Алдымен заңнамада бұл туралы не делінгеніне назар аударайық. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында: «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, «Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады» деген норма көзделген. Ал Қазақстан Республикасының 2007 жылы 27 шілдеде қабылданған «Білім туралы» заңына сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы, гуманистік және дамытушылық сипаты болып табылады. Сонымен қатар осы заңға сәйкес білім беру ұйымдарында саяси партиялар мен діни ұйымдардың, бірлестіктердің ұйымдық құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, білім беру ұйымдарында нәсілдік, этностық, діни, әлеуметтік ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады. Аталған ұстанымдар біріге отырып, еліміздегі білім беру жүйесінің зайырлылық қағидаттарын құрайды. Бұл қағидаттар білім алушылардың бостандықтары мен құқықтарын, қауіпсіздігі мен заң аясында әрекет етуін қамтамасыз ету мақсатында жасақталған. Баршамызға белгілі, зайырлылық дегеніміз дінсіздік емес, ол – гуманистік құндылықтарды, соның ішінде адамның ар-ұждан және діни сенім бостандығын жүзеге асыруды қолдайтын, дүниетанымдық еркіндікті, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындайтын, адамгершілік-өнегелілік және құқықтық құндылықтарға негізделген әмбебап жүйе. Сондықтан діни таным да зайырлы дүниетанымның бір бөлігі болып табылады. Білім берудің зайырлы сипаты діни немесе дінтанулық білімге тыйым салынады дегенді білдірмейді. Еліміздің заңнамалары аясында діни және дінтанулық білім берудің өзіндік мүмкіндіктері жасақталған. Біріншіден, ұлт дүниетанымының, мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі ретінде дін туралы түсініктер мен діндер тарихы туралы мәліметтер, соның ішінде Қазақстан Республикасы үшін дәстүрлі болып табылатын діндерге қатысты мағлұматтар, олардың пайда болуы, дамуы, қоғам өміріндегі орны туралы ақпараттар жалпыға бірдей білім беретін орта мектептен бастап, білім беру мекемелерінің барлық деңгейінде қоғамдық пәндер аясында оқытылады. Екіншіден, орта мектептің 9-сыныбындағы «Дінтану негіздері» пәні аясында діндер тарихы мен тәжірибесі, дәстүрлі діндер мен жаңа діни қозғалыстар, Қазақстандағы негізгі діндер, олардың қасиетті кітаптары және діни мейрамдары, ұлт ғұламаларының рухани-діни мұрасы, туған топырағымыздағы исламдық мәдениет туындылары, Қазақстан мұсылмандарының діни танымындағы ханафи мазхабының орны секілді өзекті дінтанулық мәселелер жүйелі негізде оқытылады. Үшіншіден, «дінтану» пәні таңдамалы курс ретінде еліміздің барлық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілген. Білім алушылар өздерінің қызығушылықтар мен таңдауларына сәйкес осы пән арқылы дін туралы білімдерін кеңейте алады. Төртіншіден, еліміздің 6 жоғары оқу орнының арнайы кафедралары арқылы діндер тарихы мен теориясын, мемлекеттік-діни қатынастарды, жаңа діни қозғалыстар мен діни ахуал мәселелерін зерттеп-зерделейтін дінтанушы мамандар даярланады. Олар: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің дінтану кафедрасы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің философия ғылымдары және дінтану кафедрасы, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің философия және мәдениет теориясы кафедрасы, «Нұр-Мүбарак» мысыр ислам мәдениеті университетінің дінтану кафедрасы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің дінтану және теология кафедрасы, Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің дінтану кафедрасы. Бесіншіден, қолданыстағы заңнамалар аясында діни білім берудің нақты тетіктері жасақталған. Еліміздегі ресми тіркелген діни бірлестіктер өздерінің жанынан діни сауат ашу курстарын ұйымдастыра алады. Қазір елімізде 334 исламдық сауат ашу курстары, 66 христиандық (православтық, католиктік және протестанттық) жексенбілік мектептер қызмет атқарады. Өз қалауына сәйкес аталған курстарда бастауыш діни білім алуға кез келген азаматтың мүмкіндігі бар. Кәмелетке толмаған балалар діни курстарға ата-анасының келісімімен бара алады. Сонымен қатар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде исламдық бағыттағы – 13 (2 қарилар дайындау орталығы, 9 медресе, Имамдардың білім жетілдіру институты, «Нұр-Мүбарак» университеті), христиандық бағыттағы 2 (православтық училище мен католиктік семинария) діни оқу орны құрылып, қызмет атқаруда. Бұл орайда медреселер мен православтық училищенің техникалық-кәсіптік оқу орындарына теңестірілгенін, арнайы бекітілген стандартқа сәйкес жұмыс істейтінін және мемлекеттік үлгідегі диплом беретінін атап айту қажет. Ал «Нұр-Мүбарак» университетінде исламтану мамандығы бойынша жоғары діни білім беріледі. «Мария ана шіркеуі» епархияаралық діни семинариясы католик діні бойынша жоғары білімді мамандар даярлайды. «Исламтану» мамандығының дербес қалыптасуы Қазақстандағы діни және дінтанулық білімнің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Сонымен қатар елімізде діни және дінтанулық білімді өзара сабақтастырған «теология» мамандығы бойынша білім беріле бастады. Аталған мамандықтардың арнаулы стандарттары бекітілген, кәсіптік бағдарламалары қалыптасқан. Діни және дінтанулық бағыттағы барлық мамандықтар бойынша мемлекет тарапынан тиісті деңгейде грант бөлінген, шетелдік жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу, бірлесе мамандар даярлау тетіктері қалыптасқан. 2013 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында «дінтану» және «теология» мамандықтарына грант бөліне бастады. Аталған шаралар зайырлы мемлекетімізде діни және дінтанулық білімнің өзіндік орны мен қалыптасқан жүйесі бар екендігінің айғағы болып табылады. А.Әбдірәсілқызы