Сұрақ: Діндар адамның дүние ісіне көңіл бөлуі дұрыс па?
Жауап: Ислам – әмбебап дін. Ол тек адамның ақыретін ғана қамтымайды. Керісінше, дін оның осы дүниедегі амалын, басқалармен жасаған қарым-қатынасын, оның отбасындағы, қоғамдағы жүріс-тұрысын реттейді.
Дүниесіз ақыреттік азық жоқ. Құдай Тағала пендесін ақыретіне азық жинасын, ізгі амал жасап, сауапқа бөленсін деп әмір қылған. Алла барлық нәрсені жұп етіп жаратқан: ер мен әйел, ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, ыстық пен суық, ұзын мен қысқа, жуан мен жеңішке, жұмсақ пен қатты, ащы мен дәмді және т.б. Демек, дүние ақырет үшін жұп болып саналады, басқаша айтқанда дүниесіз ақырет жоқ.
Дүние мен ақырет бір-бірін толықтырады. Құстың екі қанатымен ұшқаны сияқты мұсылман да дүние мен ақыретті тең ұстайды. «Діндар адам дүние ісіне көңіл бөлмеуі тиіс» деген пікір қате. Ислам мұны мақұл санамайды. Себебі мұсылманның отбасы, бала-шағасы бар. Оларды дүниелік кәсібімен, өнерімен дін талаптарына сәйкес адал жолмен асырайды.
Ал енді «Мұсылман дүниеге, яғни мал-мүлкке құнықпауы керек» деп айту, басқа мәселе. Ислам мұсылманның тақуадар, қанағатшыл, ынсапты және дүниеқұмар болмауға үндейді. Дегенмен, жауапты аша түсу үшін төмендегі хадиске назар салайық:
Бір күні, пайғамбар (с.ғ.с.) «Үмбетімнің данасы» деп сипаттаған сахаба Әбу Дәрда Шам елінде көшет отырғызып жатқан болатын. Оның жанынан өтіп бара жатқан бір кісі ағаш егуін – дүниеге құмарлық, дүние тіршілігіне деген махаббаттан туындаған әрекет деп ойлап, бұны оғаш көрді. Оның істеп жатқан ісін сынап:
– Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабасы бола тұра осындай нәрсемен әлек болып жатсың ба? – деді.
Әбу Дәрда ол кісіге күлімсіреп қарап:
– Мен жайлы бірден үкім беруге асықпа! Себебі, мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Кімде-кім бір ағаш ексе, сосын ол ағаштан адам немесе қандай да бір тіршілік иесі оның жемісін жесе, еккен адам үшін садақа саналмақ», – дегенін естідім», – деп жауап береді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ