Менің досым жақында намаз оқитын болды. Бірақ, оның теріс ағымға кетіп қалуынан қорқамын, не істеген дұрыс?
Жауап: Адам дінге қатысты біршама сауатын ашқан уақытқа дейін дінді жақсы білетін әрі дұрыс түсіндіретін адамнан дәріс алуы керек. Мысалы, имамнан немесе мешіттегі ұстаздан. Бүгінде көптеген мешіттерде арнайы діни білімі бар ұстаздар немесе наиб имамдар қызмет атқарады. Ауылдық жерде имамнан дәріс алса, аудан орталықтары мен қалаларда арнайы мешіт ұстаздардан үйренуге болады.
Досың оқу мақсатында сатып алған діни әдебиеттері бар болса, оларды сол имамға немесе мешіт, медресе ұстаздарына көрсетіп алғаны жөн. Өйткені дінді дұрыс білмеген адам қайсы әдебиеттің дұрыс, ал қайсысы бұрыс екенін ажырата алмайды. Алғашқы оқыған уақытта олардың барлығы да дұрыс болып көрінуі мүмкін. Мәселенің барлығы әдебиетті дұрыс таңдай білуден және дінді қате түсіндіруен басталады.
Әуеліде Құдайға, ақыретке иман келтіру, кейін жақсылық жасау, ізгі амал қылу сияқты құндылықтармен басталып, соңы «біз» және «басқалар», «мұсылман» және «кәпірмен» аяқталуы мұмкін. Дінді жаңа бастаған адам барлық мәліметті ақ мақта сияқты сіңіріп алады. Кейін алған біліміне сәйкес амал етіп, өмір сүруге тырысады. Сондықтан да діни ұстазды дұрыс таңдай білу немесе дұрыс діни сауат ашу ісі өте маңызды.
Сол сияқты дүрыс діни мәлімет немесе ақпарат алу үшін де арнайы республикалық, облыстық және қалалық мешіттердің барлығының электронды діни сайттары бар. Мысалы «kazislam.kz» ақпараттық-танымдық порталы, ҚМДБ-ның «muftyat.kz» және «fatua.kz», «Әзірет Сұлтан» мешітіне қарасты «muslim.kz» сияқты т.б. көптеген діни сайттар бар.
Осындай электронды сайттарда имамдар мен дін мамандарының дінге қатысты көптеген материалдарымен де танысуға мүмкіндік бар.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ