Сұрақ: «Діни экстремизм» сөзінің мағынасы қандай?
Жауап: «Экстремизм» – латын тілінен енген сөз, «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді. Яғни шектен шыққан көзқарастар мен іс-әрекеттер деп пайымдауға болады. Шектен тыс көзқарастарына қарай діни, саяси, ұлттық болуы мүмкін.
Діни экстремизм – дәстүрлі діннің негізгі қағидаларынан тыс шектен шығу, басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік таныту мен оларға қарсы күш қолдану. Сарапшылар экстремизмді қоғамға, мемлекетке және жалпы әлемге қауіп төндіретін құбылыс деген. Діни экстремизмнің көріністері қазіргі заманда жастардың жат діни ағымның идеологиясына еліктеп, намаз оқымаған адам кәпір, салт-дәстүр исламға жат деп, соқыр сенімнің жетегімен зайырлы қоғамға қарсы әрекет етуінен танылады.
Қазіргі таңда ғаламтор сайттарында діни экстремизм идеяларын насихаттаушылардың түрлі діни уағыздары мен дыбыстық-бейне жазбалары кездеседі. Ондай сайттардан сақ болғанымыз дұрыс. «Дінді ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» демекші, дәстүрлі Ислам дініне берік болайық!
Икрам АЙТАЕВ