Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркиядағы өкілі және «Талаба» студенттер қауымдастығының осы елдегі жетекшісі Жандос Айтбай Денизли қаласының Хасеки академиясында білімін жетілдіріп жатқан қазақ шәкірттерімен кездесті.
«Талаба» жетекшісі қазақ шәкірттерін Наурыз мерекесімен құттықтап, Бас мүфти наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізді. Сондай-ақ ықылас пен ниет, білім алудың маңыздылығы және елге, дінге қызмет ету жөнінде насихат айтты.
«Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстаным әсіресе, туған елінен жырақта жүрген шәкірттерге керек-ақ. Біздің мақсатымыз – осы елде діни білім алып жатқан шәкірттерге қамқорлық танытудан бөлек, олардың бір-бірімен жақын араласып, елдік ұстанымнан ажырап қалмауына жағдай жасау. Сонымен қатар халқы көп елде түрлі ұстанымда, идеология, наным-сенім де болатыны белгілі. Сол себепті жастарымызды білім алам деп келіп, басқа жаққа бұрылып кетуден сақтануға шақырамыз» дейді Жандос Айтбай.