Елордада санитарлық талаптарды түсіндіру мақсатында діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті.
Жиын барысында коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген санитарлық нормалар мен шектеу шаралары түсіндірілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Онлайн форматтағы жиын елордалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұхановтың төрағалығымен өтті. Ол «Ashyq» жобасы аясында діни бірлестіктер нысандарының жұмысын ұйымдастыру қажеттігі туралы айтты.
Кеңес отырысына діни бірлестіктердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдар қатысты.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Сархат Бейсенова қатысушыларға елордадағы пандемия кезінде шектеу және карантиндік шараларды сақтау тәртібін түсіндірді.
Іс-шара соңында мемлекеттік органдар мен кеңес мүшелеріне қауіпсіздік шараларын «ASHYQ» қосымшасы арқылы сақтап, діни ғимараттардың жұмысын ұйымдастыру тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚазАқпарат порталына берген сұхбатында елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты мешіттердің де біртіндеп Ashyq жүйесіне қосылатынын тілге тиек еткен болатын.