Сұрақ: Дінге деген сенімді қалай күшейтуге болады?
Жауап: ХХІ ғасыр – адамзаттың арыштап дамыған кезеңі ғана емес, қулық пен сұмдықтың шектен шыққан уақыты болып тұр. Оның ішінде соңғы 20-30 жыл шеңберінде исламофобияға ерекше назар аударылып отыр. Батыстан бастау алған исламға салқын қарау үрдісі (ориентализм) қазір мұсылман елдерінің ішіне еніп кетті. Оның ішінде қазақ қоғамы да бұл үрдістен тыс емес. Оның басты себебі – кеңестік кезеңнен діннен әжептәуір алыстап шыққан қазақ қоғамында діннің атынан жағымсыз үрдістердің кең таралуында.
Самаладай самсаған ағымдар, діни-саяси радикализм мәселелерін де діннен бейхабар адам діннің өзі деп түсінеді. Бұрынғы ғасырда діндарлық біртұтас еді. Дін адамына қатысты арагідік сыни пікірлер айтылғанымен, дінге жаппай шүйлігу болмаған.
Қазір елімізде қазақ ұлтының өзі сан салаға бөлініп алып пікір таластырып жүр. Бұған әлеуметтік желі де тұздық болып отыр. Бір жартысы дәстүрлі руханилықты қолдаса, бір жартысы исламды кертартпа дін, кейбірі арабқұлдық деп түсінеді. Демократиялық қоғамда пікір алуандығы заңдылық шығар, дегенмен діни әралуандық халықты ыдыратушы, араздастырушы фактор екендігін де естен шығармаған дұрыс.
Сонымен бірге халық жаппай дінсізденіп немесе басқа діндерге кетіп жатыр деуге болмайды. Жалпы халықтың назары дұрыс. Әлмисақтан бері мұсылманшылықты салт еткен еліміз бұдан кейін де бұл көзқарасты жалғастыра береді деп сенуге болады. Бірақ діннің қадірін кетіріп тұрған кейбір олқылықтарды да назарға алған жөн.
Қазіргі дін адамының бейнесін қалыптастыруда имамдардың сауаттылығы, дін саласындағы ғалымдар мен зерттеушілердің өзара тіл табыса білуі, мұсылмандардың бойындағы кемшілік діннен еместігін түсіне білу керек. Әрі мұсылмандар өздерінің ғана емес, тұтас исламның абыройын арқалап жүргендігін естерінен шығармағаны жөн. Әрине, белгілі біреулердің исламды қаралауынан исламға анау айтқандай нұқсандық келе қоймайды. Ислам өзгерген жоқ. сол бабаларымыз ұстанған ислам – осы ислам. Бірақ адамдардың пейілі, батыс пен шығыстың шиеленісті саясаты, пайдаға негізделген ниеттер өзгерді.
Алла Тағала Құранда: «Құранды біз түсірдік, оны қияметке дейін біз қорғаймыз» (Хижр/9) дегендіктен, исламды Алла өзі қорғамақ. Бірақ адамның пейілі бұзылмаса екен, Аллаға қарсы келмеген бабалар салтынан аттамаса екен деп тілейміз!
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы
Иә, халқымыз әлімсақтан мұсылман ғой. Қазір кез келген қазақты түртіп қалсаң атам молда болған дейді.
Халқымыз әу бастан мұсылман. Жастарымыздың көбі дінге бет бұруда. Қуантарлық жайт.