Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Стратегиялық даму және талдау бөлім меңгерушісі Смайыл Сейтбеков Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында Дүниежүзілік мәзһабтарды жақындастыру ассамблеясы «Ортақ құндылықтарға жету жолындағы ислами ынтымақтастық: Палестина мәселесі» тақырыбында ұйымдастырған Халықаралық Ислам бірлігі конференциясына қатысты.
Қазіргі таңда әлем мұсылмандарын алаңдатып отырған Палестина мәселесі қозғалған конференцияда бөлім меңгерушісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын білдіріп, баяндама жасады.
«Соңғы жылдары әлемде болып жатқан түрлі қақтығыстар мен соғыстар, діни алауыздықтар мұсылман әлемін айналып өтпеді. Соның бірі Палестинада орын алып жатқан қақтығыс баршамызды алаңдатып отыр. Шын мәнінде, қасиетті Құдыс жерінде, атап айтқанда Ғазза секторындағы бауырларымыздың басына келген сынақ – бізге де қатысы бар сынақ деп айтар едім. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады» деген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын – Құдыс жеріндегі қантөгіске қатты алаңдаушылық білдіреді және мәселенің бейбіт жолмен шешілуін тілейді. Қазақстан мемлекеті палестиналықтардың өзін-өзі анықтауға және астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан 1967 жылғы шекарада халықаралық деңгейде танылған Палестина мемлекетін құруға заңды құқықтарын толық қолдайтынын мәлімдеген болатын. Біз жер бетіндегі әрбір мұсылман өзінің тарихи Отанын, жерін қорғауы тиіс және оған мұсылман әлемі қолдау көрсетуі қажет деген ұстанымдамыз» деп атап өтті Смайыл Сүйерқұлұлы.