Сұрақ: Дінде асты үлкеннен кейін бастау дәстүрі бар ма?
Жауап: Дін тұнып тұрған тәрбие мен әдеп нормалары. Үлкенге құрмет көрсетпеу, оған дөрекілік таныту исламның этикасына қайшы. Себебі үлкенді құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі. Пайғамбар (с.ғ.с.) үлкенді құрметтеуге қатысты бір хадисінде: «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны ізет тұту – Алланы ұлықтаудың бір түрі», – деген (Әбу Дәуіт). Енді бір хадисінде: «Кішілерімізге мейрімділік танытпаған және үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден (мұсылман үмбетінен) емес» деп айтқан (Әбу Дәуіт, Термези).
Исламның ғасырлар бойына ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тарихынан орын алып, олардың дәстүрлерімен сабақтасып бірге бой көтеруінің басты себептерінің бірі – исламдағы адамгершілік құндылықтардың асылдығы.
Діндегі «үлкенге құрмет» деген санатқа тек қария емес, ата-ана, ұстаз, жасы өзінен үлкен болған әрбір азамат жатады. Бұларға көрсетілуі тиіс құрметтің орны мен мезгілі шектелмейді. Мұсылман адам өмір бойына «құрмет» әдептілік қағидасын орындап өтуі тиіс. Мысалы, Хузайфа атты сахаба: «Алланың елшісімен бірге тамақтанғанда, ол кісі бастамай асқа қол созбайтын едік», – деген.
Жалғас САНДЫБАЕВ