Сұрақ: Діни білім алу қиын ба?
Жауап: Білімнің қандайы болса да жігерлікті, қайсарлық пен сабырлықты талап етеді. Араб халқының «Ғылым келмейді, ғылымға бару керек» деген нақыл сөзі бар. Мағынасы, еңбексіз, шаршап-шалдығусыз білім болмайды. Бала үйде отырып, машақатсыз білімге ие бола алмайды. Ол үшін іздену керек, қажет болса ұйқыны қиып білім үшін жанды біраз қинау керек.
Ибн Әбу Хатим есімді тәпсірші білім алып шәкіртік жолында болған әкесі туралы:
«Менің әкем: Біз қалада жеті ай болдық. Сол аралықта ыстық тамақ жегеніміз жоқ. Себебі күндіз шейхтың алдынан дәріс аламыз, түнде алған дәрістерімізді көшіреміз, қайталаймыз. Бір күні досымыз екеуіміз шейхтың алдына бардық. Бізді: «Ұстаз ауырып қалды», – деп қайтарып жіберді. Үйге қайтар жолда, балық көрдік. Соған әуесіміз кетіп, оны сатып алдық. Үйге келсек, басқа ұстаздың дәрісіне баратын уақыт болыпты. Балықты қойып, дәрісімізге кеттік. Осылайша балық үш күн жатып қалды. Оны қуырып жеуге уақыт болмай, ақырында бұзылуға жақын қалған балықты шикідей жей салдық», – деді. Кейін: «Білім – рахат өмірмен келмейді», – деп сөзін аяқтады» деген оқиғаны баяндаған.
Қазақтың «Білім алу – инемен құдық қазғанмен тең» деген сөзінің мағынасы да дәл осы оқиғаны меңзеп тұрғандай. Ине ұшымен құдық қазу мүмкін емес екені айқын, бірақ, мұнда білім алудың қаншалықты машақатты екені меңзеліп отыр.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ