«Дін мен дәстүр егіз» дегенді кішкентайымнан құлағыма құйып өстім. Өнегелі тәрбиесімен үлгі бола білген, ақиқатты ашып көрсеткен ата-анамның ғибраты уақыт өткен сайын тек жаңғырып келеді. Бүгінгі таңда дінді дәстүрсіз, дәстүрді дінсіз көзге елестету мүмкін емес, себебі, күнделікті ісіміз, әрбір тіршілігіміз Ислам дінімен астасып жатыр. Қоғамның да, діни басқарманың да осы мәселеге көңіл бұрып жатқаны, дін мен дәстүрдің сабақтастығын жаңғырту, қалпына келтіру бойынша қыруар жұмыс атқарылып жатқаны – құптарлық жайт. Бір тәуірі, бұл бағытта көптеген туындылар жарық көріп, басқа да шаралар жүргізіліп жатыр.
Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарады. Халқымыз – дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген. Дәстүрдің түрі көп. Соның ішінде, «Сөздің көркі – мақал» дегендей, дін мен әдет-ғұрыптардың сабақтастығы халық ауыз әдебиеті – мақал-мәтелдерде де жақсы көрініс тапқан.
Мақал-мәтелдер барлық өмір құбылыстарын қамтитын болғандықтан, олардың тақырыптары да сан алуан. Дін мен дәстүрдің тығыз байланысын көрсететін мақал-мәтелдер өте көп:
1. Ұлық Пайғамбарымыздың «Сөзінде тұрмау мұнафықтықтың (екі жүзділіктің) белгісі»деген хадисінің мазмұнымен сабақтас «Уәде – Құдай аты», «Ынтымақ – ырыс қазығы, уәде – жанның азығы», «Мақал – сөздің атасы, уәде – ердің опасы»;
2. Ар-ұят, иман, көркем мінез турасында «Ұяттылық – бастан-аяқ (толығымен) жақсылық», «Мүминдердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны» деген хадистерге қатысты – «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ары таза нар жүгін көтереді», «Өлімнен ұят күшті», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», «Жақсы ниет – жарым ырыс», «Ұрлық түбі – қорлық», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Ұлық болсаң кішік бол»;
3. Ата-ана, туыстық қатынастар туралы «Ата-анаға жақсылық жасау, намаз оқудан, ораза ұстаудан, қажылыққа бару¬дан, ұмра жасаудан, тіпті Алла жолында соғысып шейіт болудан да артық», «Туысқанымен қатынасын үзген адам жәннатқа кірмейді»деген хадистерге қатысты – «Анаңа ауыр сөз айтпа, атаңа ауыр жүк артпа!», «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың»;
4. Қонақ күтуге байланысты «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін» деген хадиске ұқсас – «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Құтты қонаққа – тәтті тамақ», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады»;
5. Сабырлық турасында «Аллаһ тағала сабыр еткен адамды жақсы көреді» деген хадиске байланысты – «Сабыр түбі – сары алтын», «Асықпаған арбамен қоянға жетеді», «Сабыр – ақылдың серігі», «Сабыр қылсаң жетерсің, Құдайдың болса берері»;
6. Оқу-білімге қатысты «Ілім алу үшін үйінен шыққан адам, үйіне қайтып оралғанша Аллаһ жолында болады»деген хадистің мағынасын ашатын – «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл»,«Өнер – ағып жатқан бұлақ, білім – жанып тұрған шырақ», «Білім басы – бейнет, соңы – зейнет», «Ұстаздан шәкірт озар», тағы басқа мақал-мәтелдер баршылық.
Қорыта айтқанда, келтірілген мысал-дәйектерден халқымыздың ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі болып табылады.
С.Ш.Тоғым
ҚР МСМ ДҒЗТО ғылыми қызметкері