Сұрақ: Дінде анаға ерекше құрмет көрсетудің мәні неде?
Жауап: Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Уа, Алланың елшісі! Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрағанда, Ол «Анаңа», – деді. Ол кісі екінші және үшінші рет қайталап сұрағанда да «анаңа» деп жауап береді. Содан кейін төртінші рет сұрағанда «әкеңе, содан кейін жақындығына қарай басқа туысқандарыңа» (Әбу Дауд, Әдәб 129, (5141) деп жауап береді.
Өмірде жақсылық жасауға ең лайықты жанның ана екендігін хадисте бір емес, үш рет қайталанғанынан байқау қиын емес. Хадистің мәнін түсіндіруден бұрын дінімізде әкенің орны да ерекше екендігіне тоқтала кеткен жөн. Қасиетті Құранның: «Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып) «Туһ!» деп те кеюші болма, оларға зекіп сөйлеме! Керісінше, оларға жағымды жылы сөз айт!» («Исра» сүресі, 23-аят) деген аятында және осы мағынадағы «Анкабут» сүресі, 8-аяты, «Ахқаф» сүресі, 15-аятынан да әр екеуіне қабақ шытпай, жақсылық жасау керектігі білдірілген.
Дана халқымыз, «Әке – асқар тау» деген ұлағатты сөзінің негізі шариғатпен үндесіп жатқанын мына бір мәселеден көруге болады. Ислам шариғатында, құда түсіп келген қыздың уәлилік (күйеу жігітті таңдау) құқығы тек әкесіне, әкесі болмаған жағдайда мұрагерліктегі лайықты болған ер адамдар тәртібіне қарай уәлилік етеді. Ешқандай ер кіндікті болмаса, онда анасы уәлилік ете алады (Молла Әли Қари, Фәтху бәбил ғиная фи шархи китәбин-ниқая, 2-том, 371 б.). Яғни, шариғатта келелі мәселелерде шешім қабылдау негізінен сезімталдыққа берілмей, кең ойлау қабілетіне ие ер адамдарға жүктелген. Әйел адам тәбиғатында сезімталдық және т.б. қасиеттері басым болғандықтан, қоғамдағы күрделі мәселелерге шешім шығару құқығы берілмеген. Осы мысалда көргеніміздей ұл мен қыздың өмірде дұрыс бағыт-бағдар тауып, бақытты болуы жолында әкенің атқаратын істері анаға қарағанда салмақты деуге болады. Бұл дінімізде әкенің орны да ерекше екендігін көрсетеді.
Ал, аталмыш хадистің мәнін Құрандағы: «Біз адам баласына ата-анасына жақсылық жасауды бұйырдық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады…» («Лұқман» сүресі, 14-аят) деген сынды аяттар негізінде түсінген жөн демекпіз. Аятта ананың баласын тоғыз ай бойы құрсағында көтеріп, кішкентай кезінде түн ұйқысын төрт бөлген қиын сәттердегі еңбегі сөз етіледі. Яғни, өткенімізге ой жүгіртетін болсақ, ойымызға 3-4 жастан кейінгі өміріміз бір-бірден еске түсе бастайды. Сол сәттерімізді еске алу барысында әке-шешеміздің еркелеткені, ойнатқаны және т.б. бақытты шақтарымыз ойымызға оралады. Екеуіне де шамамыз жеткенше шүкірімізді жаудырып жатамыз. Ал, сол 3-4 жасқа дейінгі кезіміз біздің есімізде жоқ, ол біздің ең әлсіз әрі көз жазбай қарауға мұқтаж шағымыз. Міне, осы кезімізде бізді құшағынан тастамай баққан бір-ақ адам бар, ол да – анамыз. Сондықтан, хадисте «Ана» есімі неге көп қайталанды деген сұраққа «Лұқман» сүресінің 14-аяты жауап болса керек.