Мұғжиза – әлемдегі заңдылықтар мен жүйелерге сай келмейтін құбылыстардың пайғамбарлардың ісін дәлелдеу мақсатында орын алуы деген мағынаны білдіреді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда мұғжизалардың ғылыми түрде талдау, түсіндіру мүмкін емес. Егер мұғжизаларды ғылыми түрде түсіндіру мүмкін болған жағдайда ол мұғжиза бола алмай қалады.
Әлемдегі жүйені құрушы, барлық жаратылыстың иесі мұсылмандардың сенімі бойынша Алла болғандықтан, Алла қаласа қолынан келмейтін іс болмайды. Ал адам баласы құбылыстарға өзінің қарапайым түсінігі бойынша қарағандықтан көп нәрселердің мәні мен маңызын пайымдай алмайды. Сол себепті де қасиетті кітаптарда баяндалға таңғажайып оқиғаларды негізсіз, ойдан құрастырылған жағдаяттар деп санау да орын алып отырады.
Алайда ғылымды мұғжизаларға қарсы дәлел ретінде қолдану қисынға келе бермейді. Өйткені діннің басты шарты сенім. Сенім, көзге көрінбеген, қисын қаурай бермейтін нәрселерге тиесілі. Сонымен қатар, ғылымда да әлі танымдалмаған, ғылыми тұжырымдар жасалмаған дүниелер аз емес.
Оның үстіне біз көптеген құбылыстарда уақыт және мекен шарттары тұрғысынан, себеп-салдар тұрғысынан байланғанбыз. Сондықтан да біздің әдетке айналдырған құбылыстарымыз бен оқиғаларымыз әдеттен тыс жағдайда жарыққа шықса таң қалып жатамыз. Мәселен, бір ана баласын тоғыз ай он күн көтеріп дүниеге әкелсе қалыпты жағдай санағанымыз сияқты, қысқа ғана уақыт ішінде дүиеге әкелетін болса мұғжиза деп есептейміз.
Ал бұрындары мүмкін деп есептемейтін жағдайлар уақыт шарттарының ішінде мүмкі жағдайға келіп жатқанын көбінесе есте ұстай бермейміз. Осыдан бір ғасыр бұрын ұялы телефонмен біреу сөйлессе оны мұғжиза немесе сиқыр деп атаған болар едік. Ал қазір бұл қалыпты жағдай саналады. Сол сияқты қазір де біз үшін таңғажайып болып көрінген дүниелер болашақты мүмкін жағдайларға айналуы әбден мүмкін.
Хз. Исаның әкесіз дүниеге келуі, Хз. Мусаның қауымын қызыл теңізден асатяғының көмегімен өткізуі, асатаяқтың жыланға айналуы, Хз. Сүлейменнің жануарлардың білін білуі, алыстағы дүниелерді әп-сәтте әкелуі, Хз. Ибраһимнің отқа жабауы, Хз. Мұхаммедтің (с.а.у.) миғражға шығуы және айдың екіге жарылуы сияқты дүниелер туралы айтылған сәтте алдымен ақылымызға таңғажайып құбылыстар келеді. Алайда қазіргі ғылыми жетістіктер тұрғысынан қарағанда кейбір құбылыстарды ақылға жақындатуға болатындығын байқаймыз.
Жалпы қорытындылап айтқанда, мұғжизаларды қалыпты ғылыми өлшемдермен дәлелдеу немесе жоққа шығару мүмкін емес. Мұғжизаның артындағы меанизмдерді білген күннің өзінде оның мұғжизалығын жоймайды. Мысалы, көптеген биологиялық мұғжизалардың таңғажайыптарының астарындағы биологиялық құбылыстарды біле тұра олардың таңғажайып жағдайда, керемет дәлдікпен жүзеге асуы тұрғысынан адам ақылы жетпейінше мұғжиза болып қала бермек!
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.