Кәсіпкерлік мәселесі ғылымның әлеуметтану, психология, экономика, мәдениет және дін секілді білім салаларымен тығыз байланысты. Бірақ біздер кәсіпкерлікті бір ғана экономика саласымен байланыстырып жатамыз. Басқа салалармен тығыз байланысын көп зерттемегенбіз.
Кейбір мамандардың пікірінше, кәсіпкерлік жай ғана идея болып қалмауы керек. Ол өмір сүру тәсілі. Кейбір жалынды, өршіл, белсенді, мақсатты азаматтар ғана орындай алатын шаруа. Себебі кәсіппен айналысу үлкен жігер мен білімді, сабырды талап етеді. Кәсіпкерлік қай елдің, қай қоғамның болмасын бүгінгі экономиканың ең маңызды тірегі.
Шындығында кәсіпкерлік қоғамның, мәдениеттің және діннің жемісі екендігі назардан тыс қалып жатады. Бұл салалардың барлығы кәсіпкерлікке қалай қарайтынын және оған қаншалықты әсер ететіні маңызды. Осылардың ішіндегі бірегейі – дін. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, дәстүрлі ислам және христиан діндері кәсіпкерлікпен айналысуға ынталандырса, ал кейбір жалған діндер кәсіпкерлікпен айналысуға кедергі келтіреді.
Тілге тиек етіп отырған дін және кәсіпкерлік арасында күрделі байланыс бар. Дін – Құдайға сенушілердің кәсіпкерлік қызметіне, оның шешімдеріне, әділ басқаруына және қоластындағы қызметшілермен қарым-қатынас жасайтын ортаға әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда кәсіпкер кісінің өміріне діннің әсері өте зор. Себебі ешкімнің ақысын жеместен, ешкімнің көңіліне келместен орта жолды ұстана отырып, жасап отырған кәсібін әділ, таза алып жүру туралық пен тақуалықты талап етеді. Осылай жинақтала келе діндегі кәсіпкердің этикасы қалыптасады. Мінекей, кәсіп ашуда, халықты еңбекке баулып, табыс табуда, әсіресе еңбек этикасы мен адалдық секілді қасиеттерге әсер ету арқылы діннің қаншалықты тиімді екенін аңғарасыз.
Дін адамдарға кәсіп жасағанда адалдық пен тазалық шартын бірінші кезекке қояды және сол бағытқа бағыттайды.
Адалдық, тазалық демекші кез келген кәсіпкер елдің заңдары мен ережелеріне бағынуы тиіс. Бағынбаған жағдайда елдің заңдарымен тиісті жазасын алатын болады. Мысалы өткен жылы Ақтөбе облысында фастфуд әзірлейтін асхана иесі кәмелет жасқа толмаған екі жеткіншекті жұмысқа жеккен. Кәсіпкер не білімі, не біліктілігі жоқ балаларды аспасшы етіп жалдаған. Бұндай сорақылықты полиция қызметкерлері анықтап, тергеу кезінде кәсіпкер азаматтың деструктивті діни ағым өкілі екендігін анықтаған, деп жазады taunews.kz порталы.
Осы жерде айта кететін тағы бір жәйт, кез келген қала орталықтарында фастфуд немесе дөнер дайындайтын дүңгіршектер көптеп ашылуда. Бұл да қоғамның сұрасыны шығар. Оның үстіне таза әрі адал асқа ешнәрсе жетпейді. Дегенмен кейбір дүңгіршектерде дөнер дайындап тұрған қалай болса солай сақал қойған діни ағым өкілдерін кездестіруге болады. Олардың тазалық сақтамай, қалай болса солай тағам дайындап жатқандарына куә боласың. Тіпті дайындап жатқан дөнерін алып жемеп түгілі, бір қарағаннан таза емес екенін аңғару қиын емес. Қойған сақалына тағатын айыбымыз жоқ, өз еркіндегі дүние. Бірақ тазалық мақсатында қолғап, медициналық бетперде киіп жасаса тазалық болар еді. Тазалық болмаған жерде астың да адал болмағанын білеміз. Ең бастысы қандай кәсіпкер болса да ас, сусын сататын кәсіпкерлер санитариялық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Тағы да бір мысал. Елімізде діни әдебиеттерді сатудың да өзіндік ережесі бар. Олай болмаған жағдайда діни мазмұндағы материалдарды кез келген жерде сатса және таратса заң бойынша жаза бар. Өткен қыркүйек айында Атырау қаласында 37 жастағы келіншек заңсыз діни әдебиеттерді саудалаған. Бұндай фактыны облыстық Дін істері басқармасы әшкерелеген. Кәсіпкер жергілікті өкілетті органнан рұқсат алмаған және діни әдебиеттер Дінтану сараптамасынан өтпеген.
Жалпы діни әдебиеттерді таратуға арналған стационарлық орындардың қызметін бақылау және ол жерде тек дінтану сараптамасынан өткен әдебиеттердің сатылуын жергілікті атқару органдары бақылауда ұстайды. Діни мазмұндағы заттар мен әдебиеттер жергілікті атқарушы органдары тарапынан арнайы белгіленген тұрақты үй-жайларда ғана таратуға жол беріледі.
Әрине, кім болса ол болсын кәсіпкер болып, сауда жасаймын, нәпақамды табамын деген азамат елдің заңдары мен ережелеріне бағынуы тиіс.
Адамзаттың асылы болған Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына адал сауда-саттық жасауды үнемі өсиет еткен. Бір хадисте «Әділ және сенімді саудагерлер – пайғамбарлар, адал адамдар және шәйіттермен бірге» деп адал кәсіптің сауабы мол екені айтылады.
Ислам дінінің бесінші шарты зекет беру. Яғни зекетті кәсіппен айналысқан, дүние-мүлкі бар байларға парыз етілген. Тіпті заманында қолында дүниесі бар байлар зекет беруде жарысқан. Осыған сәйкес, мұсылманның кәсіппен айналысудағы басты мақсаты – зекет беру.
Ислам діні ұстанушыларын «Мен бай емеспін, зекет беруім шарт емес» деп жатып алмай, керісінше кәсіп ашып, жұмыс істеп, қаражат тауып, «зекет беретін дәрежеге жетуім керек» деген үлкен мақсат қоюға шақырады.
Бұл деген сөз, өзіме ғана жеткілікті табыс тапсам болды, басқасында жұмысым жоқ, деп емес, керісінше кәсіппен айналысу арқылы табыстың өнімділігін арттыруды ойлап, басқаларға да жәрдем беру керектігін еске салады. Демек, Исламның кәсіпкерлікке баулудағы мақсаты тек өзін ғана емес, басқаларға пайдалы болу керектігін үйретеді. Мысал келтіретін болсақ, көптеген мұсылман елдеріндегі, тіпті тәуелсіз Қазақстандағы барлық мешіттер мен медреселер және Құран курстары, діни қызметтер мемлекет қаражатымен емес, керісінше кәсіпкерлердің қолдауымен салынды. Осының өзі-ақ мәселенің маңыздылығын ашып беруде.
Әрине, кәсіппен айналысқаннан кейін оның этикасы, адамдармен қарым қатынасы, мораль және құндылық пайымдаулары бәрінен жоғары тұруы тиіс. Жұмыс беруші мен оны орындаушы арасындағы жазбаша келісімшарт, оны орындау, қиянат жасамау, келісім мәселелерін қағазға түсіру, куәгерлер болу, адалдық, алдап арбаудан аулақ болу секілді құндылықтар басты қағида, кәсіпкердің маңызды этикасынан. Бұлар Исламның да басты талабы.
Сонымен қатар кәсіпкер кісінің бойында шүкіршілік, сабырлық, еңбекқорлық, ұжымшылдық, табандылық секілді көптеген әдепті бойға сіңіре отырып, Алланың аяттары мен пайғамбар сүннеттерінен нәр алып отырса құба-құп.
Кәсіпкерлікпен айналысатын кейбір азаматтар кейде жұмысшылардың айлық жалақысын бермей, мың түрлі сылтау айтып қашып жүретіндерді де кездестіріп жатамыз. Әрине бұл заңға да, діни ұстанымға да қайшы. Мұндай әрекеттерден де сақ болуымыз керек-ақ.
Жалпылай алғанда, Ислам діні кәсіпкерлік салада өзгелермен ынтымақтаса отырып, бәсекеге қабілетті болу керектігін насихаттайды. Дегенмен, кез-келген нәрседе шектен шығуға болмайтынын да ескеру керек. Кәсіппен айналысу Адам атадан бері жалғасын тауып келе жатқан дүние болғандықтан, оны абыроймен атқару да пайғамбарлармен ізгі жандардың жолы екенін естен шығармау керек.
Елімізде қаншама кәсіпкерлер өз кәсібін дөңгелетіп отырғандарына куәміз. Демек адал кәсіп жасауға елімізде ешқандай кедергі жоқ.
Абдулхамидов Сайдмухаммад,
Дін істері басқармасы
дін мәселелері бойынша ақпараттық талдау орталығы
Оңалту бөлімінің маманы