Сұрақ: Діндарлық қандай болады?
Жауап: Алла пайғамбар Мұхаммедті (с.ғ.с.) күллі адамдарға мінез-құлқы және істерімен, бүкіл өмірімен үлгі етіп жіберді. Оны мұсылманшылық жолдың кемел бейнесіне және адамзат тарихындағы мәңгілік тірі тұлғаға айналдырды. Демке шынайы діндарлықтың үлгісін де сол кісінің бойынан көреміз. Төмендегі риуаят діндар адамның дөрекі сөзді, қопал мінезді болмау керектігін айтқандай.
Әнас ибн Малик (р.а.) мынадай риуаятты келтіреді:
«Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге кетіп бара жатқан едік. Оның (с.ғ.с.) үстінде қалың нажрандық шапаны бар еді. Сол кезде оның қасына бір даланың арабы жетіп келіп, пайғамбардың (с.ғ.с.) жағасынан қатты ұстап тартты. Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) мойнына қарағанымда, әлгі бәдәуидің жағаны күшпен тартқаны сонша пайғамбардың мойында қып-қызыл із қалыпты».
Мүслимнің басқа риуаятында: бәдәуидің әрекетіне қатысты: «Кейін өзіне қарай қатты бір тартты. Пайғамбар (с.ғ.с.) бәдәуидің тұмсығына жақын қалды».
Мүслимнің келесі риуаятында: «Пайғамбарды (с.ғ.с.) өзіне қарай тартқаны соншалықты, тіпті киімі жартылып кетті де, пайғамбардың (с.ғ.с.) мойнында (қып-қызыл) із қалды. Кейін даланың арабы: «Ей, Мұхаммед! Алланың сендегі мал-мүлкінен маған да беруін әмір ет!» – деді. Алланың елшісі (с.ғ.с.) оған ақырын бұрылып күлді. Кейін оған бір сыйлық беруді бұйырды» (Мүслим).
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірінен алынған бұл көрініс әрбір діндар адам үшін жеделхат десек артық болмас.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ