ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі, исламтанушы Хасан Аманқұл арнайы іссапармен Павлодар облысына барды.
Алдымен Хасан Ташайұлы Павлодар қаласы маңында орналасқан Ап-162/1 түзету мекемесінде болып, жат ағым жетегіне еріп шалыс басып, жазасын өтеп жатқан бірнеше адаммен жеке кездесу өткізді.
Одан кейін облыстық «Мәшһүр Жүсіп» орталық мешітінде өңір имамдарымен кездесіп, діни оңалту жұмысына жауапты мамандарға семинар өткізді. Семинарда жат ағым қатарында жүрген азаматтармен сұхбат құру, тиімді жұмыс атқару жайлы пысықталды.
«Имамдардың қызметінің ең басты бағыттарының бірі – мешітке келуші жамағаттың ауызбіршілігін сақтау, еліміздің, халқымыздың бейбіт өмір сүруі үшін аянбай еңбек ету» деді бөлім меңгерушісі.
Сондай-ақ діни оңалту жұмысында жеке кездесудің маңыздылығы туралы айтылды. Хасан Ташайұлы семинар соңында имамдар қойған көптеген сұраққа тұшымды жауап берді.