Сұрақ: Діндегі салт-дәстүрдің орны қандай?
Жауап: Қазақ жері сан ғасырлық бай тарихқа ие. Өркениетті ел ретінде бүгінгі қазақ, кешегі түркі жұрты өзінің дінге қатысты таңдауын жасаған. Дәстүрлі Ислам ұлтымыздың жан-дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен.
Дін мен салт-дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара сабақтасып, ажырамастай болып тамырласып кеткен. Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мәзһабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде Ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мәзһабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Осы мәзһабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері Ислам қағидаларымен үйлесіп келеді. Дәстүрлі дініміз бен салт-дәстүрімізге берік болайық.
Икрам АЙТАЕВ