ақтөбе медресе» колледжінде 68 шәкірт бар. Оның 39-ы жергілікті азаматтар. Сонда жалпы діни оқу орындарында 166 ақтөбелік студент дайындалуда. Осының барлығы да облыстағы діни кадр мәселесін шешу жолындағы нақты қадамдар.
Биыл муфтият Республикалық ақпараттық насихат тобының құрамын толықтырды. РАНТ-қа мүше болатын имамдардан арнайы тест алды. Осы құрамға Ақтөбе облысынан «Нұр-Ғасыр» мешітінің наиб имамы Н.Шакизадаұлы, Шалқар ауданының бас имамы Б.Тойшыбаев, Мұғалжар ауданының бас имамы Е.Жүсіпов ұсынылып, үшеуі де емтиханды сәтті тапсырып, РАНТ-қа қабылданды. Бұл өз кезегінде Ақтөбе имамдарының біліктілігінің артқандығының бір көрінісі. Сондай-ақ, бұл жергілікті үгіт-насихат шараларында белсенділік танытуға жол ашып отыр.
2016 жылға дейін облыстағы 67 мешіттің 25-інің жері мен ғимараты діни басқарманың балансына рәсімделмеген еді. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 19 мешіттің жері мен ғимараты діни басқарма балансына өтті. Қазіргі таңда облыста 4 жаңа мешіттің құрылысы жүріп жатыр.
Мешіт қызметтерінің бірі – қайырымдылық. Бұл бағытта Ақтөбе өкілдігі қарқынды қызмет етуде.
Биыл «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында Ақтөбе облысында 4 мұқтаж отбасына пәтер алып бердік. Бұл шара жыл соңына дейін жалғасады. Кеше Арыс қаласының тұрғындары оқыс оқиғаға тап болғанда Ақтөбе өкілдігі де шет қалмай, 1,3 миллион теңге қаржылай көмек көрсетті.
«Нұр Ғасыр» мешітінің 10 жылдығына орай, «Әдемі әуезді азаншы» атты ІІІ республикалық азаншылар жарысын өткіздік. Бұл 2009 жылы Астана қаласында қолға алған төл туындым еді.
Сондай-ақ, биыл Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Жастар жылына орай, «150 жылдыққа – 150 сұрақ» атты зияткерлік сайысын ұйымдастырдық. Сайыстың толық нұсқасы жергілікті «Ақтөбе» арнасынан көрсетілді.
Шараның мақсаты – мешітте діни білім алып жатқан жастарды жан-жақты етіп тәрбиелеу. Әрине, үш жылда атқарылған барлық шараларға тоқталу мүмкін емес. Бұл шаралардың барлығы да Ақтөбе өкілдігі қызметкерлері мен облыс имамдары еңбегінің ортақ жемісі.
– Еліміздегі 9 медресенің бірі Ақтөбеде орналасқан. 2017 жылы колледж статусын алды. Облыс орталығынан заман талабына сай ғимарат салуды жоспарлап жатырсыздар. Медресе-колледждің қызметіне тоқталсаңыз…
– «Ақтөбе медресе» колледжіне биыл 11 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде медресе қабырғасынан 140 шәкірт шықты. Олардың 84-і Ақтөбе облысынан, ал қалған 56-сы өзге облыстардан.
Колледж түлектерінің 17-і еліміздегі жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастырып жатса, ал, 9-ы шетелде білімін шыңдауда. Жуырда ғана медресенің түлегі Әбдіжаппар Саламат БАӘ, Шарджа қаласындағы университеттің шариғат факультетін үздік тамамдап шықты.
Биылғы бітіруші түлектердің үшеуі Мысырдағы «Әл-Азһар» университетінің грантын жеңіп алды. Медресе-колледждің 51 түлегі Ақтөбе облысында мешіттерде қызмет етуде. Яғни, облыс мешіттерінде діни мамандардың 40 пайыздан астамын қамтамасыз етіп отыр деген сөз.
Ал, 2016-2017 оқу жылында медресе «колледж» статусын алды. Облыс әкімінің қолдауымен облыстан мемлекеттік тапсырыспен жыл сайын 25 студентке 16 мың теңге стипендия тағайындалып отыр. Бұл медресе-колледжге түсем деуші талапкерлердің санының артуына жол ашты.
Ендігі кезекте аталмыш медресе-колледждің әлеуетін аттыру мақсатында облыс орталығынан жаңа ғимарат салу жұмысын қолға алдық. Облыс әкімдігінің қолдауымен арнайы 5 га жер бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізуге қатысты құжаттары рәсімделіп, жері тегістеліп басталуда.
– Өткен Рамазан айында «Діни рәсім» мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымшаның қандай артықшылықтары бар?
– Расы айтасыз, жаңа технологияның мүмкіндігін пайдалана отырып, арнайы ақтөбелік жұртшылық үшін тұңғыш рет «Діни рәсім» атты мобильді қосымшаны әзірледік. Мақсат – облыс көлеміндегі діни рәсімдердің атқарылуын бір ізге түсіру. Халық жаназа шығару, неке қию, балаға ат қою сынды, т.б. діни рәсімді атқару кезінде мешіттердегі ресми имамдардың қызметіне жүгінуі керек.
Өкінішке орай, арнаулы діни білімі жоқ, мешіттерде бекітілмеген кейбіреулер ел ішінде өзін «молда» деп таныстырып, діни рәсімдерді дұрыс атқармауынан, халық арасында мешітке сын айтылып жатады. Себебі, олар мешіттің ресми имамы болмағандықтан, жауапкершілікті сезінбейді. Кейбіреуі Құранды дұрыс оқи да алмайды. Жаназа рәсімінің шарттары мен оқылатын дұғаларын білмейді. Онысымен қоймай, халық арасында уағыз айтып, діни рәсімдерді атқарады. Соның салдарынан халықтың діни қызметке көңілі толмайтын жағдайлар орын алады.
Жалпы, «Діни рәсім» атты мобильді қосымша мәзірінде жұртшылық облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің тарихымен таныса алады. Өңірдегі мешіттердің мекен-жайлары мен имамдардың тізімдері берілген. Жергілікті тұрғындар өздеріне жақын мешіттің имамына хабарласып, діни қызметіне жүгіне алады.
Жаназа рәсімінің анықтамасы бар, оған кісі қайтыс болғаннан бастап, жерлегенге дейінгі атқарылатын рәсімдердің орындалу тәртібі енгізілген. Бұл мәліметтер діни басқарма дайындаған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты пәтуа кітабынан алынған.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысында 2017 жылы «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» атты конференцияда қабылданған Үндеу мен облысқа ортақ бекітілген садақа мәзірі енгізілді. ҚМДБ әзірлеген мұсылман күнтізбесі бар. «Нұр Ғасыр» мешітінің «nurgasyr.kz» атты ресми сайтының сілтемесі берілген. Жамағатты толғандырған тақырыптар бойынша видеоуағыздар топтамасы да бар. Көпшілік асыл дінімізге қатысты мағлұмат алып, көкейдегі сауалына жауап табады.
– ҚМДБ-ның негізгі 4 бағыты жұмыстардың атқарылуы туралы айтып өтсеңіз? Әсіресе теріс діни ағымның алдын алу жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Ақтөбе имамдары жергілікті «Ансар» ақпараттық-талдау орталығының теологы ретінде де деструктивті діни ағымның алдын алу шараларын белсенді түрде жүргізіп келеді.
Облыстан әр ауданға білікті де білімді имамдарды бекіттік. Олар аудан орталықтарында жамағат арасында насихат жұмыстарын жүргізеді. «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы облыстық деңгейде жылына екі рет өткізіледі.
Бұл шара аясында да «Нұр Ғасыр» мешіті бастаған қала имамдары ақпараттық түсіндіру тобының негізгі құрамын құрайды. Бұдан бөлек қала, аудан жамағаттарына жоспарлы түрде ҚМДБ қызметкерлері, Ғұламалар кеңесі, РАНТ, ЖАНТ мүшелері әр түрлі фарматта түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Түзеу мекемелері де назардан тыс қалған емес. Меніңше, осындай үздіксіз ақпараттық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде халық жат ағымның бет-бейнесін таныды, айла-арбауымен танысты.
Шетелде отырып «пәтуа» беретін серкелерінің ұсталып, істі болып жатқандығы көпшілікке ой салды. Дінге қызығушылық танытқандар діни дәрісті кімнен алу керектігін түсінді деп ойлаймын.
– Жусан операциясы арқылы елге оралған Ақтөбеліктермен қандай жұмыстар атқарылуда?
– Қазақстан мемлекетінің өз азаматтарын әлемнің қай қиырында болса да олардың тағдырына бей-жай қарай алмайтындығын «Жусан» операциясы тағы бір дәлелдеді.
Лаңкестік ұйымдардан зардап шеккен азаматтарға мемлекет тарапынан моралдық, материалдық тұрғыдан жан-жақты көмек көрсетілуде. Өздеріңізге белгілі, алғашқы көмек Ақтау қаласында көрсетілді.
Сол жердегі ақпараттық түсіндіру жұмыстарына «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы, РАНТ мүшесі Н.Күзенбаев та қатысты. Қазіргі таңда Ақтөбе келген азаматтардың пәтер ақыларын төлеуге және азық-түлікпен мешіт тарапынан жәрдем жасалуда.
Күні кеше Ақтөбедегі әйелдерге арналған діни сауат ашу орталығында Сириядан оралған азаматша әйел жамағатымен кездесу өткізді. Қанды соғыстың ешқандайда қасиетті соғыс емес екендігін түсіндіріп, нәзік жандыларды бұндай арандатушылықтан аулақ болуға шақырды.
– Соңғы сауал, Ақтөбе имамдарының әлеуметтік ахуалы қалай?
– Ақтөбе имамдары сәуір айында ҚМДБ-ның сараптау комиссиясының алдында кезекті сараптау-аттестациясын сәтті тапсырып шықты. Олар біліктіліктері мен білімдерін дәлелдеді. Бұл да Ақтөбе өкілдігі үшін қуанышты жағдай.
Сәуірде Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалин жергілікті имамдармен кездесу өткізді. Тілек-пікірлерін тыңдады. Діни мамандардың 4 бағыт бойынша атқарып жатқан қызметтеріне тоқталып, соның ішінде «Ел үлесі пәтерге» акциясы аясында мұқтаж отбасыларға пәтер алып беру ісі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, кезекті аттестацияны сәтті тапсыруымен құттықтады.
Өткен жылы Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың Ақтөбеге келген сапарында ҚМДБ, Ақтөбе облысының әкімдігі және «Уақып» қоры арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды. Осының нәтижесінде ақтөбелік имамдарды тұрғын үймен қамту, әлеуметтік қолдау мәселелері оң шешімін тауып келеді. Бұл өз кезегінде имамдардың негізгі қызметімен шұғылдануына мүмкіндік беруде.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ