Қазақ халқының арасында ислам қағидаларын, әсіресе, талақ мәселесін жете түсіне бермейтін отбасылар көп деуге болады. Олардың кейбірі белгілі деңгейде ауыл молдаларынан естіп-білгендері бар болғанымен, соған лайықты өмір сүру ісінде немқұрайлылық танытып жататындары да жоқ емес.
Соның бір мысалын Бейімбет Майлиннің «Талақ» атты әңгімесінен көруге болады. Әңгімеден үзінді:
«…Бірақ, Зейнепте ой екінші түрлі еді. Бұрынғы қалыппен таяқты елемей ісін істеп, алдағы қызғылықты тұрмысқа әзірлену бүгін Зейнепте жоқ еді. Өйткені, желкеге тиген жұдырықтан гөрі бір ауыр, салмақты нәрсе бар, Зейнептің соншама жылауына, бүкшиіп жатып алуына сол себеп болды. Қанша ойласа да ұшына шығу қиын.
Ол– талақ еді.
Зейнеп елде жүргенде шешелерінің айтқанынан есітетін: «неке ерлі-байлы адамның тұрмысын бір-біріне байлайтын жіп. Бірін-бірі көрмеген, бірін-бірі сүймеген екі адамды неке сүйдіреді. Неке махаббат жібі, ерлі-байлы адам қаншама бірін-бірі көрместік болып, араздасса да, неке тұрған жерде махаббат үзілмейді. Ал, ерлі-байлы адамның жиренішті тұрмысына дәнекер болып тұрған жіпті үзетін бір нәрсе бар, ол – талақ!..». Әңгіменің соңын ала, «…Бұл, әсіресе, Айдарбекке тура келеді. Шариғаттың бұйрығын істеймін десе, Айдарбек қатынын екінші біреуге қосып, ол адам талақ кылғанның артынан үш айдан кейін барып неке қиып алу керек! Олай қылмаса, некесіз қатын ұстаған болады. «Некесіз қатынның үйінің асы арам» деп Шолақ молда екі күннің бірінде қақсайды.
Бірақ, жастан қосылған әйелін Айдарбек неғып басқа біреуге қоспақшы?…»[1].
Бұл әңгімеде өздерін мұсылман санайтын отбасылар арасында ұрыс-керіс бола қалған сәттерінде, ажырасу мағынасын беретін «Кет», «талақ еттім» деген сынды некені бұзатын сөздердің айтылып тұратындығын әрі шариғат үкімдеріне көз жұма қарап, араларына талақ түссе де жалғасты бірге өмір сүре беретіндіктері айтылады. Бұл қоғамда бар, ашы да болса шындық.
Сонда осындай отбасылардың некелері бұзылып, некесіз өмір сүріп жатқан болып табыла ма? Әлде, олардың діни білімдерінің таяздығы, талақ мәселесінің үкімін, шарттарын білмеулері кешіріммен қаралатын, некелерінің бұзылмауына себеп болатын үзірлікке жата ма? – деген сұрақтар ойға оралады. Тіпті, айналамыздан да әйелінің көзін көгертіп, шеке ісіріп «кет», «ажырастым» сөзін екі күннің бірінде айтатынның талайын көрдік. Солардың алды бүгінде балаларын үйлендіріп, немере сүйіп отыр.
Дана халқымыз: «Білмеген у ішеді», – дейді. Яғни, шариғат үкімдерін білмей отбасылық өмірлерінің бір бөлімін өткізіп қойған арамыздағы алдыңғы буын адамдар үшін айтқан талақтарын зәрулік ретінде қарай отырып, мүмкін ислам шариғатындағы «Зәрулік себепті тыйым салынған істерге кешірім бар» деген қағида негізінде некелері бұзылмады деуге болар. Әйткенмен, егемендік алып еңсемізді тіктеген бүгінгі кең заманда күнделікті өмірімізге қатысты діни мәселелердің үкімін үйрену әрбіріміздің парызымыз. Сондықтан, Хақ діннің шарғи үкімдерін дұрыс түсініп, соған лайық өмір сүру басты мұратымыз болып табылады.
Самет Оқанұлы,
исламтанушы
[1]https://abai.kz/post/7684