Дін атын жамылған лаңкестік топтар тарапынан аймақтық және белгілі бір әлемдік деңгейде босқындар санының күн санап артуы, мәдени мұралардың жойылуы, дінаралық және ұлтаралық араздықты қоздыру, мемлекеттердің тұтастығы мен бейбіт өміріне қол сұғу сынды небір қылмыстар тізбегі орын алып жатыр.
Сонымен қатар Сирия мен оған көршілес Ирак аймағының бейбіт өміріне қол сұққан «Ислам мемлекеті» және т.б. топтар лаңкестері тарапынан шетелдік журналистердің қолды болуы, сонымен қатар кейбір елдердің белгілі бір сайттарын бұзып кіріп, өздерінің «жақында халифат орнатамыз» деген сынды хабарламаларын қалдыру оқиғалары жиілегендігін бұқаралық ақпарат құралдары сөз етуде. Мысалға ағымдағы жылдың қаңтар айында Астана мемлекеттік филармониясында осындай оқиғаның орын алғандығын атап өтсек те болады.
Діни экстремизм мен терроризм топтары мүшелері интернет желілерін, яғни технологияның жетістіктерін өз мақсаттарына сай пайдалана отырып, тікелей немесе жанама түрде ұрандары мен көздеген мүдделерін әлем елдеріне тарату арқылы жаһандық деңгейдегі өзекті мәселеге айналдыруда.
Діни экстремизм мен терроризм феноменінің пайда болу себептерін әлемдік зерттеуші және сарапшы мамандар өздерінің ұстанған пікірлеріне сай түсіндіруде. Сарапшылардың бір тобы бұл себептерді экономикалық және әлеуметтік жағдайдың төмендігінен іздеп жатса, енді келісі топ өкілдері бұрмаланған діни қағидалалар салдарына мән беруде. Сонымен қатар экстремизм мен терроризмді ислам дінінің шариғатымен, негізгі ұстанымдарымен тікелей байланыстырып жүрген зерттеушілер де жоқ емес.
Соңғы уақыттары кейбір Таяу Шығыс елдерінде, соның ішінде Сирия, Ирак мемлекеттерінде ушыққан «Ислам мемлекеті» және т.б. лаңкестік топтардың жауыз әрекеті күнделікті жаңалықтар қатарынан әлдеқашан орын алған. Егер осы мәселеге тереңірек үңіле түссек, белгілі бір мемлекеттердің дін атын бүрмеленген үлкен саяси мүдделерінің жатқандығын байқаймыз. Аталмыш жерлер аймақтық қана емес жаһандық деңгейдегі аса қатыгез «ойын» алаңын бастан кешіруде.
Кейбір Таяу Шығыс елдерінің өткен күндеріне зер салсақ, бүгінгі таңдағы діни экстремизм мен терроризм феноменінің қалыптасып дамуының бірнеше сатысын өткергендігіне көз жеткіземіз. Ең алдымен оның пайда болуының алғышарты қалыптасады. Мысалы ел ішін жайлаған саяси алауыздық пен экономикалық тұрақсыздық мәселесі халық ішінде іріткі тудырудың оңтайлы жолы екендігі әуел бастан белгілі. Ашынған көпшіліктің көтерілістері мен наразылығы өз кезегінде кейбір жат пиғылды саяси мүддені көздеген сыртқы күштердің өз мақсаттарын жүзеге асыруға қолайлы жағдай тудыратыны анық. Яғни «бөлінгенді бөрі жейдінің» мысалы орнамақ.
Өкініштісі сол «Халифат» құрамыз деген содырлар барлық әрекеттерінде ислам дінінің қағидаларын бұрмалай отырып көлденең тартуда. Лаңкестер тарапынан бұрмаланған ислам діні исламофобиялық көзқарасты одан ары өрши түсуіне жол ашуда.
Соғыс отының тұтануы белгілі бір елдің және оның көршілерінің жағдайын құлдыратуға алып келсе, дін атын жамылып, теріс әрекеттерді жүзеге асыру жаһандық деңгейде ислам дініне деген теріс пиғылдың қалыптасуына жол ашуда.
Бибігүл АЛМУРЗАЕВА,
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының
жетекші сарапшысы