Бүгін ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы, РАНТ мүшесі, филология ғылымдарының PhD докторы Батыржан Берденұлы Жаңаөзен қаласындағы «Әбіш-Қожа» мешітінде жамағатпен кездесіп, «Орта жолды ұстану» тақырыбында насихат айтты.
– Діннің шеңберін білмей тым қатты ұстанам деп жүріп тура жолдан адасқан кей бауырларымыз түбінде өз қателігін түсініп дәстүрлі дінімізге, яғни қалыпты исламға бет бұруда, – деді ол.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Әй, үмбетім. Орта жолды ұстаныңдар. Дінді тым ауыр етпеңдер әрі тым жеңілдетпеңдер. Шектен, шеттен шықсаңдар, діннен шығып кетесіңдер».
Кей азаматтар дінді өздеріне тым ауырлатып тастаған. Тіпті жұрттың барлығы өздері секілді, дінді ауыр етіп ұстануы керек деп санайды. Асылында, дінді қатты ұстап, фанаттыққа жол алу – білімсіздіктің кесірі.
Дәл осы білімсіздіктің салдарынан кезінде халифа Осман (р.а.) сахабаның тұсында да бүгінгі күніміздегідей дінді қатты ұстанғандар фанаттыққа салынып ақырында ағымға айналып шыға келді. Оларды тарихта «харижиттер» дейді.
Төртінші халифа Әлидің (р.а.) кезінде тіпті күшейіп, олардың саны 12 мыңға жетті. Осы тұста мына бір детальді айта кету керек. 12 мың адам патшаны кәпірге шығарып, оған бағынудан бас тартқан соң хазіреті Әли оларға ғалымдар арқылы әсер етуді ойлап, сахаба Абдуллаһ ибн Аббасты насихатқа жібереді. Ибн Аббастың түсіндіруінен кейін 8 мың адам өз ойларынан бас тартып, тәубеге келеді де, өзгесі алған беттерінен қайтпай қояды. Онымен қоймай, өздеріне мойынсұнбағаны үшін сахаба Абдуллаһ ибн Хабаб ибн Аррат пен оның ай-күні жетіп отырған әйелін қинап өлтіреді.
Осы оқиғадан кейін хазіреті Әли (р.а.) шектен шығушыларға қарсы күш қолдануға мәжбүр болады.
Исламтанушылар осы оқиғаны мысал ете отырып, мынадай тұжырымдар шығарады.
Біріншіден, ол заманда да, бұл заманда да шектен шығушылар білімсіздерден құралған. Екіншіден, олармен күресудің ең бірінші һәм тиімді жолы – білімді адамдар арқылы дұрыс жолға шақыру. Үшіншіден, білім жеткеннен кейін де мемлекетке қарсы әрекет еткендерді заңды жолмен жауапкершілікке тарту керектігін алға тартады.
Ислам дінін қатыгез көрсетіп, дін ұстанғандарды фанатизмге тәрбиелеп жүргендердің бір ғана мақсаты – халықты тілі мен тарихынан, діні мен дәстүрінен алшақтату. Тілі мен тарихынан, діні мен дәстүрінен айырылған мемлекеттің өзінен-өзі жоғалары айтпаса да түсінікті.
«Біз Құран және суннамен ғана жүреміз» дейтін жат ағымдағылар, сайып келгенде, сүннеттің негізгі жолдарын да білмейді. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен кезде, ең алдымен мемлекеттің шекарасын сызып, сол жерде әскери база қалыптастырып, әкімшілік жүйе құрған.
Әріптестік байланыс орнату мақсатында, көршілес елдерге дипломатиялық хаттар жолдаған. Шет елдерге елші жіберген. Шет мемлекет өкілдерін де әдемі киініп, өзі қабылдаған. Сондықтан әуелі бірдеңе айтудан бұрын, тарихты жақсылап оқуымыз керек.
Екіншіден, мемлекет тұтастығын ұстап тұратын дүние – оның заңы. Әрине, заңның барлығы түп-төркінін шариғаттан алғанымен, қоғамдық сана, өмір сүру тұрмысы өзгерді.
Айталық, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінде бағдаршамнан бастап, пойыз, ұшақ, автокөлік болған жоқ. Бүгінгідей іргелес жатқан мемлекет саны да көп емес еді. Демек, осындай тіршілікті сақтап тұру үшін мемлекет заң шығаруға мәжбүр. «Оқытушы қандай қызмет атқаруы керек? Дәрігердің, мемлекеттік қызметкердің негізгі ролі неде?» деген мәселелерді заң жүзінде реттемейінше, мемлекет толыққанды жұмыс істей алмайды.
Кездесу соңында РАНТ мүшесі Батыржан Мансұров жамағаттың көкейінде жүрген әртүрлі сұрақтарына нақты жауап беріп, алдағы уақытта дәстүрлі ислам түсінігін әрі қарай нығайту керек екенін айтып өтті.